• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
ANTIKOR 08 Қараша, 2024

Күрестің тиімдісі – жемқорлықтың алдын алу

43 рет
көрсетілді

Шымкенттің ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қызмет) Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет генерал-майоры Қанат Сүлейменов мегаполисте сыбайлас жем­қорлық тәуекелдері картасының іске асы­ры­луы жөнінде брифинг ұйымдастырып, сала­да­ғы атқарылған басқа да жұмыс туралы баяндады.

Департамент басшысының айтуын­ша, құзырлы орган сыбайлас жем­қор­лықтың орын алу қаупі жоғары де­ген 15 саланы іріктеп алып, арнайы карта әзірлеген. Карта арқылы департамент парақорлыққа қарсы күресті күшейтіп, жемқорлық қылмысын болдырмауға, тәуекел жоғары салаларды бақылауда ұстауға күш салып жатыр. Сыбайлас жем­қорлық картасына білім, медицина, жер қатынастары, тұрғын үй, әлеуметтік қамту, мемлекеттік сатып алу, құрылыс, жол, бизнес, сейсмология, сот, полиция секілді қызмет түрлері еніп отыр. Департамент басшысы аталған картаның көмегімен қылмыстың алдын алу мен жедел тергеу жұмыстарын жүргізу оңай әрі тиімді бола түскенін айтады. Тіпті жаңа тәжірибе көрсеткен алғашқы нәтижелер де жоқ емес.

Талдау көрсеткендей, бес жыл ішін­де әкімдік 28 млрд теңгеге 1,5 мыңға жуық жер учаскесін мемлекет иелігіне қайтарған. Осы орайда әкімдік тарапынан 5 717 гектарды құрайтын 4 579 жер учаскесін мемлекеттік қажеттілікке алу туралы шешім шығарылған. Дей тұрғанмен, осы күнге дейін 3 мыңнан астам жер учаскесін алу туралы шешім орындалмаған. Оған меншік иесінің өзгеруі, жер құнының қымбаттауы, шұғыл сатып алулар, тағы басқа мәсе­лелер себеп болған. Бұл ретте департамент жерді бағалауда, алынған мүлікті есепке алуды жүргізуде, меншік иелерін іріктеуде сыбайлас жемқорлықтың орын алу мүмкіндігі барын анықта­ды. Себебі жерге қатысты құжаттық рәсімдер көбінесе ашық емес үлгіде болады, құжаттарды рәсімдеу шарттарын лауазымды тұлғалар іске асырады. Сондықтан мемлекеттік қажеттілікке жер­ді алу үдерісінде жемқорлықты бол­дырмау мақсатында департамент бұл қызметті цифрландыру, арнайы тізім жасақтап оған азаматтардың қол­жетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ бұрын жеке меншіктен алынған жер­лерде мемлекеттік жобаларды іске асыру мерзімдерін белгілеу жөнінде ұсынымдар берді.

Сала басшысы өз баяндамасында Шымкентте су қорғау белдеулері шегінде 2 300-ден астам нысан барын атап өтті. Нысандардың өзендерге жақын салынып кетуінің себебі ресми түрде белгіленген су қорғау аймақтары мен белдеулеріне қатысты арнайы заң болмаған, ережені қабылдағанша 6 жыл уақыт өтіп кеткен. Соның салдарынан өзендердің жа­ғалауын заңсыз құрылыс басты. Оның үстіне, Арал-Сырдария бассейндік инс­­пекциясымен де құрылыс жұмысы ешқандай келісілмеген. Шымкенттің ең басты су арнасы Қошқарата өзені екені белгілі. Оның ұзындығы 15 шақырымға созылып жатыр. Бір қызығы, шаһар­дың осы жалғыз арнасы жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына енгізілмепті, соған сәйкес тиісті қызыл сызық орнатылмаған. Ендігі ретте бұл мәселе шешімін табуға тиіс екенін айтты департамент басшысы.

Ветеринарлық талаптарға сәйкес сібір жарасы бар көмілген жерлер ерекше қорғалып, есепке алынады. Осындай шұңқырға көмілген мал қорымдары мың метрден, одан да жоғары санитар­лық-қорғаныш аймағы бар қауіптілік­тің І сыныбына жатады. Мегаполисте сібір жарасының ошағы саналатын сегіз орын бар. Алайда уәкілетті органдар са­нитарлық-қорғаныш аймағын белгілеу жөнінде тиісті шаралар қолданбаған. Сібір жарасы бар жекелеген жерлеу орындары тұрғын үйлердің, өнді­ріс­тік нысандардың, сондай-ақ егіс алқап­тарының жанында орналасқан. Бұл әл­бетте халық денсаулығына үлкен қауіп тудырады. Осы орайда департамент тиісті тал­дау жүргізіп, соның нәтиже­сіне сай жер­гілікті атқарушы ор­гандарға ­арнайы ұсыныс жіберілді. Мұн­дағы мақсат ертеңгі күні адамдар­дың денсаулығына қауіп төнетіндей жағдайды болдырмай, дер кезінде соның алдын алу. Сондықтан қала әкімдігі­не ұйым­дастырушылық-басқарушылық ше­шімдер қабылдау керектігі ескертілді. Департамент бүгінде құрылыс саласына да профилактикалық іс-шараларын жүргізуді жалғастырып келеді. Мони­торинг кезінде анықталғандай, өңір­лердегі құрылыс-монтаждау жұмыс­тарына кепілдік мерзімдері әртүрлі бо­лып келген. Мәселен, ол 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімді құрауы мүм­кін. Айталық, кейінгі 6 жылда қалалық құрылыс басқармасы 154 млрд теңгеге 193 көпқабатты тұрғын үй салған. Мерді­герлермен жасалған барлық келісім­шартта бес жылдық кепілдік мерзімі белгіленген.

Департаменттің бастамасымен құры­лыс, энергетика, жол салаларындағы әкімдіктің бейінді басқармаларының сатып алынатын құрылыс-монтаждау жұмыстарына кепілдік мерзімін ұлғайту туралы бұйрықтар қабылданды. Яғни енді мемлекеттік тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алу туралы келісім­шарттарда лоттарға қойылатын талап­тарға кепілдік мерзімін кемінде 84 ай деп көрсетеді. Былайша айтқанда, кепілдік мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұлғайтылды.

Бүгінде департамент құрылысы аяқ­талмаған төрт нысанды бақылауға алған. Атап айтқанда, Ақжар қосалқы стансасы, Қонаев даңғылының жалғасы, Тұран шағын ауданындағы №7, №10 көшелердің инженерлік-коммуникациялық жү­йе­лері. Биыл ұзақмерзімді құрылыс нысандарын салудың проблемалық мәселелері қала әкімдігі жанындағы Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияда бірнеше рет қаралды. Нәтижесінде, оларды мерзі­мінде тапсыру жөнінде хаттамалық тапсырма берілді.

Бұған дейін Қонаев даңғылының жалғасы саналатын автожол құры­лы­сының бесінші кезеңінің құнын бір­шама қымбаттатып жібергені анық­тал­ған еді. Осыған байланысты жергілік­­ті атқарушы билікке ақпараттандыру хаты жолданып, соның негізінде әкімдік құрылыс-монтаждау жұмыстары­ның шығынын азайту мақсатында жобалау сметалық құжаттамаға түзетулер ен­гізілді. Нәтижесінде, 3,2 млрд теңгедей қомақты қаражат үнемделді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет мемлекеттік сатып алу жоспарлары­на мониторинг жасап, бағаны негізсіз көтеріп жібермеуді де бақылауда ұстай­ды. Осындай жұмыстар биыл 6 млрд теңге­ден астам қаражаттың үнемделуіне сеп­тігін тигізді.

Құзырлы орган басшысы мәлім­де­гендей, спорт саласында да жемқор­лыққа итермелейтін тұстар жетерлік. Соларды жоюға қатысты департамент 34 ұсыныс жолдап, қазір ұсыныстар ішінара орындалып жатыр. Мәселен, уәкілетті орган ауыр атлетика, жек­пе-жек, тағы басқа спорт түрлері ұйым­дарының 19 жаттықтырушысы мен 13 әдіскерінің жалған құжатпен «Білік­тілігі жоғары деңгейдегі бірінші санат­ты жаттықтырушы», «Біліктілігі жо­ғары деңгейдегі бірінші санатты әдіс­кер» атақтарын алғандығын анық­тап, олардың күшін жойғызды. Одан бөлек, негізсіз төленген 1,9 млн теңге үстемеақы бюджетке кері қайта­рылды. Департамент бюджеттік спорт ұйымдарының қыз­меткерлеріне қо­сымша ақыны есептеуде бірнеше кем­шіліктің болғанын анықтап, тағы бір заң бұзушылықтың бетін ашты. Құқықтық актідегі олқылықтар мен жат­тығуға жұмсалатын қосымша ақыны өз бетінше есептеу негізсіз әрі жоғары үстемеақылардың төленуіне түрткі бол­ған. Жекелеген спорт мекемелерін­де жалақыға қосымша ақы 500 пайыздан асқан, сонымен қатар әкімшілік-басқару персоналына үстемеақы қа­рас­тырылған. Қосымша ақылар спорт мектебі директорларының жүр­гізу­ші­леріне, коменданттарға, референттерге, мұрағатшылар мен от жағу­шыларға тағайындалған. Осы барыс­та жалпы құны 15,5 млн теңгені құраған 16 дерек анықталып, оның 13,3 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.

Қ.Сүлейменовтің айтуынша, мұн­дай заң бұзушылық жарыстар мен спорт­тық атақтардың берілуіне қатысты бір­ыңғай электрондық базаның болмауынан орын алған. Осыған байланысты келесі жылдан бастап салаға жауапты министрлік тиісті ақпараттық жүйені енгізеді.

«Отбасының еңбекке қабілетті мү­шелері салықтық есептен шығарылған кәсіпкерлерден жұмыс орны туралы бұйрықтар мен анықтамалар алған 199 жағдайды анықтадық. Мұндай атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 49,6 млн теңге төленген. Сондай-ақ гранттық қар­жыландыру ережесімен бизнес-идеяларына грант жеңіп алғандар 3 ай ішінде кәсіпкерлік жұмыстарына кірісу­ге тиіс. Алайда біз анықтағандай, 2022 жылы грант ұтқан кейбір тұлғалардың жеке кәсіпкер ретінде мүлдем тіркелмегені немесе 3 айдан кейін кәсіп бастамағаны, тіпті көп ұзамай өз фирмаларын жауып тастағаны белгілі болды. Грант алушылар туралы деректерді салық органына беру жөніндегі талаптар да орындалмаған. Сондықтан жұмыспен қамту басқармасы жоғарыда көрсетілген фактілерге қатысты тиісті талап-арыздарды орындау шараларын бастады. Бүгінде 13 грант иегері қаражатты тиімсіз пайдаланғаны үшін 14 миллион теңге­ден астам мөлшердегі қаржыны мемле­кет қазынасына қайтарды. Қалған қаражат­­ты өндіру сот орындаушыларына жүк­тел­ді немесе сот инстанцияларында қара­лып жатыр», деді департамент басшы­сы Қ.Сүлейменов.