Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі өтті.
Комиссия отырысында Елбасының атына біздің еліміздің азаматы болуға өтініш берген 20 мың адамның құжаттары қаралды. Тиісті Жарлыққа Елбасы қол қойғаннан кейін Қазақ елінің азаматтары атанатын бұл жандардың дені қазақ болғанымен, алыс-жақын шет елдерден келген басқа ұлт өкілдері де баршылық көрінеді.
Егер де тәуелсіздік алған 19 жылдың ішіндегі еліміздің демографиялық дамуына көз салсақ, алғашында Қазақстаннан басқа елдерге қоныс аударушылар санының басым екендігін байқар едік. Бірте-бірте бұл теріс сальдо оңға ауысты. Жыл өткен сайын еліміздің азаматтығын алуға құлшыныс білдіргендердің саны арта түсуде. Егемендік алғалы 600 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын қабылдаған және оның ең көп бөлігі соңғы жылдардың еншісіне тиеді.
Мәжілісті ашқан Қанат Саудабаев: “Бүгінгі отырыстың еліміздің тарихындағы айрықша күн – тәуелсіз Қазақстан елордасының күні қарсаңында өтуінің маңызы ерекше. Астана дамыған орталық болып қана қоймай, сонымен бірге, қазіргі заманғы зор урбанистік жобалардың бірі ретінде егемен Қазақстанның үлкен әлеуетін көрсетуде. Бүгін біздің азаматтығымызды алуға және қазақстандық болуға ынта білдіріп отырған 20 мыңнан аса адамның өтініштерін қарастыруымыз да осының дәлелі болып табылады”, – деді.
Қ.Саудабаев сондай-ақ Қазақстанның азаматы болуға әртүрлі елдерден талпынушы адамдар санының өсуі Ұлт Көшбасшысы деп танылған Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жетістіктерінің жоғары дәрежеде халықаралық мойындалуының дәлелі екендігін атап көрсетті. Және де мереке қарсаңында азаматтық алайын деп отырған жандарға бақыт, амандық, жемісті өмір және табыс тіледі. Ендігі міндет – жауапты мемлекеттік органдардың олардың жаңадан тапқан отандарында тезірек бейімделуін жылдам және жауапкершілікпен шешуі қажет, деді отырысты қортындылай келіп сырты саясат ведомствосының басшысы.
Сонымен, ел азаматтары тағы 20 мыңға өсті. Көбеймесек көсегеміздің көгермейтіні анық қой. Ендеше, өсіп, өне берейік.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.