Жақында Астанадағы «Аризона» бильярд клубында мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған бильярд ойынынан турнир ұйымдастырылды.
Танымал тұлғаны көріп-білген және жақын араласқан азаматтардың тікелей қолдауымен басталған осындай бильярд сайысы биыл екінші рет өткізіліп отырғанын атап айту керек. Бильярд сайысы басталмас бұрын өткен жылы өмірден озған Бердібек Сапарбаевтың аруағына арналып құран оқылды, оған қайраткердің ұрпағы Жансұлтан Бердібекұлы қатысты.
Биылғы бильярд сайысына Алматы, Қызылорда мен Түркістаннан да арнайы қонақтар келіп қатысып, өз шеберліктерін көрсете алды. Ұйымдастыру комитетінің атынан сөз алған жазушы-драматург Жолтай Жұмат өз сөзінде «халқымыздың қайраткер ұлдарының есімін естен шығармай, еске алып отыру бағытындағы бұл игі бастаманың кейінгі жас ұрпаққа берер тәлімі мол, сондықтан да іс-шараның аясын бұдан да кеңейте түсіп, спорт сайысын жылма-жыл жалғастырып отырған өте орынды болмақ» деп атап өтті. Қайраткер азаматтың көзін көрген еңбек ардагерлері Ағабек Әбдіоразов, Баянбай Ысрайылов, Тұрсынхан Ақылбеков, тағы басқалар өз естеліктерімен бөлісті.
Сайыс қорытындысында жақсы ойын үлгісін көрсеткен Нұржан Есенұлы бірінші, Қанат Тұрсынбайұлы екінші, ал Бақытжан Пәрменов үшінші орындарды иеленіп, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар беріліп, жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының өткен жылы жарық көрген «Қаратау қаһары» атты романдар кітабы табысталды.
Жасұлан Жандарбек
Астана