• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Қараша, 2024

Нөсерлеп төккен жыр-ғұмыр

195 рет
көрсетілді

Тобыл өңірінде көрнекті ақын, журналист, ­аудармашы Ғаббас Жұмабайұлының 100 жылдығы аталып өтті. Қаламгердің кіндік қаны тамған Меңдіқара ауданында басталған мерейтой Қостанайда жалғасын тауып, облыстық «Қостанай таңы» газетінің ғимаратында майдангер қаламгерге арналған мемориалдық тақта ашылды.

Мерейтойдың алғашқы күні Меңдіқара ауда­ны­ның орта­лы­ғы Боровской ауылындағы Ғаббас Жұма­байұлы атындағы мектеп-гим­­назияда көпқырлы дарын иесі­нің өмірі мен шығар­ма­шылығын арқау еткен еске алу кеші өтті. Кеш барысында мектеп оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқып, қаламгердің поэзиясын, аудармаларын, көсемсөздерін зерттеп-наси­хат­тауға бағытталған ғылы­ми жобаларын қорғады. Айту­лы іс-шараға Алматы, Астана қалаларынан арнайы келіп қар­жылай демеу көрсеткен ақынның ұрпақтары, өңір зиялылары қа­ты­с­ып, қаламгер туралы қызықты есте­ліктер айтты. Кеш қонақтары мек­теп жанындағы Ғаббас Жұма­байұлы мұражайын аралап, ақын­ның өз қолымен сал­ған ана­сының пор­третін, табиғат сурет­терін, көзі тірі­сінде тұтынған бұйым­дарын, жинаған қа­лам­­­сап­тарын тамашалады. Одан кейін мек­­теп алдындағы ақын мүсініне гүл қойып, аудандық мешітте рухына дұға бағыштады.

Сұрапыл соғыстан оралған соң, ауыл мектебінде екі жылдай мұғалім болып, бала оқытқан ақын 1947–1955 жылдар аралығында бұ­рын­ғы «Больше­виктік жол», қазіргі «Қостанай таңы» газетінде Сыр­бай Мәуленовпен қатар қыз­мет етеді. Бұл кезеңнің куәсі – бала Ғаб­ба­с­пен бірге өскен ауылдас інісі, бүгінде 96 жастағы Өтеген Қо­шанов ақсақал.

«Менің апамды Ғаббастың ағасы алған. Екеуміз бір үйде өстік. Ғабаң соғыстан оралған соң, 1947 жылы осы облыстық газетке қызметке кірді. 9-сыныпта оқып жүрген кезім. Қостанайға іздеп келгенім бар, сонда жататын орын жоқ, төрт-бес орындықты қатар қойып осы редакцияға қондық. Қай жерде жалқау басқарма бар, қай жерде дұрыс егін егілмейді, соның бәрін жазып, облыстың эко­но­мисіне тапсырма берген адам. Мал бақпағандар мал бағу керек, қолымызда қыруар мал бар, олай болса, сүт пен ет қайда деп мақала жазған кісі», дейді көне­көз қария.

Қаламгер 1959 жылы Алматы қала­сына біржола орнығып, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұл­дыз» журналдарында бөлім басқарады. «Ара-Шмель» журналында фельетоншы болып қызмет атқарады. «Қазақ әдебиеті» газе­тінің жауапты хатшысы міндетін атқарды. Осы жылдары қаламгер қазақ руханиятының белді өкіл­дерімен үзеңгі қағыс­тыра жүріп, ұлт әдебиеті мен мәде­ниетіне зор еңбек сіңірді. Артына көл-көсір мұра қалдырды. Сөз зергерінің үлкен ұлы Төленді Жұмабаевтың айтуынша, Ғаббас Қасым Тоғы­зақов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сынды дауылпаз ақындармен қимас дос болған. Жиі араласып тұрған. Қаламгер өмір­ден озған қаралы күндерде де артында шиеттей бала-шағасы қалған ақынның отбасына түскен қайғы-қасіретті осы кісілер көтеріскен.

«Әкем жұртпен араласқанды жақсы көретін. Латиф Хамиди, Ахмет Жұба­нов сынды әйгілі композиторлармен, Дихан Әбіловпен, аудармашы Жекен Жұмахановпен, Қайнекей Жарма­ғанбе­товпен, Қуандық Шаңғытбаевпен жақсы араласты. Қуандық аға өте қызық адам болатын. Бізге неше түрлі фокус көрсетіп, мәз-мейрам қылатын. Жалпы, үйге келген адамдардың бәрі балажан еді, бізге көңіл бөліп, оқуың қалай деп біраз әңгімелесіп отыратын. Бала кезімде «Папа-ау, қазір майданнан оралған жазушылардың бәрі соғыс туралы жазып жатыр. Сіз неге жазбайсыз?» дегенімде, «Балам-ау, ол жақта әкең өлімнен басқа не көрді дейсің. Соғыс түсіме кірсе, әлі күнге дейін түн ұйқымнан шошып оянам. Сондықтан ұмытуға тырысамын, жазбаймын, қолынан келгендер жазса, жаза берсін», дейтін. Әкем жазуға түнде ғана отыратын. Кейде түн ортасында «Ләтипа! Ләтипа!» деп айғай сап анамды шақыратын. Анашым «ойбай, не болды» деп жүгіріп барады. Сонда «мынаны тыңдап көрші» деп сия­сы кеппеген жаңа өлеңін оқып беретін», дейді Төленді аға.

Ақынға арналған ескерткіш тақта­ның ашылу рәсіміне өңір зиялы­лары, облыс әкімдігінің өкіл­дері, сөз зер­герінің алыс-жақыннан кел­ген ұрпақтары, туыс-туғандары қа­тысты. Салта­натты жиында сөз ал­ған­дар қа­быр­­ғалы қаламгердің ұлт ру­ха­ния­тына сіңірген еңбегін сөз етті.

«Ағартушы Ыбырайдың ісін жал­ғаған Спандияр Көбеевтің аядай ғана Ақсуат деген ауылынан талай тұлға шықты. Солардың бірі екі тілдің шешені, көсемсөздің көсемі болған Ғаббас ағамыз еді. Ғаббас ағамыз туралы көп айтуға болады. Ол кісінің жазушылық, ақындық, журналистік еңбегінің сыртында қайраткерлігі, әсіресе Л.Толстойдың «Крейсер сонатасын», К.Хетагуровтың, М.Шоло­ховтың, О.Бальзактың, басқа да Латын Америкасы мен Африка елдерінің көпте­ген жазушысының еңбек­терін қазақша сөйлеткен аудар­ма­шылығы бір төбе. Ғафу Қайыр­бековтің Ыбырайға арнаған «Дала қоңырауы» поэмасының жол­ма-жол аудармасын он күннің ішінде жасап шыққан. Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне», «Ұлпан» романдарын орыс тіліне тәржімалаған. Аға­мыздың аруағы алдында тағзым етеміз», деді Ақылбек Қожаұлы.

Қазақстан Жазушылар ода­ғы­­ның облыстық филиалы төраға­сы, ардагер жур­­на­лист Жанұзақ Аяз­беков те тағы­лымды іс-шарадан алған әсерін көп­шілік­пен бөлісіп, жиылған жұртшы­лықты одақ бас­ш­ы­лығының атынан құттықтады.

«Екі күн бойы керемет тойдың куәсі болып отырмыз. Мені қуантқаны, мектеп оқушылары, жас өскіндер ғаббастанудың алғашқы бетін ашқандай болды. Жүз жылдықта өмірбаянын ғана емес, шығармаларын, мұрасын зерттеуге, бойға сіңіруге керемет қадамдар болды. Расында, ағамыз көп оқылуға, насихатталуға тиіс қалам­гер. Аудармашылығына тіптен сөз жетпейді. Ерекшелеп айтары, ағамыздың қазақ тіліне уызынан жарығанын кез келген аудармасынан байқауға болады. Мысалы, «Крейсер сонатасын» өте шұрайлы аударған. Сондағы «курящий» деген сөзді «шылымпаз» деп қазақшалапты. Көзі алақ-жұлақ етіп отырған кейбір кісілердің мінезін «жайнаңкөз» дейді. Мұндай тапқыр, ұтқыр сөздерден көп мысал келтіруге болады. Тілеріміз – ағамыздың мұрасы көмескі тартпай, ұрпақ­тан-ұрпаққа жете берсін! Бүгін аруағы бір аунап түсіп жатқан шығар», деді Жанұзақ Аязбеков.

Іс-шара Н.Островский атын­дағы қала­лық кітапханада «Нө­сер­­леп төккен жыр-ғұмыр» атты дөңгелек үстел отырысына ұлас­ты. Кітапхана ұжымы ұйым­­дастырған жиында ақынның шығар­­ма­шылығы туралы әңгіме өрбіп, өлең-жырлары оқылды. Аға буын өкілдері алдағы уақытта Ғаббас Жұмабайұлы атындағы облыс­тық, республикалық бай­қау өткізу, қаламгер шығар­ма­ларының электронды нұсқасын жасау туралы ұсыныс айтып, арнайы қаржы жинап, осы мерейтойды басы­нан аяғына дейін жоғар­ғы деңгей­де ұйымдастырған қалам­гер­дің ұрпақтарына, туыс-туғандарына алғыс білдірді.

 

Қостанай облысы