• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ғылым 08 Қараша, 2024

Химиктердің алқалы жиынына қатысады

40 рет
көрсетілді

Назарбаев университетінің екінші курс магистранты Айдарбек Нуфтолла Гононулуда өтетін «PRiME-2024» халықаралық конференциясына қатысу үшін Америка электрхи­миялық қоғамының (ECS) грантына ие болды.

Төрт жыл сайын өтетін бұл конференция электр­химия саласындағы ғалымдар арасында айтулы оқиға саналады. Мұнда әлемнің жетекші ғалымдары озық идеялармен бөлісіп, соны ғылыми жетістіктерді тал­қылайды. Мысалы, атақты америкалық өнертапқыш Томас Эдисон ұзақ жыл бойы осы қоғамның мүшесі болған. Қазір оған көптеген Нобель сыйлығының лауреаты ғана емес, сонымен бірге литий-иондық батарея жасаушылары да мүше болып кірген.

Жас ғалым «PRiME-2024 конференциясында ZIF-8 кеуекті материалымен қапталған мырыш оксиді (ZnO) сияқты өзгертілген наноматериалға негізделген газ сенсорларын әзірлеуге арналған жұмысын таныстырады.

«Бұл сенсорлар белгілі бір газдарға жоғары сезім­талдық пен селективтілікке ие. Сондықтан олардың экологиялық және өндірістік мәселелерді шешуге маңызы зор. Әсіресе осындай беделді жиынға зерт­теуімді ұсынуға қолдау көрсеткен ғылыми жетекшім, профессор Алмагүл Ментбаева мен доктор Бақтияр Солтабаевқа алғысымды айтамын», деді ол.

Ізденімпаз магистранттың аталған жұмысы NU Озық сенсорлар зертханасында (ASL) жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулермен тығыз байланысты. Бұл зертхананың мақсаты – өндірістік нысандардағы қауіп­ті газдарды жылдам анықтау үшін қолданылатын жаңа сенсорлық технологияларды дайындап, енгізу.

«Ауыл шаруашылығында мұндай сенсорларды көкөністер мен жеміс-жидектерді жинап алғаннан кейін­гі күйін бақылауға пайдалануға болады. Өйткені бұл се­н­сорлар өнімдер бұзылғанда бөлінетін этилен се­кілді газдарды анықтайды. Бұл шығынды азайтып, өнім­нің сапасын жақсартуға көмектеседі», дейді зерттеуші.

Айдарбек өз сөзінде еліміздің экологиялық жағ­дайын жақсартып, экономиканы дамытуға ықпал ететін тиімді әрі қолжетімді технологияларды әзірлеп, газ сенсоры саласындағы зерттеулерін жалғастыра беретінін жеткізді.