• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 05 Қараша, 2024

Білім нысандарын аралады

108 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі білім жүйесінің даму барысымен таныс­ты. Білім сапасын арттыру мақ­са­тында өңірде тірек мектептер желісін құруға көңіл бөлінеді. Сонымен қатар Маңғыстау облысында «Отпан» жобасы басталды.

Оны іске асыруға білім саласын тұрақты дамыту қо­ры­мен қатар өңір­дің ірі компаниялары қатарынан демеушілер қатысады. Назарбаев зият­керлік мектептері мен «Білім-инновация» лицей-интернаттары жобаға қатысу үшін іріктелген 50 мек­теп­тің озық тәжірибесін және әдістемесін бөліседі.

NCOC, «ҚазМұнайГаз» АҚ және «Халық» жеке қайырымдылық қоры мек­тептерді жарақтандыруға қолдау көрсетті. Демеушілер қатарында 60 оқу сыныбын жарақтандыруға қа­тыс­қан «Ordabasy Group» компаниясы бар.

«Отпан» сынды жобаларды қолдау арқылы біз ертеңгі күннің міндеттерін шешуге қабілетті білікті мамандарды тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасаймыз. Білім мекемелерін жаңғырту және педагогтер біліктілігін арттыру балаларымыздың ең жақсы білім ресурс­­тарына қол жеткізуіне жол ашады. Осы бастаманың бір бөлігі болып, еліміздің зияткерлік капиталын дамытуға үлес қосуға қуаныштымыз», дейді «Ordabasy Group» компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі Жармұхамед Аппаз.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова Ақтаудағы «Отпан» жобасына енгізілген екі мектептің қызметімен танысты. Оның шеңберінде №15 және №29 мектептерде материалдық-техникалық база күшейтілді. Мұғалімдер үшін оларда әртүрлі тақырыптық курс пен семинарлар ұйымдастырылады.

«Облыс әкімдігі мектептердің жөн­де­уіне жауапты болды. Ал демеу­шілер пәндік кабинеттерді жаб­дық­та­ды. «Отпан» жобасы ұстаздар мен оқу­шыларға сапалы білім ісін ұйымдастыруда жақсы мүмкіндік туғызып жатыр. Бұл білім ошақтары кейін өзге де орта білім мектептері үшін тірек мекемелері болмақ», деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Оқушылардың ата-аналары да каби­нет­терді жабдықтауға қаражат бөлген демеушілерге алғыс білдірді. Сапар аясында өңір мектептері басшыларының қатысуымен кеңес ұйымдастырылды. Оған өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай қатысты. Кездесу барысында өңірдегі орта білімді дамыту мәселелері тал­қыланды. Жұмыс сапары кезінде Тамара Дүйсенова облыс орталығындағы «Бал­бұлақ» балабақшасы жұмысымен танысты. 300-ден астам бала оқитын мекемеде Монтессори, логопед, психолог кабинеттері бар. Балабақшада мектепке дейінгі білім мәселелері бойынша кеңес өтті.

Өңірде бастауыш мектеп пен бала­бақ­ша бағдарламаларын синхрондау жұ­­мыстары жалғасып жатыр. Мектепке дейінгі білім мекемелерімен қам­тыл­­маған балалардың ата-аналары үшін консультациялық орталықтар жұмыс істейді. Бұл жұмыс Маңғыстау об­лы­сының 169 балабақшасында қолға алын­ған.

Мектепке дейінгі білім мекеме­ле­рін цифрландыру да басты назарда. Кездесу барысында Тараз қала­сын­да қанатқақты режімде іске асырылатын қар­жыландырудың ваучерлік әді­­сін ен­гізу нәтижелері таныстырылды. Атал­­ған жүйе талаптарға сай келетін бар­­лық балабақшаны бюджеттік қаржы­лан­дыруға мүмкіндік берді. Ата-ана­лар мектепке дейінгі білімді ұйым­дас­тыруды таңдауға мүмкіндік алды, ашықтық есебінен бюджет қаражатын үнемдеу жүріп жатыр.

«Жүйе өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Ваучерлік қаржыландыру әдісі Шымкент және Түркістан қалаларында ен­гі­зіліп жатыр. Ата-аналар мен бала­лар­дың мүддесіне сай келетін жү­йе бар­лық өңірде енгізілуге тиіс», деді Тамара Дүйсенова.

Мемлекет басшысы келер жылды жұ­мысшы мамандықтары жылы деп жа­риялады. Осы орайда елдегі тех­ни­ка­лық және кәсіптік білім саласын трансформациялау міндеті тұр. Қазір колледждерді бейіндеу жұмысы жүр­гі­зіліп жатыр. Негізгі мақсат – кәсіптік білім нысандарын ең алдымен өңірлер сұранысына қажетті кадрларды даярлау орнына айналдыру.

Жұмыс сапары аясында вице-премьер Маңғыстау туризм колледжіне де бар­ды. Онда дуальды оқыту жобасын пайдалана отырып, қызмет көрсету саласына мамандар даярланады. Колледж түлектерге жұмысқа орналасу үшін жағдай жасап, ірі кәсіпорындармен, жергілікті және шетелдік қонақүйлермен белсенді жұмыс істейді. Колледж базасында оқу орындары басшыларының қатысуымен техникалық және кәсіптік білім саласына қатысты мәселелер талқыланды. Қазір кадрларды даярлауды 26 оқу орны жүргізеді. Түлектердің жұ­мыс­пен қамтылу көрсеткіші 72 пайыз­ға жуық­тайды. Облыстағы тірек кол­ледж­дері айқандалып, өзара тәжірибе алмасу ісі қолға алынған.

«Техникалық және кәсіптік білім бағытында бірқатар шара қолға алынды. Колледждердің жұмыс сапасы­на қатысты бағалау жүргізіліп, оларды лигаларға жіктеу қарастырылған. Оқу үдерісіне халықаралық стандарттарды енгізу қажет. Бұл даярланатын маман­дар­дың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін керек. Халықаралық салалық стандарттарды енгізген, түлектердің басым бөлігі сертификатталған және орташа есеппен жоғары мөлшерде еңбекақы алатын колледждерге ынталандырушы төлемдер қарастырылады», деді Тамара Дүйсенова.

Үкімет басшысының орынбасары 420 оқушы білім алатын Ақтау халықаралық мектебіне де бас сұқты. Оқытушылардың 80 пайызы – еліміздің әр аймағынан келген жоғары білікті педагогтер. Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 600 орындық 13 орта оқу орнын салу жоспарланған. Желтоқсан айында әрқайсысы 1 200 орыннан тұра­тын 3 нысан пайдалануға беріледі. Қазір ғимараттарда әрлеу жұмыстары жүр­гі­зі­ліп жатыр.