Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабы арқылы түгенделіп отыр
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Шығыстың бір елі – қазақтың, Қазақстанның тарихы да қызықтылығымен де талантты боп шықса-ау деген орынды арман ойға оралып еді», депті. Осы ойдың астарында ұлы қаламгердің сол кеңес дәуірінің өзінде бүгінгідей атажұртының азаттығын, бүтін тарихын аңсаған-ау, шамасы! Ортасынан көші ілгері, тіпті, жүз, мың жылдығын ойлаған айтулысын халық ұлы деп рух шыңына көтерген, ал көңіл қимастықпен жорта айта салатын тұсы да болған. Жалпы, ұлт ұлысы қап түбінде жатпайды, қын түбінде тот баспайды, түптің түбінде жарыққа шықпай қоймайды. Ұлы Мұқаң армандаған қазақ тарихы қазір жарыққа шықты. Оқып-біліп, танып, танысып жатырмыз. Оған бес ғасыр бұрын жазылған М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабы дәлел деп білеміз. Қазақтың бүкіл бітім-болмысын өмір бойы зерттеп, артына өлмес мұра қалдырған академик Әлкей Марғұлан: «Қазақтың тұңғыш тарихшысы» (1941 жыл) деп бағалапты.
«Сол ұлы тарихшы қазақ топырағына тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қалай оралды, оған бастамашылар кім болған?» деген сұрақ төңірегінде, кезінде бұл іске ұйытқы бола білген, мамандығының басқа екеніне қарамай, ұлт ұлысын ерте танып білген Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мәжіліс депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Уәлихан БИШІМБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Уәлихан Қозыкеұлы, Мемлекет басшысы үстіміздегі жылғы негізгі мерейтойларды атап айтқаны белгілі. Соның бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Осы елеулі оқиғаның маңыздылығы туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз?
– Еліміздің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын басты назарда ұстап Президент Нұрсұлтан Назарбаев биыл ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы деді. Қазақ хандығының 550 жылдығы көне Таразда, қасиетті Әулиеата жерінде аталып өтетіні менің жүрегімді тебірентеді.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығының құрылған уақыты 1465 жылы деп көрсетілген. Тәуелсіз мемлекетіміз үшін осы айрықша мерейтойды атап өтудің маңызы зор. Біз жас шағымызда, ғылыммен айналысқан кезімізде өз елдерінің туын көтеріп, әнұранын айтып, елтаңбасын әспеттеп жүргендерге қызыға қарайтынбыз. «Неге біз өз алдымызға жеке мемлекет бола алмаймыз?» деп ойлайтынбыз. «Біздің көне тарихымыз қандай?» деген сұрақты өзімізге іштей қоятын едік. Философ-ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, тарихымыз пышақтың қырындай жұқа еді. Көне, тіпті, орта ғасырдағы тарихымыз біз үшін жабық болатын. Қазақ елінің Ресейге қосылған кезінен бергі тарихты білетінбіз. Бүкіл ұрпақ соны оқыды, сол бойынша тәрбиеленді. Алайда, тек тамырымыздың осал болмағанын көнекөз қариялардан, әкелерімізден еститінбіз. Керей, Есім, Абылай, Қасым, Жәңгір хандар туралы сирек болса да, аңыздай әңгімелер айтылатын. Сол секілді Қабанбай, Бөгенбай, Жанқожа, Наурызбай, Қарасай, Райымбек және басқа да ел қорғаған батырлар жөнінде де сөз болатын. Бірақ олар туралы кітаптарда, оқулықтарда жазылмайтын еді.
Иә, әйгілі тарихшы, әдебиетші, қайраткер, қазақтан шыққан әлемге танымал Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) біз үшін әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Оның Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарих-и Рашиди» кітабы мен «Жаһаннама» дастанының жөні бөлек.
– Тарих тақырыбына, тарихи тұлға өміріне кездейсоқ келдіңіз бе, әлде ұлттық рух жетеледі ме?
– 80-жылдардың ортасы еді. Мәскеудегі Ленин атындағы кітапханада отырғанда ғылыми ізденістер шаршатпай қоймайтын. Сондай сәтте демалайын деп тарихи анықтамалық материалдарды қарайтынмын. Бір күні «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати» деген сөз көзіме жарқ ете қалды. «Әуелі оның тегі неге Дулати?» деп ойладым. «Ол кім? Қазаққа қатысы жоқ па екен?» деймін. Анықтап қарасам, бүкіл әлем оны ұлы ғалым ретінде біледі. Біздің ұлттан шыққаны есімінен байқалып тұрғандай. Ағылшындар, немістер еңбектерін өз тіліне аударып алған. Кітабы баспадан бір емес, бірнеше мәрте басылып шыққан. Ирандықтар да өз тілінде сөйлеткен, үндістандықтар, қытайлар құрмет тұтады. Ал біз ұлы адамымызды білмейміз. «Бұл қалай, неге үнсізбіз?» деп терең ойға батамын. Сөйтіп, ол туралы материалдарды іздестіріп, зерделей бастадым... Тәуелсіздікке де қол жетті.
1996 жылы қызмет бабымен Қызылордадан Тараз қаласына қоныс аудардым. Бұрынғы педагогика институты Жамбыл университеті болып қайта құрылды. Мен сол оқу орнына ректор болып тағайындалдым. Оқу ғимараттары қаланың шетіне орналасқан екен, оны орталыққа көшіру мәселесін шешу қажет болды. Сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тшановтың қолдауымен қала орталығынан екі-үш ғимарат алуға қол жеткіздік. Университеттің стратегиялық даму жоспарын жасадық. Сол уақытта халықтың көкейінде: «Бұл оқу орнына қазақ ғұламаларының бірінің есімін беру керек қой. Кім лайық?» деген сұрақ туындады. Көп ұсыныстар болды. Жүсіп Баласағұн, Тұрар Рысқұлов, Мұхаметжан Тынышбаев, Бауыржан Момышұлы және басқа да есімдер аталды. Әлемге белгілі ғалым Мұхаммед Хайдар Дулатидің атын бергеніміз жөн-ау деген ой көкейден кетпеді.
Бұл істі жалғастыруымызға Елбасымыз үлкен серпін бергенін айта кетуім керек. 1997 жылы 7 қаңтарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл аталып келген қалаға тарихи Тараз атауын қайтарып беруге қатысты мәселемен өңірге келді. Облыс атауы Жамбыл болып қалды. Университетке Мұхаммед Хайдар Дулати атын беруді қозғағанымда Елбасы: «Алдымен, оқу орнын жақсы университет жасаңыздар. Тарихшы туралы терең зерттеулер жүргізіңіздер», деп қысқа да нұсқа тапсырма берді. Бұл бізді қатты қанаттандырды. Бұдан кейін батыл іске кірістік. Университет жанынан М.Х.Дулатидің өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, іске кірісті. Мұражай ашылып, ғалымға қатысы бар ғылыми деректерді жинақтай бастадық.
Ұлы бабамыздың тегіне жалғасып тұрған Дулати деген сөз оның нағыз қазақ екенін әйгілеп тұр деген байлам да жасалды. Бірақ, көрші ел ғалымдары өз ұлтына теліп, өзбек деп жазып жіберген. Ташкенттегі Шығыстану университетінің ғалымы Орынбаевтың аудармасымен орыс тілінде шыққан «Тарих-и Рашиди» кітабында «Мирза Мұхаммед Хайдар» деп көрсетілген. «Дулати» деген сөзді мүлде алып тастаған. Эллиос Росстың аудармасымен ағылшын тілінде 1872 жылы алғаш рет шыққан нұсқасында «History of Central Azia» «Tarihi of Rashidi», «Mirza Muhammed Haidar Douglat» деп жазылған. Содан біз бұл мәселені әр қырынан көтеріп, Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен ғылыми еңбектеріне арналған халықаралық конференция өткізуді жоспарладық. Ол, 1997 жылы наурыз айында халықаралық деңгейде болды. Оған Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан, Еуропадан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстаннан шығыстанушы ғалымдар, тарихшылар қатысты. Өз Отанымыздың оқымыстыларын Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сол кездегі директоры академик Манаш Қозыбаев бастап келді. Қаратай аға Тұрысов пен Шерхан аға Мұртаза, өзге де көптеген ұлт зиялылары, Парламент және мәслихат депутаттары болды. Сол келелі басқосуда «Мұхаммед Хайдар Дулати кім? Ол қазақ па, өзбек пе?» деген үлкен мәселе көтерілді. Біздер барлық деректерді алға тартып, ғылыми түрде дәлелдеген соң, Өзбекстан ғалымдары Мұхаммед Хайдар Дулатидің қазақ екенін және «Дулати» деген сөзді алып тастағандарын мойындап, «бәрімізге ортақ» деген уәжға келді. Әл-Фараби бабамыз да осындай «жолдан» өтіп, қазақтың киелі топырағына табан тірегенін қалың қауым біледі.
Сол конференцияда «Тарих-и Рашиди» кітабында Шу өңірінің Қозыбасы деген жерінде Қазақ хандығының құрылғаны туралы жазылғаны бірнеше мәрте айтылды. Содан бастап жыл сайын халықаралық конференция өткізу дәстүрге айналды. Жалғасын тауып жатты. Үндістанның мәдени орталығымен бірлесіп, «Дулатитану», «Тарих-и Рашиди» кітабын зерттеу тақырыбында ғылыми жұмыстар қолға алынды. Бұл іске шығыстанушы, дінтанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі ерекше үлес қосқанын айту парыз. Осындай көп еңбектің арқасында халқымыз ұлы бабамызбен, оның еңбектерімен танысуға мүмкіндік алды. Сол тұста біз Ираннан атажұртына қоныс аударған шығыстанушы, парсы тілінің білгірі, тарихшы, филолог Ислам Жеменейді университетке қызметке алдық. Ол да көп еңбектеніп, екі-үш жылдың ішінде Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабын түпнұсқадан қазақшаға аударып шықты. Ол кітап үлкен көлемде 2003 жылы алғаш рет қазақ тілінде жарық көріп, жұрт қолына тиді.
– Жалпы, шын ниетпен ұлт үшін, оның айтулы өкілі туралы талпыныс жасасаң, әсте жеміссіз болмаған ғой. Бұл жағынан келгенде сіздердің бастамаларыңыз да өз нәтижесін бергенін көреміз. Өзіңіз айтқандай, кеңес дәуірінде атақты Ақжан Машанидің ерекше ерлігімен әл-Фараби бабамыз да осылай ата-жұртына келіп еді-ау!
– Иә, бір адам бел шешіп кіріспесе, іс ілгері баса ма? Көрініп тұрған ақиқатты дәйегімен дәлелдесең, қиянат жолда қалады екен. Менің бұған М.Х.Дулатиді байтағымызға қайтару кезінде көзім жетті. Алда айтқан, университетке М.Х.Дулатидің есімін беру туралы ұсынысты ел ақсақалдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, беделді де байсалды, қарымды қаламгерлер Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Өмірбек Байгелди, Марс Үркімбаев, Әшімжан Ахметов және басқалар қолдады. Алқалы жиындарда арашалап алған арыс жайлы Ш.Мұртаза: «Ұлы ғалымның есімін осы оқу орнына неге бермейміз?! Біз неден қорқамыз?! Баспасөзге Мұхаммед Хайдар Дулати туралы нақты деректерді жариялайық. «Егемен Қазақстан» газетіне, өзге де БАҚ-тарға мақалалар шығарайық. Сөйтіп, ұлы бабамызды халыққа танытайық», – деп табандап тұрып үн қатты. Облыстық мәслихат қолдап, Үкіметке ұсыныс жібердік. Ол да оң шешімімен оралып, оқу орнына Дулатидің есімі берілді.
Өзім тарихшы болмасам да, техника ғылымдарының саласында жүрсем де, өткен тарихи тұлғалардың еңбегімен азат елдің айбынын асыру керектігіне ден қойдым, біраз зер салдым. Дулатидің халқымызға қайта оралуына атсалысқан М. Қозыбаев, Ә.Дербісәлі, Ж.Қасымбаев, У.Шалекенов және басқа ғалымдарды ерекше атап өтуіміз керек. Тараз өңіріндегі тарихшылар, журналист Бақтияр Әбілда, ғалым Асқар Әбдуәлиев көп үлес қосты. Сол жылдардағы облыс басшылары Амалбек Тшанов, Сарыбай Қалмырзаев, Серік Үмбетовтің қолдау көрсеткенін құрметпен айтқым келеді. Ұлтымыздың ардақты азаматы Асанбай Асқаровтың да ұйытқылығын ұмытуға болмайды. Оның Дулати атындағы үлкен тарихи қорды басқарғанын да еске сала кетсем деймін.
– Дулатидің бейнесін салу жөніндегі жобаның авторлар тобының жетекшісі өзіңіз болған екенсіз. Ұлы тұлғаның портреті мен мүсіні, кейін ескерткіші қалай жасалды? Осы туралы таратып айта кетсеңіз?
– Расында, бізді толғандырған бір мәселе – Дулати келбетінің қандай болғаны еді. Бабырдың «Бабырнамасын» және басқа еңбектерді іздестірдік. Өйткені, Бабыр екеуі туған бөле ғой. Аналары Жүніс ханның қыздары. Мұндай жағдайда тамыры бір Дулати мен Бабыр бір-біріне ұқсайтыны анық. Үндістаннан көп деректер алдық. Көне жазбаларға сүйенсек, ол ұзын бойлы, келбетті адам болған екен. Бойында даналығы, ойында ақыл, тектілігі көрініп тұрған. Сөйтіп, ұлы баба образы жасалды. Сапархан Керімбеков деген суретші болған, қайтыс болып кетті. Сол түрлі-түсті бояумен келбетінің үш-төрт нұсқасын салып шықты. Жұмыс барысында ақылдасып, талқылап отырдық. Портреттің нақты нұсқасы бекітілген соң, мүсінін жасадық. Бюсті орындаған мүсінші – Амангелді Тұрсынов. Ол мүсін қазір Тараз мемлекеттік университетінің мұражайында тұр. Содан кейін оқу орнының бас ғимаратының алдына ескерткішін орнату ісін қолға алдық. Авторлары белгілі суретші, мүсіншілер Дәурен Әлдеков пен Насыр Рүстемов. Орындаған топтың жетекшісі – Айнабек Оспанов. Жобасын бес адам тізе қосып отырып, талқыладық. Одан соң макеті жасалды. Біз ескерткіштен ұлы тұлғаның бүкіл болмыс-бітімі, арман тілегі көрінуі тиіс дедік. Қазақтық қасиеті көрініп тұруына және бет пішініне, қимыл-қарекетіне, киген киіміне дейін терең мән бердік. Жай тұрғанын емес, жігерлі, айбынды, айбарлы қалыпта тұрғанын қаладық. Ескерткіште тұғырдан аяғының ұшы шығып тұр. Бұл сол заманның оған тарлық еткенін білдіреді.
Дулати бабамыз «Тарих-и Рашиди» еңбегінің кіріспесінде: «Аллаға сеніп, мен осы жұмысты бастаймын. Өйткені, Шыңғыс ханнан бастап, Моғолстан хандарының тарихы дерекке түспесе, кейін келешек ұрпақ білмей қалады. Қалай шығатынын білмеймін. Әйтеуір бастап жатырмын», деп жазған екен. Кітапта өзінің шежіресін Байдағанбектен бастайды. Бұл жерде кәдімгі тарихта аты белгілі Бәйдібекті айтып отыр.
Ескерткіш тұрғызу ісіне ала-құла қарайтындар да табылды. Бес саусақ бірдей емес қой. Сол тұстағы облыс әкімі С.Қалмырзаевтың оларға: «Егер біреу жұмыстарыңызды істеп беріп жатса, оны қолдаудың орнына, неге кедергі жасайсыздар? Ескерткіш елге керек, ұрпаққа қажет емес пе?!» деген сөзі әлі есімізде. Ескерткішті ашу салтанатына дайындық қызу жүріп жатты. Сол сәтте Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Өмірбек Байгелди мен өңір басшысы Сарыбай Қалмырзаев ескерткішті тұғырға қырандай қондырған күні келіп көрді. Ризашылықтарын білдірді. Сенат Төрағасы: «Бұл Елбасы батасын беретін ескерткіш екен. Мұның мағынасы терең, тәуелсіз ел өміріндегі елеулі оқиға деп бағалауымыз керек. Өйткені, Дулати еңбегінде қазақ тарихы нақты жазылған. Оны Елбасы жақсы біледі», деген пікірін алға тартты.
Шынында, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылдың тамызында Таразға іссапармен келіп, Мұхаммед Хайдар Дулатидің тұңғыш ескерткішін салтанатты түрде ашып, құттықтау сөз сөйледі. Онда Президент: «Біздер батыр да дана бабаларымыздың еңбегі мен ерлігінен жігер алып, жастарды сондай рухта тәрбиелеуіміз қажет. Мұхаммед Хайдар Дулатиге ашылған ескерткіш ұрпақты рухтандырады. Келесі жылы туғанына 500 жыл толатын бабамыздың араға ғасырлар салып туған жерге, кіндік қаны тамған топыраққа оралуы – үлкен бақыт. Бабамыздың әруағы қолдап, ісімізді оңдайды деп сенемін», – деп ұлы тарихшыны жұртқа үлгі етті.
Ескерткіш туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Ақиқатына келсек, Дулатидің бұл айбынды ескерткіші Орталық Азиядағы тұңғыш құндылық болатын. Осы арада Елбасының алыстан ойлап, бәріне байыппен қарап шешім шығаратынын айта кетсем деймін. Алғаш келгенде: «Жақсы университет жасаңыздар, Дулати туралы терең зерттеу жүргізіңіздер», деді. Оны атқардық. Ескерткішті өзі келіп ашып берді. Одан кейін де біраз жылдар өтті. Еліміз еңсесін тіктеді. Арқа төсіндегі Астананың абыройы биіктеді. Өркениет жолына нық қадам бастық. М.Х.Дулати кітабында Қазақ хандығының іргетасын қалаған Керей мен Жәнібекке елордада ескерткіш қойылды. Президент өткен жылғы Ұлытау сұхбатында Қазақ хандығының 550 жылдығын 2015 жылы жан-жақты атап өтуді міндеттеді. Көрдіңіз бе, осының бәрі ол кісінің ел дамуындағы жүйелі жұмысының бір әдемі көрінісі емес пе?!
– Үндістанға барғандарыңыздан да хабардар едік. Сол сапарларыңызда тапқан тарихи деректер туралы да мәлімет бере кетсеңіз?
– Қолда бармен шектеліп қалу – тарлық ететін болды. Оның үстіне 1999 жылы М.Х.Дулатидің 500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілді. Бұл бізді серпілтті. Ұлт ұлысының осал емес екенін көрсетті. Әбсаттар Дербісәлі зерттеп-зерделей келіп, Дулатидің жерленген жері Кашмирде екенін айтты. Соған орай, арнайы қазақстандық делегациямен барып келу туралы идея туды. Бұл ұсынысымызға сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов ілтипат көрсетті. Білім және ғылым министрі Владимир Школьник те қолдап, бұйрық шығарып, делегация құрамын бекітті. Мені оған жетекші етіп тағайындады. Өз қаржымызға Үндістанға баратын болдық. Делегация құрамында Ә.Дербісәлі, М.Дайырбеков, А.Жаужүрек, А.Әбдуәлиев, Б.Әбілда, т.б. азаматтар болды. Сол жылғы мамыр айында біз Үндістанға атбасын тіредік. Ондағы азаматтар жақсы қарсы алды. Сол кездегі Қазақстанның Үндістандағы елшісі Асқар Шәкіров барлық жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, одан кейінгі іс-шараларды елшілік хатшысы Мұсалнәби Тұяқбайға тапсырды. Делидегі Сихатия академиясында үлкен конференция өтті. Оған Үнді елінің ғалымдары, шетелдің елшілері қатысты. Негізгі баяндаманы Ә.Дербісәлі екеуміз жасадық. Үнді ғалымдары да баяндамаларын жұрт талқысына салды. Дүниежүзіне танымал тарихшы ғалым, саясаткер Рам Рахул (ол өткен ғасырдағы көрнекті саясаткердің бірі Джавахарлал Нерудің әріптесі, жақын досы болған) біздерге: «Қазақстанның тәуелсіз ел болғаны және Дулати сияқты ірі тұлғаларын іздегені бізді өте қуантады. Дулати – қазақ, ол – әлем тарихы мен мәдениетінде үлкен із қалдырған сіздердің тікелей ұлы бабаларыңыз. Ондай алыптар қазақ халқында бірлі жарым емес, көп. Дереккөздерден іздеңіздер, біздер көмектесеміз», деді кеңпейіл көрегендік танытып. Мұның бәріне Иран, Түрікменстан, Ресей, Өзбекстан, Қытай елдерінің елшілері куә болып, тыңдап отырды. Үндістанның баспасөз құралдары айрықша оқиға ретінде бағалап жатты. Телеарналары арнайы репортаждар көрсетті. Бұл тәуелсіз Қазақ елінің мерейін өсірген бір ұлық оқиға деп айта аламын. Одан кейінгі сапарымыз Кашмирде жалғасты.
– Ол жақта қиындықтар туған жоқ па?
– Иә, ол кезде Үндістан мен Пәкістан арасында әскери шиеленістер болып жатқан. Бізді бірінші күннен бастап әскери күзетшілер алып жүрді.
Кашмир штатының губернаторы Гриш Саксина қабылдады. Ұлт ұлысын іздеген қадамымызды қолдап, шынайы құрмет көрсетіп, барлық жағдайды жасау туралы өз адамдарына тапсырма берді. Кашмирдің Бас министрі Фарух Абдолла бірге жүрді. Кашмир университетінде ЮНЕСКО-ның, Үндістанның ғылым және білім министрлері, елшілік өкілдері қатысқан халықаралық конференция болды. Кашмир университетінің сол кездегі ректоры М.Кадри, танымал ғалым А.Рафики сөз сөйледі. Дулати бейнесі салынған кілемшені сыйға тартқанда, олар қуана қабыл алды. Дана баба ұрпақтары әкелген жәдігер деп мұражайға қойды.
«Мазар-и салатин» деп аталатын атақты адамдары, патшалары жерленген үлкен қорымдағы Дулатидің зиратына да алып барды. Баба басында 1551 жылы қойылған үлкен құлпытас тұр. Бес ғасыр аз уақыт емес. Бірақ қасиетті адам болғандығынан шығар, тас қалыбын сақтаған. Ал 1822 жылы Ұлыбритания патшайымының Үндістандағы атбегісі, саяхатшы Уильям Макграфт Дулатидің өмірбаяны, жазған еңбектерімен танысқан соң жан-жақты адам болғанына сүйсініпті, таңданысын жасыра алмапты. Ғалым зиратына екінші құлпытас орнатып, оған оның өмірбаянын жазып шығыпты. Міне, Дулатидің ұлылығына тәнті болудың дәйегі. Жанында төрт-бес қабір бар. Ол, біздің топшылауымызша, бабамыздың әйелі мен балалары болуы мүмкін. Мұны зерттеу болашақтың еншісінде қалып келеді. Дулати қабірінің басына туған жерімізден алып барған топырақты қойдық. Шырақшы имам құран оқыды. Біз де құран бағыштадық. Сапарға шығарда Асанбай Асқаров: «Бабамыздың басына барғанда, менің атымнан да құран оқыңыздар!» деп аманат айтқан болатын. Бастап жүрген азаматтар екі елдің арасындағы қауіпті қайшылықты айтып қанша асықтырғанмен, сол аманатты Асанбай ағаның атынан өзім орындадым. Кашмирліктер бізге Дулати қабірінің бір уыс топырағын берді. Елге келген соң, сол топырақты арнайы құтыға салып, бабамыздың ескерткішінің іргесіне қойдық.
Кашмир өте бір көрікті, жер жәннаты екен. Егер сол уақытта Делиде ауа райы 42-43 градус болып тұрса, таудың бөктерінде орналасқан Кашмир штатының табиғаты біздің Алматы, Жамбыл облыстарының жеріне ұқсайды: ауасы салқын, қапырық ыстық жоқ. Халқы ажарлы, еңбекқор. Таудан ағып жатқан мөлдір су да сарайыңды ашады. Қарағайлы, шыршалы ормандары көз тартады. Мұхаммед Хайдар Дулати кезінде бір оқ шығармай ақыл-парасатымен Кашмирді алып, халықтың назарын өзіне қаратыпты. Сөйтіп, ол елге 11 жыл билік жүргізіпті. Сол кезеңде аймақтың руханиятына, яғни өнері мен мәдениетіне, музыкасы мен білім саласына ерекше мән беріпті. Жан-жақты дамытыпты. Ауыл шаруашылығын өркендетуді қолға алған, әсіресе, күріш пен шай өсіру саласын өрістетіпті. Көзі ашық, көңілі ояу, білімді адам болғандықтан, жұртты береке-бірлікке ұйыта біліпті. Сәулетті де сәнді ғимараттар салғызыпты. Сол уақытта жасалған саябақтар, отырғызған баулар, гүлбақтары әлі күнге дейін жайқалып, көздің жауын алады. Соның бәрін аралап көріп, үлкен әсер алдық. 500 жылдай өтсе де, сол уақытта тартылған су құбырлары, субұрқақтары қазір де жұмыс істеп тұр. Жақтауы таспен қаланыпты. Оның кәдімгі гидротехникалық құрылыс екені көш жерден көрініп тұр. Тұрғындар мұны тарихи құндылық деп ерекше құрмет тұтады екен. Сол сапарымызда Сринагар қаласындағы кіндік Азия мұражайында үлкен кездесу болды. Ол – тарихи жәдігерлері өте мол мұражай болып шықты. Сол жерде бізге Дулати заманында шыққан металл теңгелерді көрсетті. Теңгеге өзінің атын емес, Нәзік ханның атын жаздырыпты. Бұл оның кісілігін, кішілігін көрсетсе керек.
– Осының өзінен тарихымыздың тамыры тереңде жатқанын көруге болады. Қазақ хандығының құрылған жылын көрсеткен ұлы тұлға толық зерттеліп болды деп айта алмасақ керек. Бұл тұрғыда сіздің қандай ұсыныс-тілектеріңіз бар?
– Рас, Мұхаммед Хайдар Дулати – әлі де терең зерттеуді қажет ететін тұлға. Оның қоғам дамуына қосқан үлесі де өлшеусіз. Бұл енді қазақ тарихшыларының алдында тұрған келелі міндет екені сөзсіз. Қазақ елінің жаңа дәуірі басталды. Елбасы «Мәңгілік Ел» құру идеясын алға тартып отыр. Бұл да тасқа басып қалдырар тарих.
Ойымды қорыта келгенде айтарым, Қазақ хандығының 550 жылдығы Елбасының кемеңгерлік саясатының нәтижесі деп білемін. «Нені де болса елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін», деген еді Елбасы бір сөзінде. Сол сөзі шындыққа айналды. Ақыл-ой жеңісі Қазақ елінің береке-бірлігінің ұйытқысы болды.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».
Суретте: Ә.Дербісәлі (сол жақтан бірінші) мен У.Бишімбаев (ортада) шетел ғалымдарымен бірге.