• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 08 Қараша, 2024

33 ауылда әкім сайланады

117 рет
көрсетілді

Ертіс-Баян өңіріндегі 355 ауылдық елді мекен бүгінде 126 дербес ауылдық бюджетке біріктірілген. Биыл жергілікті өзін- өзі басқару бюджетінің көлемі 21,1 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артық.

Павлодар облысындағы ауыл әкімдерін сайлау үрдісі келер жылы да жалғасады. Өңірдегі ауылдық округтердің үдемелі да­м­уы байқалады. 355 ауылдық елді мекен 126 дербес ауылдық бюджетке біріктірілген. Орташа алғанда, ауылдық бюджеттің қаржылық қамтамасыз етілуі 9 пайызды құрайды және 90 пайызға дейін жоғары тұрған бюджеттерден субвенциямен, трансферттермен өтеледі. Биыл облыстық бюджеттен 250-ге жуық жобаны іске асыруға 6 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген. Оның игілігін облыстағы барлық ауылдың үштен бірі көрді.

– Биыл өңірдің 50-ден аса ауылына барып, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларды іске асыру бойынша округ әкімдерімен кездестім. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» – бұл жай ғана ұран емес, Әді­летті Қазақстанды құрудағы ай­­қындаушы формула. Ауыл әкімінің қызметі жұмыс күнімен шектелмейді, ал халықпен жұмыс істеу тек қабылдау сағаттарынан тұрмайды. Бәріміздің алдымызда тұрған ортақ мақсат – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, өңірді дамыту. Бұл – күрделі әрі көпсалалы жұмыс, – дейді өңір басшысы Асайын Байханов. 

Ауылдарды дамыту мен жаң­­­­ғыртуға «Ауыл – ел бесігі» мем­­лекеттік бағдарламасы сеп болып отыр. Биыл 15 ауыл қам­тыл­ды. Бұл – су құбырларын, спорт нысандарын, мәдениет үйлерін жөндеу, салу, ауыл­­дарды абаттандыру, ауыл­дардың кірме жолдарына асфальт­ төсеу. Ал «Ауыл амана­ты» жо­басы биыл жаңа кә­­сіпорындар ашуға, қайта өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге, мал басын көбейтуге, сондай-ақ 100-ден аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Кейінгі 15 жылда алғаш рет биз­­­нес пен мемлекеттің өзара әре­­­­кеттестігі аясында халықтың әлеу­меттік осал топтарынан кезекте тұрғандар үшін 800-ден аса пәтер, оның ішінде облыстың 10 ауданында 313 пәтер сатып алынды.

«Amanat» партиясы орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов бүгінгі таңда әкімдер ел үміті екенін атап өтті.

– Әкімшілік реформа өз нәти­жесін беріп жатыр. Жергі­лікті жердегі мәселелерді шешу үшін өкілеттіктер орталық дең­гейден төменге беріледі. Ауыл әкімдерін сайлау саяси жаңғырудың жаңа кезеңі, сон­дай-ақ жүргізіліп жатқан реформалардың бірізділігі мен тиімділігін көрсетеді. Бұл дегеніміз, сіздерде жергілікті тұрғындардан қолдау бар екенін білдіреді, ауыл­ды басқаруда өзде­ріңіздің жеке моделіңізді құра­сыздар. Келесі жылы әкім­дер­дің сайлауы барлық қала мен ауданда өтеді. Сонымен қатар бюджеттік орталықсыздандыру жүргізіліп жатыр. Жергілікті өзін өзі басқарудың қаржылық дербестігін арттыру қажет. Атап айтқанда, үкіметке жаңа бюджет және салық кодекс­те­рін әзірлеу шеңберінде ауыл әкімдерінің бюджетті қа­­­лып­­­тастыру және қаражатты жұм­­сау тетігін қай­та қарау тапсырылды, – деді М.Оспанов.

Атап өтелік, биыл Ертіс-Баян өңірінде 30 ауылдық әкімі сайланып қойылды. Ал келер жылы 33 ауылдың әкімі сайланады деп күтіліп отыр.

 

Павлодар облысы