• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 05 Қараша, 2024

Борышқа белшесінен батқан аурухана

117 рет
көрсетілді

Павлодардағы №3 аурухананың кредиторлық қарызы бір жарым жыл ішінде 44 есе ұлғайған. 2023 жыл басында небәрі ­8 млн теңге болған борыш бүгінде 356 млн теңгеге дейін өсіп кетіпті. Өңірдегі емдеу ұйымдарының біразында осындай мәселе байқалып отыр.

Облыстық мәслихаттың депутаты Маханбет Амангелдінің айтуынша, Павлодардағы №1 қалалық аурухананың жыл ба­сындағы берешегі 1 миллиард 235 миллион теңге болса, тоғыз ай ішінде оған тағы 700 миллион теңге шығын қосылған.

– Облыстағы емдеу ұйым­дарының қарыздарына қа­тысты мәселе бұл ғана емес. Мысалға, былтыр Екібастұз қалалық ауру­ханасының кредиторлық бере­шегі 700 миллион теңгені құрады. Қарыз­дың 50 пайызы коммунал­дық қызметтерден шыққан. Әлеуметтік сақтандыру қоры бұл жағдайға араласып, аурухана қолданыстағы тарифтен үш есе артық төлейтінін анықтады. Қордың талқылауынан кейін коммуналдық қызмет 2,5 есе төмендеді. Оған қосымша ауру­хананы қаржыландыру 415 миллион теңгеге ұлғайтылды. Нәтижесінде, ұйымның қары­зы қысқаруы керек еді. Өкі­нішке қарай, аталған мекеменің сырт­қы берешегі 968 мил­лион теңгеге дейін өскен, – дейді М.Амангелді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарт­та­рына сәйкес, емдеу меке­ме­леріндегі еңбекақы мен салық­тардың төлемі жалпы бюджеттің 65 пайызынан аспауы керек. Жоғарыда аталған ­3 емдеу ұйымында теріс динамика қалыптасқаны байқалады. Оның үстіне соңғы уақытта қалалық ауру­ханалар медициналық құрал-жабдықтарды көптеп сатып алып жатыр, бұл да қар­жылық жағдайдарын қиындату үстінде. Осы орайда аймақтағы Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана мен кардиологиялық орталықта ешқандай берешектің жоқтығын оң мысал ретінде келтіруге болады. Мұнда еңбек­ақы қоры жалпы бюджеттің 55 пайызын құрап отыр.

«Медициналық және фар­ма­цев­тикалық бақылау ко­ми­­теті департаментінің мәлі­метін­ше, емделушілерден түсетін ша­ғым­дардың көпшілігі жоғарыда атал­ған үш ауруханаға қа­тысты. Әдет­тегідей, №1 қа­ла­­лық аурухана тұрғындар нара­зы­лығы жөні­нен көш бастап тұр. Облыс бас­шы­лығына №1 Пав­ло­дар қала­лық аурухананың бас дәрі­герін, Екібастұз қала­сы­ның бас дәрі­герін лауазымдарынан босатуды, ал №3 Павлодар қала­лық ауру­ханасының бас дәрі­­ге­ріне тәр­тіптік сипат­тағы шара­лар­ қол­да­нуды ұсынамыз», дейді депутат.

Ал өңірлік денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашевтың айтуынша, аталған медициналық ұйым­дардың кредиторлық бере­ше­гінен бөлек, дебиторлық бере­шегі де бар.

«Тоғыз айдың қоры­тын­ды­сы­мен біз бұл мәселені тәртіптік комиссияға шығарамыз. Бас дәрігерлерге қатысты тиісті шараларды қолданамыз», деді басқарма басшысы.

 

Павлодар облысы