Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Астанада 16-17 қараша күндері Билли Джин Кинг кубогі аясында өтетін Оңтүстік Кореяға қарсы матчқа қатысады. Қазақстан теннис федерациясы Е.Рыбакинадан басқа кездесуге Зарина Дияс, Юлия Путинцева, Анна Данилина, Жібек Құламбаева қатысатынын мәлімдеді. Теннисші қыздардың қарсыластары қазірдің өзінде белгілі. Оңтүстік Корея үшін Да Ен Бак (әлемнің 314-ракеткасы), Со Хен Пак (жұптық разрядта 252-ракетка), Ку Ен Ву (WTA, 418), Ким Дабин (жұптық разрядта 838-ракетка) ойнайды. Еліміз құрамасы Ұлттық теннис орталығының корттарында өтетін сайыстың фавориті болып саналады. Әлемдік командалық рейтингте еліміз құрамасы 13-орында, ал Корея 32-орында.