• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 09 Қараша, 2024

Бизнестің инвестициялық мүмкіндігі кеңейеді

112 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов шағын және орта бизнес (ШОБ) форумына қатысты, онда кәсіп­керлікті дамыту мә­­се­лелері көтеріліп, отан­дық тауар өндіруші­лерді мем­лекеттік қолдау­ды жетілдіру бойынша қа­был­­данған шаралар атап өтілді. Сондай-ақ еліміз­дегі іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту идеялары айтылды.

Форумға барлық өңірден 450-ден аса ШОБ өкілі қатыс­ты. Микро, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, елі­шілік құн үлесін арттыруға, қыз­мет­терді цифрландыру ар­қылы әкімшілік рәсімдерді жеңіл­детуге, инвестициялық жобаларды іске асыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және басқа да мәселелерге назар аударылды.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қойылған міндет­терді іске асыру шеңберін­де Үкімет іскерлік белсенділікті арттыру және бизнесті жүр­гізу үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде кешенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Мәселен, өткен жылдан бастап енгізілген «таза парақтан» реттеу қағидатына сәйкес, бизнес­ке қойылатын жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сай келмейтін 10 мыңнан аса талап жойылды.  Шағын және орта кәсіпкерліктің басым салаларын қолдау мақсатында қаржылық шаралар іске асырылып келеді. Екінші деңгейлі банктер несиесін субсидиялау және ішінара кепілдік беру аясында қолдау шаралары 2019 жылдан бері 5 есе өсіп, 150 мыңнан аса жобаны құрады. Төленген субсидия көлемі 8 есе артты.

Тұтастай алғанда, қабыл­да­нып жатқан кешенді шара­лардың нәтижесінде ел эконо­микасындағы ШОБ үлесі 37%-ға дейін өсті. Бүгінгі таңда бизнес саласында 4 млн-нан аса азамат жұмыс істейді. Өткен жарты жылда шағын және орта кәсіп­керлік субъектілері 34 трлн тең­генің өнімін өндірді. Өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда шамамен 20%-ды құрады.

«Президент отандық бизнеске және инвесторларға жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті екенін нақты айтты. Біздің мақсатымыз – бизнес өзін нық сезінетін, сондай-ақ өз идеяларын жүзеге асыруға, өндірістерін кеңейтуге және болашаққа инвестиция салуға мүмкіндік беретін экономика құру. Бұл ретте әр кәсіпкердің мем­лекеттік органдармен арада­ғы өзара іс-қимылдың ашық­тығына және жеделдігіне сенім артуы маңызды. Біз жаһан­дық сын-қатерлер мен жедел тех­­нологиялық прогресс жағ­да­йында кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін дамытып қана қой­май, экономикамызды белсенді түр­де әртараптандыруымыз қа­жет екенін түсінеміз. Бұл орайда биз­нестің рөлі өлшеусіз», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мемлекеттік қолдау шара­лары­ның тиімділігін агроөнер­кәсіп кешені саласынан айқын байқауға болатыны айтылды. Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру 2,5 есе артып, 580 млрд теңгені құрады. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрі бойынша жоғары өнім алуға мүмкіндік берді. Премьер-министр ШОБ саласындағы осындай көрсеткіштерге қол жеткізу келешегін атап көрсетті. Бұл ретте мемлекеттік қолдау бизнес­тің қарсы міндеттемелерін де білдіреді, яғни ішкі нарықты сапалы әрі қымбат емес өнімдермен қамтамасыз ету, қайта өңдеу көлемін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын құру және экспортты ұлғайта отырып, өндірісті біртіндеп ірілендіру мәселелеріне көңіл бөлінуге тиіс.

Ірі бизнес төңірегіндегі ШОБ бел­деуін дамытудың елеулі әлеуеті белгіленді. Ірі кәсіпорын­дар жергілікті компаниялармен ұзақ­мер­зімді келісімшарттар жасасуы керек. Бұл мемлекеттік қолдау­ға ие болудың міндетті шартына айналады. Барлық даму институт­тарына тиісті тапсырмалар берілді.

Үкімет биыл отандық тауар өндірушілерді басым тәртіппен қолдау бойынша бірқатар шешім қабылдады. Бүгінгі таңда отандық тауар өндірушілерден мемлекеттік сатып алуларда басым тәртіппен сатып алынатын тауарлар тізбесі 3 еседен астамға кеңейтілді. Бүгінгі таңда бұл – 4,5 мың тауар. Жасалған шарттардың сомасы 31%-ға ұлғайтылып, 167 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ ірі тапсырыс берушілердің («Самұрық-Қазына» қоры, жер қойнауын пайдаланушылар) сатып алу рәсімдеріне өзгерістер енгізілді: биыл отандық тауар өндірушілермен 470 млрд теңгеге 100-ден аса ұзақмерзімді шарт және 134 млрд теңгеге 260-тан аса офтейк-келісімшарт жасалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 есе көп.

Президент жариялаған жұ­мыс­­шы мамандықтары жылы ая­сын­да адами капиталды дамы­ту, ғы­лым мен өндірісті интегра­ция­лау мәселелеріне ерекше назар аударылды. О.Бектенов бизнесті кадрлық әлеуетті арттыру, студенттер үшін тиімді тәжі­рибе базасын ұсыну және жұмыс орындарын квоталау арқылы түлектерді жұмысқа орналастыру үшін күш салуға шақырды.

Форум барысында «Атамекен» ҰКП Төралқа төр­ағасы Райымбек Баталов еліміз­де шағын және орта бизнес экожүйесінің дамуы туралы хабарлады. Әлеуметтік кәсіпкер Жаңагүл Жапарова шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі барлық тізбекті өндіру арқы­лы ауылды дамытуға бағыт­тал­ған «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысу туралы әңгімеледі. «Қазэлектромаш» ЖШС және «Кублей» ЖШС басшылары Виталий Распопин мен Зәуре Бере­кешева кластерлік тәсіл арқы­лы жоғары деңгейде қайта өңдеуді игеру және етті қайта өңдеу­ді дамыту бойынша тәжі­ри­белерін бөлісті.

Форум аясында Премьер-министр шығарылатын отандық тауарлар желісімен танысты. Тоқыма өнеркәсібі жетістігін көрсете отырып, Үкімет басшысына мақта өсіру, жіп және мата өндіру, сондай-ақ ел ішінде де, шетелде де сұранысқа ие дайын өнім шығарумен айналысатын бірқатар кәсіпорын таныстырылды. Бұл тұрғы­да О.Бектенов өңірлік бағыт­ты ескере отырып, кластерлер құру қағидатына сәйкес жо­ба­­­ларды қолдау бойынша жаңа тәсілдің маңыздылығына тоқ­­тал­­ды. Бизнеспен бірлесіп, ШОБ дамуына қосымша серпін бере­тін мәселелер талқылан­ды. Премьер-министр салалық ми­нистр­ліктер мен ұйымдарға бірқатар тапсырма берді.