• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Қараша, 2024

17 медаль: саңлақтар сенімді ақтады

88 рет
көрсетілді

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында самбо, жауынгерлік самбодан әлем чемпионаты мәресіне жетті. Ел үмітін арқалаған балуандар межелі жүлдені олжалады. Жалпыкомандалық есепте балуандарымыз екінші сатыға орнықты.

Үш күнге созылған әлем чем­п­ионатында сайысқа түскен балуан­дарымыз аянып қалған жоқ. Ұлттық құраманың бас бап­­­кері Біржан Имаханов дода қар­са­ңында кемінде екі алтын алу мін­­деті жүктелгенін айтқан еді. Шә­кірт­тері сенім үдесінен шығып, үш мәрте әнұранымызды шырқатты.

Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі доданың түңлігі тү­рілген бірінші сайыс күні спорт­тық самбодан Темірлан Көлбай (+98 кг) жеңіске жетті. Іріктеу кезеңін­де ол алдымен жапон Кени­чи На­кая­маны жықты, екінші айналым­да Гондурас елінің өкілі Бред Фло­рестен басым түсті. Ши­рек финалдық белдесуде өз­бек­стандық Нұрбек Тураевты сүріндірді. Жартылай финалда Степан Солдатенконы (FIAS) жық­ты. Финалдық тартыста моңғолиялық Пуревдорж Дам­динчуренді ұтты.

Бірінші сайыс күнінде спорт­тық самбодан Армат Қаб­долов (58 кг), Арайлым Әбенова (+80 кг), жауынгерлік самбодан Құ­ралай Қабрайқызы (54 кг), Ма­ратбек Рахметоллин (64 кг) әлем чемпионатының қола медалін иеленді.

Әлем чемпионатының екінші сайыс күнінде де балуандарымыз сенімді ақтай білді. 64 кг салмақ дәрежесінде белдесуге түскен Есентай Имаханов финалдық белдесуде Сардор Олимжановты сүріндірді. Тәжірибелі өзбек бал­уаны ұпай басымдығымен алда тұрған, соңғы минуттың барысында Есентай қарсыласынан айласын асырып кетті. Екі балуан бұған дейін Азия чемпионатында да белдесіп, Сардор басым түскен болатын. Есесін қайтарған Есентай қалың жанкүйердің ерекше қолдағанына алғысын айтты.

88 кг салмақта күрескен Ел­аман Қойшыбаевтан да бапкерлер алтын жүлде күтті. Фи­налдық тартысқа дейінгі қар­сы­ластарының бәрін айқын ұтқан бал­уан ресейлік Сергей Рябовқа есе жіберді. Әлем чем­пионатының финалына бұған дейін 7 мәрте шығып, жаһан додасының төрт дүркін үздігі атанған Рябов алдымен әдіс жасап, ұпай еншілеп алды да, содан соң Еламанның адымын аштырмай қойды. Былтыр да әлем чемпионатының финалдық бәсекесінде сүрініп, күміспен күп­телген жерлесіміз биыл бабында болды. Макаода өткен Азия чемпионатында үздік шықты, әлем кубогінің жүлдегері атанды.

Қыздар арасында спорттық сам­бодан Гүлдана Әлмұханбе-това 54 кг салмақта сынға түсіп, фи­налға дейін жеткен еді. Бір­ақ әлем чемпионы атағы жо­лындағы белдесуде Анастасия Луканинамен (FIAS) күресіп, жеңіліс тапты. Еуропа чемпионы атағына ие Анастасия Астанада енді әлемнің үздігі атанды.

Дүбірлі доданың қола медалін жауынгерлік самбодан Арнұр Қуатай (71 кг), Ұлбосын Әділова (80 кг), спорттық самбо күресінен Шынар Абатова (72 кг) еншіледі.

Үшінші сайыс күнінде ән­ұранымызды балуан қызымыз шырқатып, мерейімізді тасытты. Әйелдер Астана төрінде жауынгерлік самбодан тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысты. +80 кг салмақта сынға түскен Нұ­рила Асанқызы финалдық тартыста Сабина Агажанованы 7:4 есебімен ұтып, мәртебемізді өсірді. Әлемнің үздігі атанған спортшы төккен тердің өтеуіне бұ­йыр­­ған орасан жеңісін бір жыл бұрын өмірден озған ата-ана­сының рухына арнайтынын айтты.

«Жеткіншек шағымнан кү­респен шұғылдануыма септігін тигізген әкем: «Жасөспірімдер арасында жарқырап көріну жеңіл болғанымен, ересектер додасына қосылғанда мықты екеніңді дәлелдеу оңай соқпайды», деп үнемі айтып отыратын еді. Расында да, ересектер қатарында өзіңнің мықтылығыңды мойындату жеңіл емес. Бірнеше жыл төккен тердің өтеуіне бұйырды бұл алтын медаль. Осы жеңісімді бақилық болған ата-анама арнаймын», деді чемпион қыз.

Жауынгерлік самбодан 79 кг салмақ дәрежесінде финалға шыққан Бақытжан Дүйсембеков украиналық Владислав Рудниевке есе жіберді. Украина балуаны – бұған дейін 4 дүркін әлем чемпионы атанған саңлақ. Еуропа біріншілігінде үш мәрте олжа сал­ған өте тегеурінді спортшы. Жер­лесіміздің күміс медалін қом­сынуға болмас. Себебі Ба­қыт­жан былтырғы әлем чемпио­натын­да 5-орынды місе тұтқан болатын.

Әлем чемпио­на­тының финалына шыққан Серік­бай Нығмет (71 кг) грузиялық Елизбар Тур­кияға есе жіберді. Бұған дейін жасөспірімдер арасында әлемнің үздігі атанған грузин спортшысы ересектер сапында да теңдессіз екенін дәлелдеді. Серікбайдың күміс медалі – әлем чемпионатында олжалаған алғашқы жүл­десі.

Жауынгерлік самбодан сынға түскен Талғат Жирентаев (+98 кг) финалда Михаил Кашурниковке (FIAS) есе жіберді. Талғат былтыр Арменияда өткен әлем бірін­шілігінде қола медаль еншілеген еді. Жауынгерлік самбодан Қым­бат Ахмет (50 кг), зағиптар санатында Асқар Қайыров (98 кг) қола медаль иеленді.

Үш күнге ұласқан дүбірлі додаға 80 елден 470 балуан жиналды. Еліміздің үмітін арқалап шыққан 28 спортшы барын салып белдесті. Дүниежүзілік бірін­шіліктің жүлде қоры да қо­мақты. Чемпион атанған балуанға – 4 мың, күміс жүлдегерге – 3 мың, қола медаль иеленген бал­­уан­­­дарға 2 мың АҚШ доллары мөлшерінде сыйақы берілді. За­­ғиптар арасында чемпион атан­­ған үздіктер 1 мың доллар көле­мінде сый­ақы­мен марапатталды.

2005 жылдың қараша айында Астана қаласында спорт­тық самбодан әлем чемпионаты өткен еді. Сол сында бал­уанда­рымыз 1 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль олжалаған-ды. Сам­бо федерациясының вице-президенті Манарбек Бисекенов ел спортының тарихында самбо күресінен бұрын мұндай жетістікке жетпегенімізді айтты.

«Сегіз балуан финалға шығып, 3 алтын, 5 күміс медаль бұйырды, 9 балуан қола жүлдегер атанды. Жалпыкомандалық есепте Ресей командасынан кейін екінші сатыға орнықтық. Спортшыларымыз сенімді ақтай білді. Бұл күрес түрі әлемде қарқынды дамып ке­леді, бәсекелестік өте жоғары. Осындай саңлақтарды ығыстырып медаль еншілеу оңай емес», деген вице-президент қолдау көрсеткен жанкүйерлерге, әлем чемпионатының жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған Туризм және спорт министрлігіне, Астана қаласының әкімдігіне, демеушілік танытқан өзге де ұжымдарға алғы­сын білдірді.