• RUB:
    5
  • USD:
    488.91
  • EUR:
    532.62
Басты сайтқа өту
Экономика Кеше

Абай облысындағы ауқымды бастамалар

89 рет
көрсетілді

Аймақтың жыл санап экономикалық-әлеуметтік әлеуеті нығайып келеді. Оған жаңа технология мен инновацияларды енгізу, инфрақұрылымды жақсарту, инвес­тиция тарту себеп. Биыл өңір бюджетіне 294,9 млрд теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер кірген. Оның ішінде рес­пуб­ликалық бюджет 197,1 млрд теңге, жер­гі­лікті бюджет 97,8 млрд теңгеге ұлғайған. Облыс бюджетінің көлемі – 480,8 млрд теңге. Сондай-ақ сала бойынша қаржыландырудың өсу қарқыны өткен жылдағыдай өзгеріссіз қалды.

Салық арта түскен

«2023–2027 жылдарға ар­нал­ған кешенді жоспар­дың инвестиция көлемі – 1,9 трлн теңге. 102 іс-шараны қамтиды. Биыл 286,1 млрд теңгеге 74 іс-шараны іске асыру басталып, 7-еуі аяқ­та­лып үлгерді. Құны – 4,9 млрд теңге. Қалған жобалар жоспарға сәйкес іске асады. 2028 жылға дейінгі инвестициялық жобалар пулы жасақталды. Оған  7 мың жұмыс орнын қамтитын 2 трлн теңгенің 23 жобасы ен­гізілді. Бүгінде 7,5 млрд теңгеге 6 инвестициялық жоба іске асып, 225 жұмыс орны ашылды», деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Ірі инвестициялық жоба­лар­дың бірі – жылына 50 млн тонна кен өндіруді көздеп отырған, жалпы құны 560,5 млрд тең­гені құрайтын «Ай­дарлы» мыс кен орнында тау-кен байыту комбинатын салу. Инвестор – «Aidarly Project» ЖШС. Бұдан басқа, Ақтоғай кентінің маңынан қоныс тебетін, 300 мың тонна мыс шығаруды жоспарлайтын ірі мыс балқыту зауыты бар.

Өңір басшысы қысқы мау­сымға дайын екендіктерін де айтты. Жылумен жабдық­тау­дағы түйткілдерді шешу барысында 18,5 млрд теңгені құрайтын 28 жоба жүзеге асырылып жатыр.

«Семей қаласының оң жағалауында 146,99 Гкал жылу энергиясының тапшы­лы­ғы бар. Бұл мәселені шешу үшін Президент тапсырмасымен жаңа жылу электр орталығын саламыз. Әкімдік «Самұрық-Энерго» АҚ мен жобалаушыны қатыстыра отырып жедел жұмыс тобын құр­дық. Құрылыс алаңы мен күл үйіндісін жинақтау орны анықталды. Қазір тех­ни­калық-экономикалық не­гіз­­де­ме дайын боп қалды. Сонымен қатар бюджеттен тыс қаржы есебінен бар­лық қажетті инженерлік-комму­никациялық ин­фра­­­­­құрылым мен «3-ЖЭО-ның» сыртқы инфра­құ­ры­лымын салу жобалау-сметалық құ­жаттамасын әзір­леу жүр­гізіліп жатыр. Биыл жылу тап­­шылығын азайтып, Қа­ра­­­ғайлыдағы әлеуметтік нысандарды уақтылы іске қосу үшін жеке инвестор есебінен қуаты 21,5 Гкал/сағ болатын блокты-модульді қазандық құрылысы аяқта­лады», деді облыс әкімі.

 

Білім саласы нығайған

Облыста оқушы орын­да­рының тапшылығын азайту мақсатында «Жайлы мектеп» қанатқақты ұлттық жобасы аясында 2 700 орындық 4 мектептің құрылысы бас­талды. Осы жылдың соңы­на дейін 3 мектепті пайда­ла­нуға беру жоспарланып отыр. 2025 жылы Аягөз қаласында 600 орындық мектеп пайдалануға берілмек. Облыс орталығында биыл «KAZ Minerals Management» қаражаты есебінен 1 200 балаға лайықталған ІТ мектеп пайдалануға берілді. Сон­дай-ақ 2 200 орындық жұмыс істеп тұрған мектептерге 6 қосымша құрылыс пен 510 орындық 6 шағын жи­нақталған мектеп салуға жобалық-cметалық құжат­тама әзірленді.

«Білім саласында ма­териалдық-тех­ни­ка­лық базаны ны­ғай­тып, нысандарға жөндеу жүр­гізуге 3,4 млрд теңге бөлінді. 3 мектепке күрделі жөндеу, 1 мектеп­ке орташа жөндеу, 166 бі­лім мекемесіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. 49 жаңа модификацияланған каби­нет (STEM, физика, химия) пен балалар тасымалына арналған 3 шағын авто­бус пен 1 автобус алынды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен облыс бойынша 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланған. Жыл соңына дейін 64 нысанды беру көзделіп отыр. Оның 8-і бүгіннің өзінде пайдалануға берілді. Облысымызда ІТ-саласы жақсы дамыған. Оқу­­шыларымыз жыл сайын рес­­публика, халықаралық дең­гейде үздіктер қата­рынан та­былып отырады. Сол се­бепті, биыл IT және жаңа тех­нологиялар жо­ғары кол­леджін аштық. Ол заманауи базамен жаб­дықталған. ІТ бағыттар бо­йынша құзы­реттілік ор­талығы жұмыс істейді», дейді Н. Ұранхаев.

 

Денсаулық сақтау – басты назарда

Жыл соңына дейін 60-тан астам алғашқы меди­циналық көмек нысандарын ашуға, сондай-ақ маман­дан­­дырылған денсаулық сақ­тау нысандарын ауылдық аудандарға са­луға ерекше назар аудары­лады.

«Кешенді жоспарға сәйкес Семейде 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Қазір инвестор есебінен жо­ба­лық-сметалық құжаттар әзір­леніп жатыр. Былтыр Көкпекті ауылында гемодиализ орталығын аштық. Биыл аталған орталықтар Үржар мен Ақсуатта ашылды. Сол сияқты биыл Жарма мен Мақаншы аудандарында ком­пьютерлік тамограф­тар (КТ-аппараттары) қойы­лады. Семейдегі Жедел меди­циналық жәрдем ауруханасы жасанды қан айналымы аппаратымен жабдықталды. Ол жүрек аурулары кезінде қан айналымын толық тоқ­татып, жүрекке ашық ота жасауға мүмкіндік береді. Бүгіннің өзінде 78 ота сәтті жасалды. Сондай-ақ жұмсақ тіндердің ұзақ емделетін ақауларына арналған күр­делі реконструкциялық плас­тикалық оталар жасау тәжірибесі қалыптасты. Шала туған және ауыр ақуыз-энергетикалық жеткі­лік­­сіздігі бар балалар маман­дандырылған емдік тамақ­танумен қамтамасыз етілді», деді облыс басшысы.

 

Әлеуметтік қорғау әлеуеті

Жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғау саласын­дағы міндеттемелер де орын­далып жатыр. Облыс­тағы экономикалық белсен­ді тұр­­ғындар саны – 306 мың адам. Олардың жұмыс­пен қамтылу деңгейі – 95,3%. Екінші тоқсан қоры­тын­дысында жұмыс­сыз­дық дең­гейі жалпы респуб­ли­калық деңгей­мен бірдей (4,7%). Биыл 23 879 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. 9 айдың қоры­­тын­ды­сын­да 19 810 жұмыс орны ашылды. Жоспар 83%-ға орын­далып отыр.

Қосалқы шаруашылықты қолдау және дамыту үшін жыл соңына дейін 1,1 млрд теңгеге 211 жеңілдетілген несие беріледі. Жастарды жұ­мыспен қамту үшін «Ал­­ғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі» жобалары іске асырылып жатыр. Сонымен қатар жастардың жаңа бизнес-идеяларына мемлекеттік гранттар қарас­тырылған (105 млн теңге). Шағын және орта биз­несті қолдау мақсатында «Даму» қоры арқылы 14,8 млрд теңгенің жобаларын суб­сидиялау бойынша 303 шартқа қол қойылды. Аза­мат­тардың өмір сапасын арттыру мақсатымен атаулы әлеуметтік көмек көр­сетіледі. Дегенмен мем­лекеттік қолдау шара­ла­ры­ның арқасында 2022 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алу­шылар саны 37,4%-ға төмен­деген.

«Алдымызда Семей мен Аягөзде балаларға арналған екі орталық ашу міндеті тұр. Өңірде инвесторлар есебінен сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау және әлеуметтік нысандар құрылысы бо­йынша 77 жоба әзірленіп жатыр. 18 жастан асқандарға да толыққанды көмек берілу керек. Сол себепті Семейде 100 орындық психо­нев­ро­ло­гия­лық орталық салу жобасы әзірленді. Келесі мәселе – жетім және ата-ана қам­қорлығынсыз қалған бала­ларға көмек беру. 765 баланың 538-і қамқорлықта болса, 227-сі мекемелерде тәрбиеленіп жатыр. Негізгі мәселе – баспана. Бұл санат бойынша кезекте тұрғандар саны – 2 760 адам», дейді әкім.