Еліміздің хор өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан КСРО Халық әртісі Анатолий Молодовтың 95 жылдығына орай Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында концерт-фестиваль өтті. Осы орайда Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық хоры Алматыда өз өнерін көрсетті.
Қазақ КСР Мемлекеттік хор капелласының репертуарында Анатолий Молодовтың жетекшілігімен Қазақстан композиторларының көптеген кантаталары мен ораториялары пайда болды. Атап айтсақ, Мұқан Төлебаев, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Сыдық Мұхамеджанов, Базарбай Жұманиязов, Мансұр Сағатов, т.б. бар. Классикалық музыка В.А.Моцарт, Дж. Верди, Г.Форе реквиемдері, Л.Бетховеннің «9-симфониясы», Н.Иомеллидің «Мизерере», С.В.Рахманиновтің «Весна», «Литургия», «Всенощное бдение» сияқты шығармалармен толықты. Молодов қазақ және орыс халық әндерін, аралас хор мен балалар хор ұжымдарына арналған ұлттық компоиторлардың шығармаларын өңдеді.
Анатолий Молодовтың көптеген шәкірттері мен ізбасарлары ұстаздарын еске алып, өз шығармаларын арнады. Хормейстерді еске алу концерт-фестивалі Алматы филармониясының сахнасында Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, Е.Рахмадиев атындағы Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аралас хоры және Алматы қаласындағы №79 мектеп-гимназиясының «Бәйтерек» балалар хоры сияқты ұжымдардың басын қосты.
Кеш барысында хор ұжымдарының көркемдік жетекшілері және бас дирижерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Құттыбадамова мен Бейімбет Демеуов, Елена Байысбаева және Ян Рудковский оның хор өнерін дамыту жолындағы еңбегі туралы естеліктерімен бөлісті.
«Анатолий Васильевич – қазақ хор өнерін жаңа сапалы деңгейге көтерген алғашқы хор дирижері. Оның шәкірт тәрбиелеудегі әдістері әрқайсымыздың есімізде. Сольфеджионың вокалдық және хор мәдениеті бойынша сабақтары күнделікті капеллада өткізілді. Осының арқасында капелла үлкен ұжым ретінде қалыптасты. Ол Қазақстан композиторларының шығармашылық зертханасы, республикада ғана емес, бүкіл кеңес одағында танылған кантаталар, ораториялар, хор сюиталары мен миниатюралардың алғашқы орындаушысы болды», деді Г.Құттыбадамова.
Астанадан арнайы келген Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры А.Молодовтың хорға өңдеген «Арыс жағасында» (әні Ш.Қалдаяқов, сөзі М.Шаханов), «Прощание» (әні Ғ.Жұбанова, сөзі М.Цветаева) «Қарлығаш» (әні А.Жұбанов, сөзі И.Матақов), «Бывайце здоровы» (әні М.Любана, сөзі А.Русак) шығармаларын шебер орындады.