• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Қараша, 2024

Өмірлік кредосы – адалдық

139 рет
көрсетілді

Қызылжарлық Зейнолла Әкім­жа­новтың есімін әдебиетсүйер қауым жақсы біледі. Саналы ғұ­мырында облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде бөлім мең­герушісі болып істеді. Облыс жұрт­шылығына етене таныс болды, газеттің әрбір нөмірі сайын оның әртүрлі тақырыпқа шығарған өлең­дері, лирикалық тол­ғаулары, әдебиет, мәдениетке байланысты сыни мақалалары, кейде тіл, әде­биет­тің өткір мәселелері сияқты өзекті проблемаларды көтер­ген жазбалары жарияланып жататын. Ол «Сегіз сері», «Кенесары», «Анам­ның арашасы», қара сөзбен «Шебер» поэмасын жазды.

Зейнолланы жақсы білетіндер «аяғымен жүретін энциклопедия» дейтін. Облыс, рес­публика тарихы, спорт, саясат, мәдениетке қатысты білмейтіні жоқ еді. Ең бастысы, әдебиет теориясына, ақын-жазушының стиль ерекшелігін анықтауға, сын тарихына барынша жүйрік-тін. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің филология факультетін 1973 жылы үздік бітірген оны ұстазы, академик Зейнолла Қабдолов Ғылым академиясының әдебиет және өнер институтына қызметке орналастырған екен. Диплом жұмысы кандидаттық диссертацияға лайық деп бағаланыпты. Алайда Зейнолланың өзі жұрттың қолы жете бермейтін жұмыстан бас тартып, «кәрі шешемді жалғыз тас­тамаймын» деп туған жеріне оралады. Ал қазағы аз, әдебиетке құштар жандар жоққа тән ортада газеттің қара жұмысына жегіледі. Оқта-текте ғана республикалық басылымдарда әдебиет мәселелеріне арналған бірер мақаласы жарық көретін. Егер Алматыда қалса, сөзсіз филология ғылымдарының белгілі ғалымы әрі танымал ақын болар еді.

Нөмір сайын облыстық газеттің бір бұрышын оның жазғандары көтеріп тұратын. Ол орыс тіліне де жетік еді. Алек­­сандр Блок, Сергей Есенин, Марина Цветаева, Николай Гумилев, Иван Шухов өлеңдерін қазақшалады.

Әдебиет пен өнер ортасынан алыс жатқан мұндағы провинциялық ақын-жазушының бәрі туындыларын облыстық газетке жариялағанына мәз болатын. Олардың барлық жазбасы Зейнолла Әкімжановтың қолынан өтті. Талай жас ақындар мен жазушылар Зейнолладан беті қайтып, қолына қалам алмай кетті. Қалай десек те, оның ниеті адал еді. Ол әдебиеттің тазалығын қорғауды өзінің өмірлік кредосы етіп алды. Сондықтан ешкімнің көңіліне қараған жоқ.

Марқұм көзінің тірісінде «Жерұйық», «Мизамшуақ» атты екі жинағын ғана шығарып үлгерді. Осындағы, 1993 жылы шыққан жұқа ғана «Жерұйықтың» арқа­сында ол Жазушылар одағының мүше­лігіне өтті. Ал «Мизамшуақ» араға 9 жыл салып жарық көрді.

Зекеңнен «таяқ жеген» жас ақындардың бірі Самрат Құскен еді. Алайда ол жерлес ағасының сынын ұстаздық ұлағат деп қабылдапты. Сон­дықтан да Зейнолла Әкімжанов өмірден өткен соң, оның артында қалған мұрасын жарыққа шығаруға осы азаматымыз белсене кірісті. Алдымен қолжетімді «Фейс­букке» ақынның жария­ланған және жарияланбаған өлеңдерін үзбей басып тұрды. Артынан белгілі журналист Сайын Есмағи мен Жазушылар одағының солтүстік облыстардағы кураторы Дәулеткерей Кәпұлының қолдауымен «Оттай ыстық Отынағаш» деген жинағын құрастырып, оқырманға тарту етті. Ал биыл Самрат Алматының «Үш қиян» бас­пасынан Зекеңнің төртінші кітабы «Замана шамшырағы» атты жинағын құрастырып шығарды. Екі кітаптың да демеушісі – белгілі кәсіпкер Біржан Шәймерденов. Жуырда осы жинақтың тұсаукесері болып, оған Қызылжардың әдебиетсүйер зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен студенттер тегіс жиналды. Кешті белгілі әнші, мәдениет пен өнердің жанашыры Дәстен Баймұқанов жүргізіп отырды. Шығып сөйлегендердің бәрі Самрат Құскеннің еңбегін жоғары бағалап, алғыс айтты. Біз жоғарыда келтірген фактілердің бәрі осы жиында ортаға салынды. Сөйтіп, Қызылжар тұрғындары тағы бір рет әдебиет әлеміне енгендей болды.