Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі елорда тұрғындары мен қонақтарына симфониялық кеш сыйлады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Музыка кешінде оркестрмен бірге скрипкашы Кацумура Маюко, гобойшы Миямура Кадзухиро, кабуки музыкасының шебері Мотидзуки Тасаитиро және виртуоз кернейші Цудзимото Мицукуни сынды әйгілі жапондық музыканттар өнер көрсетті.
Кеш алдында жапон мәдениетінің бай мұрасымен тереңірек танысуға мүмкіндік беретін қазақ және жапон музыкасы бойынша және оригами өнері бойынша шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Халықаралық конкурстардың лауреаты Кацумура Маюко Еуропаның жетекші оркестрлерімен өнер көрсетіп, тыңдармандардың жүрегін жаулаған танымал скрипкашы. Ол «Музыка елшісі» сынды көптеген қайырымдылық жобаларына белсенді қатысады. 2022 жылы «Жапония-Армения 2022» концертінде, 2023 жылы «ALEMSAZ» халықаралық музыка фестивалінде өнер көрсеткен.
Ал Миямура Кадзухиро Кобэ қаласынан шыққан гобойшы, Токио өнер университетін тәмамдаған. Токио симфониялық оркестрі мен Кобе ансамблі секілді танымал оркестрлермен өнер көрсеткен. Маэстро Жапония мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасуға атсалысып, жапон музыкалық дәстүрінің сұлулығын бүкіл әлемге паш етіп келеді.
Мотидзуки Тасаитиро – Ұлттық театрдың оқу бөлімін тәмамдаған дәстүрлі кабуки музыкасының шебері. Жапонияда және шетелде белсенді өнер көрсетіп, кабуки дәстүрлерін сақтап, дамытумен айналысады.
Цудзимото Мицукуни – «Сюнъюкай» оркестрінің жетекші кернейшісі, Махлер мен Чайковскийдің симфонияларының орындаушысы. Мицукуни жас музыканттармен тәжірибе алмасып, үрмелі музыка өнерінің маңыздылығын насихаттайды.
Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров дирижерлік етті.