• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қараша, 2024

Сауықтыру кешені басшысының хатшысы аса ірі көлемде ұрлық жасады

93 рет
көрсетілді

Рудный қалалық сотында алаяқтық, сондай-ақ сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша  айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Рудный қалалық Білім бөлімінің балаларды тәрбиелеу-сауықтыру кешені басшысының хатшысы қызмет бабын пайдаланып,  бұрын жолдама сатып алған адамдарға жалғасып жатқан акциялар туралы хабарламалар жіберген, соған сәйкес 2023 жылдың жазғы маусымына лагерьлерге жолдамаларды 2022 жылға арналған жолдама құнымен және 50% жеңілдікпен ерте брондау мүмкін екенін, болашақта бос орындардың болмай қалатынын және жолдама құны өсіп кететінін атап көрсеткен», делінген Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Одан әрі, осы лагерьлерге жолдамаларға қол жеткізіп, олардың көшірмелерін жасап, өзі арқылы сатылған жолдамалардың саны туралы басшылығын жаңылыстыру арқылы алған ақшасына оларды сатып алушыларға аударған.

Сонымен бірге, ол лагерьлердің шектен тыс балаларды қабылдауға мүмкіндігі жоқ екенін анық білген және жоғарыда көрсетілген тәртіппен барлығына жолдама сатуды жалғастырып, төлемді өз есепшотына алып отырған. 

«Кешен хатшысының қылмыстық әрекеті нәтижесінде мемлекетке 18,4 миллион теңге (аса ірі көлемде) залал келтірілген. Прокурор сотталушыны 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұрады», делінген хабарламада. 

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, шартты түрде бас бостандығынан айыруға келісетінін мәлімдеген.

ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-т бойынша қаралған істе айыпталушының жасаған ісіне шын жүректен өкінуі, жас баласының болуы және келтірілген зиянды жартылай өтеуі жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар деп танылды. Ауырлататын факторлар анықталмаған.

Сотталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды және жас баласының болуына байланысты оған 5 жылға бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы тағайындалды.

Мекеменің азаматтық талап қоюы қанағаттандырылып, материалдық шығынды өтеу үшін сотталушыдан 16 млн теңге өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.