• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Оқиға 08 Қараша, 2024

Мемлекеттік қарыздың бақылауын қамтамасыз ететін жүйе қажет - депутат

111 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мемлекеттік бюджеттің тапшылығына тоқталып, шешілмей жүрген түйіткілді мәселелер туралы айтты, деп жазады Egemen.kz.

Аймағамбетовтың пікірінше, мемлекеттік бюджеттің тапшылығы тағы бірнеше мәселемен тығыз байланысты: мемлекеттік қарыз, әртүрлі қорлардың «екінші бюджет» ретінде пайда болуы, тиімсіз бюджетаралық қарым-қатынастар және бюджеттік тәртіптің әлсіздігі.

«Мемлекеттік қарыз және оны қоғам тарапынан бақылау мәселесі әлі де шешілмеген күйде қалып отыр. Бізге сыртқы және ішкі қарыздардың қатаң ашықтығын және бақылауын қамтамасыз ететін жүйе қажет. Қарыздың әрі қарай өсуі бізді бюджет дағдарысына әкелуі мүмкін. Кодекс жобасында біздің түзетулерге қарамастан, бұл мәселе жүйелі түрде шешілмей тұр», деп жазды Асхат Аймағамбетов Telegram парашасында.

Сонымен қатар депутат квазимемлекеттік құрылымдар көбінесе парламенттік және қоғамдық бақылаусыз ірі көлемде қарыз алатынын тілге тиек етті.

«Бұл жағдай мемлекеттік органдарға осындай қарыздарды Парламентпен келісусіз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тетікке айналды. Жаңа Бюджет кодексі бұл тетіктерді толық жаппайды және мұндай бақылаусыз қарыздарды шектемейді. Үкімет қарыздың қауіпсіз деңгейі туралы мәлімдемелермен тыныштандыруға тырысады, бірақ бұл жағдай одан да үлкен алаңдаушылық тудырады», деді ол.

Оның айтуынша, «Екінші бюджет» ретінде жұмыс істейтін әртүрлі қорлар Парламенттің және тіпті Жоғарғы аудит палатасының жалпы қаржылық бақылауынан тыс қызмет етеді.

«Қаржылық жоспарлаудың біртұтастығын қалпына келтіру үшін олар жалпы стратегияның бір бөлігі болып, Парламентке есеп беруге міндетті болуы керек. Бюджет бірыңғай болуы тиіс, ал бұл мәселеге қатысты біздің түзетулеріміз әлі де талқылау кезеңінде тұр», деді Аймағамбетов.

Депутат Самұрық-Қазынадан дивидендтерді бюджетке аудару мәселесіне де назар аударды. Самұрық-Қазынадан бюджетке дивидендтер аудару мәселесі әлі шешімін таппаған. Дивидендтер бюджетке түсіп, қажет болған жағдайда Самұрық-Қазына компанияларының инфрақұрылымдық жобаларын қайта инвестициялауға бағытталуы тиіс.

«Ең бастысы, барлық қаражат бюджет арқылы өтуі керек. Қазіргі таңда, жүздеген миллиард, тіпті триллионға жуық қаражат бюджеттен тыс қалып отыр деуге болады. Бұл қаражаттың бір бөлігі үкіметтің тапсырмасы бойынша әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға және басқа да әлеуметтік бағыттарға жұмсалады, алайда бұл қаражаттың жұмсалуы ашық емес, бюджеттің жалпы мақсаттарымен байланысты емес және қоғамдық әрі бюджеттік бақылаудан тыс өтеді. Бұл жерде де нақты шаралар қажет», деп қорытындылады Асхат Аймағамбетов.