Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары мемлекеттік органдардың басшыларымен, «Атамекен» ҰКП, қоғамдық ұйымдар, кәсіпорындар мен фермер шаруашылықтарының өкілдерімен кездесті. Онда Қазақстанда тері мен жүнді қайта өңдеу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Комитет төрағасы Әли Бектаев өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйектегі Жолдауында агроөнеркәсіп секторының өнімдерін қайта өңдеу үлесін үш жыл ішінде 70%-ға дейін арттыру міндеті қойылғанын атап өтті. Алайда, Үкіметтің қолдауына қарамастан, жүн мен теріні қайта өңдеу деңгейі төмен күйінде қалып келеді.
«Бүгінгі таңда өндірілген жүннің жалпы көлемінің тек 21%-ы және терінің 12-13%-ы ғана қайта өңделеді. Ал жыл сайын 2 миллионнан астам ірі қара терісі өңдеуге жіберілмейді және көбінесе полигонға тасталады. Бұл экономика үшін жыл сайын шамамен 7 миллиард теңге мөлшерінде тікелей шығынды көрсетеді. Ежелден мал шаруашылығы шикізатына ұқыпты қарайтын халық дәстүріне мұндай шығын тән емес. Әлемдік тәжірибеде жүн мен теріні қайта өңдеу ісі агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бөлігі болып отырса да, бұл сала біздің елімізде қосымша назар аудару мен қолдауды қажет етеді», деп атап өтті сенатор Бектаев.
Сенаторлар талқылау кезінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып шикізатты қайта өңдеу проблемаларын шешу жөніндегі бірқатар шараларды талқылады. Атап айтқанда, қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау үшін қосымша заңнамалық шаралардың қажеттігі мен саланы субсидиялау мәселелерін қарау туралы айтылды. Екі жыл бұрын тері мен жүнді қайта өңдеу ісі Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілген болатын. Бұл белгілі бір субсидия шараларын енгізуге мүмкіндік берді. Сенаторлар саланы қолдауды заңнамалық түрде бекіту және шикізатты терең өңдеуді ынталандыру үшін ережелер қарастыруды келесі қадам ретінде ұсынды.
Кездесуге қатысушылар қайта өңдеу саласының дамуын тежейтін негізгі проблемаларды жан-жақты талқылау және шикізатты тереңдетіп өңдеу үшін кедергілерді жою туралы пікір алмасу қажеттігін атап өтті.