• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Қараша, 2024

Экономиканы өркендетуге арналған ынтымақтастық

65 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің төрағалығымен Астанада өткен Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық (ОАӨЭЫ) бағдарламасының 23-ші министрлік конференциясына қатысты. Мақсат – Орталық Азия өңірінің интеграцияланған және орнықты дамуын қалыптастыруда бағдарламаға қатысушы елдер мен халықаралық қаржы институттары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту.

ОАӨЭЫ бағдарламасы – Азия даму банкінің бастамасы, жетекші халықаралық қаржы ұйымдарымен серік­тес­тікте жүзеге асырылады. Конференцияға Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакава, ОАӨЭЫ институтының директоры Кабир Джуразода, Еуропалық комиссияның Таяу Шығыс, Азия және Тынық мұхиты бойынша директоры Петерис Устубс, Халықаралық валюта қорының, Дүниежүзі­лік банктің, Ислам даму банкі­нің және басқа да қаржы ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Жапо­ния, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия, Моң­ғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан үкіметтік делегациялары қатысты.

Мемлекеттердің эконом­и­ка­лық және қаржылық тұрақ­тылық, инфрақұрылымды дамыту, сауда, энергетика, су ресурстары, декарбонизация және басқа да салалардағы өзара іс-қимылы талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов бағ­дарламаның Орталық Азия өңірі үшін өзектілігін атап өтті. 20 жылдан астам уақыт ішінде өңірге шамамен 51 млрд доллар инвестиция салынса, оның 9 млрд доллардан астамы Қазақстандағы жобаларға бағытталған.

«Біз ортақ мақсаттарға жету үшін халықаралық қар­­жы ұйымдарымен және ОАӨЭЫ-ға қатысушы елдермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуді жалғастыра­мыз. Біз терең өңдеуге және қайта өңделген өнім үлесін арттыруға, экспорт құрылы­мын белсенді түрде өзгертуге және оның көлемін ұлғайтуға баса назар аудара отырып, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталғанбыз. Сондай-ақ біз Орталық Азия мемлекет­тері­нің көлік қатынасы мен энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Өңір елдері мен халықаралық қаржы ұйымдарын бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін күш біріктіруге шақырамын», деп атап өтті О.Бектенов.

Өз кезегінде Азия даму банкі­нің президенті Масацугу Асакава ОАӨЭЫ басым ба­ғыт­тары қатарында климат­тың өзгеруіне қарсы күресте шешу­ші іс-қимылдар қабылдау, ерте ескерту жүйелерімен тұрақты инфрақұрылым құру, сондай-ақ цифрлық трансформацияны дамыту және инновация­лар енгізу тұрғанын баса айтты. Конференцияға қатысушы­­лар адами капиталды дамытуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бас­тамаларға назар аударды.

Жиын қорытындысы бо­йынша ОАӨЭЫ Климат және орнықты даму жобаларын да­йындау қоры туралы келісімге қол қойылды.