• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экспорт 12 Қараша, 2024

Экспорт ұлғайып, өндіріс кеңейеді

61 рет
көрсетілді

Елімізде импортты алмастыру және бәсекелестік артықшылықтарды арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша пәрменді шаралар қабылданып жатыр. Агроөнеркәсіп кешенін жеңілдікпен қаржыландыру көлемі өсіп, субсидиялау жүйесі реформаланып жатыр, ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі мен лизингі көлемі артып келеді. Мұның барлығы өз нәтижесін беріп, еліміз бүгінде ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етуге күш салып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттыруға ұмтылып жатыр деп хабарлайды Үкімет сайты.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) деректері бойынша елі­мізде жыл басынан бері астық экс­портының өсуі тіркелді, бұл ретте жаңа тасымалдау бағыттары игері­ліп жатыр. Атап айтқанда, арпа, жа­сы­мық және жүгері тасымалы бірнеше есеге артқаны бай­қалады. «Қазақстандық арпаны Иран кейінгі 2 айда 8 есе өсіммен қай­та импорттай бастады. 10 айда арпа экс­порттық тасымалы 710 мың тон­наны құрап, 69%-ға өсті» деп хабар­лады ҚТЖ баспасөз қызметі.

Жүгері дәнінің экспорты биыл 1,5 есе өсіп, 117 мың тоннаны құрады. Тәжікстанға тасымалдау 38%-ға, Өзбекстанға тасымалдау 3 еседен астамға өсті. Сондай-ақ биыл Иранға жүгері дәнін тасымалдау басталды. Жасымық экспорты 7 есе артып, 80 мың тоннаға жетті, басым бөлігі Еуропа елдеріне жіберілді. ҚТЖ мәліметінше, бұршақ тасымалы үш есе артты. Ауғанстанға импорт көлемі екі есе, Өзбекстанға үш есе өсті. Сондай-ақ күріш өндірушілер Әзербайжан мен Беларусь жаңа нарықтарын игеру арқылы экспортты +47%-ға (52 мың тонна) арттырды.

Сонымен қатар 2024–2025 маркетинг жылында Қытайға май өнімдерін экспорттау бойынша рекорд жаңартып, 250 млн доллар көрсеткішіне жеткізуді көздеп отыр. Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының (МДӨҰҚ) бас­қарма төрағасы Ядыкар Иб­рагимовтің айтуынша, экспорттың өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі – елімізде өндірілген ақуызы жоғары жемшөптер үшін Қытай нарығының ашылуы болды, ол үшін қытайлық сатып алушылар жоғары баға ұсынып отыр. Отандық май зауыттары Шанхайда өткен Қытай халықаралық импорт көрмесінде 56 млн долларға келісімшартқа отырды. Я.Ибрагимовтің айтуынша, Шанхайда биыл отандық 12 май зауыты май өнімдерін ұсынады.

Қазір Қытай біздің май өнім­дерін сатып алу бойынша қаржы­лай көрсеткіште көш бастап тұр. Майлы дақылдар өңдеуші­лер ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы отандық 24 май зауытын Қытай кеден тізіліміне жедел енгізуге жәрдемдескен сала­лық министрліктер — Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан болған қолдаудың маңыз­дылығын атап көрсетті. Сондай-ақ өсімдік майларының ай сайынғы экспорттық көлемін біркелкі бөлу бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен үйлестірілген жұмыс маңызды аспект болып саналады. Май өңдеушілер екі жыл ішінде Қытайға өсімдік майы мен мал азығы экспортын 300 млн доллар деңгейінде жеткізуді жоспарлайды.

Еліміздің «CIIE-2024» көрмесіне қатысуы Қытай нарығына май өнімдері экспортын кеңейту мен еліміздің Азиядағы сауда позициясын нығайтудағы маңызды қадам болды. Еліміздегі ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті айтарлықтай үлкен, бұл оның ірі нарықтарға: Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Ауғанстан, сондай-ақ Парсы шығанағы елдеріне жақын болуына байланысты.

Өнеркәсіптік инвесторлар ода­ғының деректері бойынша елі­мізде ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің жылдық көлемі 263 млрд теңгені құрайды. Ол 2025 жылы 300 млрд теңгеге дейін өседі деп болжанып отыр. Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласын­да 8 кәсіпорында тракторлар мен астық жинайтын комбайндар шығарылады, бұл қазірдің өзінде шаруалардың осы техникаға деген жылдық қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Тағы 20-дан астам кәсіпорын тіркеме және аспалы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын шығарып, импортқа тәуелділікті азайтты. Бүгінде тракторлар мен комбайндардың, сондай-ақ аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасының әрбір шығарылатын үлгісіне дәнекерлеу, кесу, ию және бояу операциялары орындалады. Трактор кабиналарын дәнекерлеу және бояу, сондай-ақ энергиямен қаныққан тракторлар корпусы элементтеріне пластикалық бөлшектерін дайын­дау мерзімінен бұрын игерілді. Келесі жылы өндірушілер астық бункерлерін, көлбеу камераларды, ұсақтағыштарды және комбайн кабиналарын жасау бойынша операцияларды меңгеруді жоспарлап отыр. Еліміздегі ең ірі ауыл шаруашылығы машина жасау локализациялау орталығы Қостанайда жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасы мен автоөнеркәсіпке арналған 25 мың бірлік торап, агрегат, компонент пен қосалқы бөлшек шығарады.

Биыл отандық ауыл шаруашы­лығы техникасын сатып алуға байланысты субсидиялау туралы шешім нәтижесін беріп отыр. Жетекші шетелдік өндіру­шілер біздің нарыққа қызығушылық танытады. Осылайша, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің мәліметін­ше, әлемге әйгілі «John Deere» компаниясы біздегі жергілікті қатысуын құрастыру кооперациясы арқылы кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Deere & Company», «Eurasia Group» және «Бәйтерек» холдингі құрастыру ынтымақтастығы арқылы «John Deere» компания­сының жер­гілікті қатысуын кеңей­туге бағыт­талған меморандумға қол қойды. Бұл стратегиялық серік­тестік инно­ва­­цияларды ынталан­дыруға, жергі­лікті өндірістік қуат­тарды нығай­ту­ға, елдің тұрақ­ты экономи­калық өсуіне ықпал етуге арналған және ауыл шаруа­шылығы мен өнер­кәсіпте алдыңғы қатарлы техноло­гия­ларды ен­гізу­ге, цифрлық транс­фор­­мацияға және тиімділікті артты­руға бағыт­талады», деп атап көрсет­ті Ауыл шаруашылығы министрлігі.

«Ең озық технологияларды пайдалана отырып және білім алмасуды қолдау арқылы біз экономикаға да, жергілікті қауымдастықтарға да пайда әкелетін тұрақты өсудің негізін қалап жатырмыз», дейді «John Deere» ТМД және Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы және көгал жабындылары бизнесінің президенті Чаба Лейко.

Айта кету керек, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі арқы­лы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша қабыл­данған шаралар аясында биыл келесі бағдарламалар жүзеге асырылды:

Ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялаудың жаңа тетіктері қабылданды: Инвестициялық субсидиялау бағдарламасын іске асыру шеңберінде өндірісі еліміз­де жолға қойылған техниканың импорттық баламаларын субсидия­лау мүмкіндігі алынып тасталды.

Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін несие/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлеме­сін субсидиялаудың сараланған те­тігі қолданылды (отандық өндіріс техникасын сатып алу үшін сый­ақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін, импорттық техника үшін 15%-ға дейін субсидияланады).