• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Басылым 07 Қараша, 2024

Басқа басылымдардан: Астана мен Париж ынтымақтастығының жаңа кезеңі

114 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаев Фран­­ция астанасы Па­риж­ге сапары екі ел ара­сын­дағы стра­те­гиялық серік­тестікті нығай­та­тынына сенім­ді екенін айтты. Эм­мануэль Мак­ронға жылы қабылдағанына алғыс білдірген Қ.Тоқаев Фран­цияға сапарына үлкен мән беретінін, Астана мен Париж арасындағы стратегиялық серік­тестіктің жаңа кезеңі болатынын мәлімдеді.

«Бүгінде біздің елдеріміз белсенді және сенімді саяси диалогті қолдайды. Қазақстан мен Франция халықаралық аренада тығыз өзара іс-қимыл жасап, көпжақты платформалар аясында бейбітшілік пен тұрақты даму идеяларын бірлесіп ілгерілетіп келеді», деді Қ.Тоқаев. Ол әрі қарай Францияның Қазақстан экономикасындағы ең ірі сауда серіктестері мен жетекші ин­весторлардың бірі екенін ай­тып, француздардың Қазақ­станда бизнес жүргізуге деген адалдығы үшін ризашылығын білдірді.

Өз тарапынан Э.Макрон Па­риждегі келіссөздерінің маңы­зын атап өтті. Оның пікірінше, бұл Қазақстан-Фран­ция ынты­мақ­тастығын дамы­туға қосымша серпін береді. Бірлескен мәлімдемеде екі Пре­зидент көлік және логисти­ка, ауыл шаруашылығы, энерге­тика, өнеркәсіптік ынтымақ­тас­тық, цифрлық даму және ден­сау­лық сақтау сияқты са­лалар­дағы ынтымақтастықты талқы­ла­ды. Сондай-ақ мәдени-гума­ни­тарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінген.

 

Жоғары деңгейдегі келіссөз

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Фран­­цияға сапары барысын­да сауда-экономикалық, инвес­тиция­лық, мәдени-гумани­тар­лық салалардағы ынтымақ­тас­тықты нығайту бағытында жоғары деңгейдегі келіссөз жүргізілді.

Қ.Тоқаев климаттың өзгеруі және көші-қон сияқты жаһандық сын-қатер­лер халықаралық ынтымақтастыққа жаңартыл­ған тәсілдерді қажет ететінін айтты. Сондай-ақ Қазақстан басшысы елдің Франциямен сирек металдар өндіру, «жасыл» энергетиканы дамыту және атом өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастыққа мүдделілігін білдірді. Ол Қазақстанда атом электр стансасын салуға байланысты өткен референдум Еуропаның энергетикалық қауіп­сіздігін нығайтуға мүмкіндік ашатынын айтты.

Сонымен қатар ол Азия мен Еуропаны байланыстыратын «Орта дәліз» жобасы арқылы Қазақстанның Еуропаның энер­гетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті. Қорытындылай келе, Қ.То­қаев жаһандық тұрақтылық пен өр­кендеуге қол жеткізуге Франциямен келешегі мықты ынтымақтастыққа сенім білдірді.

 

Француз бизнесмендерін қызықтыратын ұсыныс

Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Франция­ға жасаған мемле­кет­тік сапарының нәтиже­сінде 36 құжатқа қол қойылды, оның ішінде құны 2,2 млрд долларды құрайтын 14 коммерциялық келісім бар.

Құжаттар жиынтығына 1 үкі­метаралық,  21 ведом­ствоаралық келісім кіреді. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фран­ция Президенті Эммануэль Макронның қатысуымен қол қойылған маңызды құ­жаттардың бірі – Қазақстан мен Франция арасындағы маңызды ресурстар мен материалдар саласындағы стратегиялық серік­тестіктің жол картасы.

«2040 жылға қарай маңызды шикізатқа әлемдік сұраныс төрт есе өсетіндіктен, Қазақстан француз және еуропалық өнеркәсіптің сенімді жеткізуші серіктестігі бола алады», деді Қ.Тоқаев Парижде француз бизнес алпауыттарының қатысуымен өткен инвестициялық дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде. Қазақстан – ЕО экономикасына қажетті маңызды шикізаттың ең сенімді әрі маңызды өндірушісі. Қазіргі уақытта елде титан, мыс, магний және скандийді қоса алғанда, 34 маңызды шикізаттың 19-ы өндіріледі. Сонымен қатар Қазақстанда литий, бериллий және тантал сияқты сирек кездесетін минералдардың мол қоры бар, ал олар жоға­ры технологиялық және экология­лық таза салаларға өте маңызды.

Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі. Қазіргі уақытта бұл ел Францияның аймақтағы саудасының 80 пайыздан астамын құрайды. Франция Қазақстанға салынған инвестиция көлемі бойынша алтыншы орында тұр. «Alstom», «TotalEnergies», «Air Liquide», «Orano», «Vicat», «Danone» және «Lactalis» сияқты ірі француз компаниялары Қазақстан экономикасына қомақты қаржы салған, жалпы сомасы шамамен 19,5 млрд долларды құрайды. 2024 жылдың өзінде Францияның тікелей инвес­тициясы шамамен 900 млн долларға жеткен. Қазір қазақстандық нарықта 200-ден аса француз компаниясы жұмыс істейді. 2023 жылы екі ел арасындағы екіжақты тауар айналымы 4,2 млрд долларды құраған.