Украинаның танымал боксшысы Вячеслав Узелков 46 жасына қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы Украина бокс федерациясының басшысы Владимир Продивус мәлімдеген, деп жазады Egemen.kz.
«Досымыз және әріптесіміз Вячеслав Узелковтың қазасын ауыр қабылдадым.
Бүгін Украина боксы орны толмас қазаға тап болды. Вячеслав тек даңқты боксшы емес, ол сондай-ақ жүрегі кең адам болды, әрдайым жұмысын толықтай беріліп істейтін.
Оның жеңіске деген жігерін, рухын, қайсарлығын ешқашан ұмыта алмаймыз. Вячеслав көптеген жас боксшыға үлгі бола білді және Украина боксына адал қызмет етті.
Әрдайым есіміздесің, Слава», деп жазды Продивустың сөзін 1bol.kz.
Айта кетейік, биыл наурыз айында Узелковтың жүрегінде және қан тамырында тромб анықталған болатын. Сондай-ақ, оның аяғында гангрена болған. Сәуір айында жүрегіне ота жасалып, содан бері оңалтудан өтіп жатқан.
Вячеслав Узелков кәсіпқой бокста жартылай орта салмақта WBA Inter-Continental, IBO International және WBO Inter-Continental нұсқалары бойынша чемпион болған.