Абай облысының 9-сынып оқушысы Нұрали Амангелдиев 2 жылдан астам уақытын жұмсап, инновациялық құрылғы ойлап тапқан, деп жазады Egemen.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім болғандай, 2019 жылы ол өз жобасын Мәскеу физика-техникалық институтының байқауында таныстырып, жоғары бағаға ие болған. Кейіннен құрылғыға қуаты мықты лазер орнатып, бағдарламалық кодын жетілдірген.
«Ғарышта энергия тапшылығы мәселесі бар. Жерсеріктері және ғарыш кемелері энергияның аздығынан істен шығуы мүмкін. Мен ғарышкерлерге көмек ретінде осы құрылғыны жасадым», дейді жас өнертапқыш.
Нұрали Амангелдиев өз жобасын одан әрі дамытып, Байқоңырда өтетін халықаралық байқауға қатысуды жоспарлап отыр. Келешекте құрылғыға күн батареяларын қосып, оны тұрмыстық қажеттіліктерге, оның ішінде лазерлік зарядтау құрылғылары арқылы ұялы телефондарды қуаттауға қолданып көрмек.