Ги де Мопассанның еліне бет алған сәтте ойыма Нобель сыйлығының лауреаты Эрнест Хемингуэй оралды. Қазақы тілмен айтсақ, Эрағаң Париждегі Жеңіс қақпасының (Триумф) есігін айқара ашып тастап, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың кейіпкерлерін тағатсыздана күтіп, «мәңгілік мереке» жасап беруге ынтығып тұрғандай көрінді.
«Мәңгілік мерекеге» сапар...
Биылғы ЮНЕСКО дәргейінде тойланып жатқан Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған іс-шаралардың қорытынды жиынына делегат болып, француз тілінде жарық көрген «Менің атым – Қожа» кітабының тұсаукесеріне қатысу үшін Алматыдан Парижге қарай бет түзедік. Кейінгі жылдардағы саяси шиеленісті жағдай Алматыдан төте ұшатын жолға бөгет салып, әйгілі Парижге Еуропаның қақпасы саналатын Ыстанбұл арқылы жетпекпіз.
Қиял шіркінде шектеу бола ма? Батыс Еуропаның төрінен орын тепкен Ұлы Франция туралы бар білетінімді ой елегінен өткізіп отырмын. Францияның ғана емес, әлемдік руханияттың астанасы атанған, Эйфель мұнаралы – Париж. Көне ғимараттары адамзат тарихынан сыр шерткен, корольдер мен патшалардың құтханасы – Версаль. Ғалам суретшілерінің жәдігерлерін көз қарашығындай сақтаған, бейнелеу өнерінің ордасы – Лувр.
Жұмыр жерді махаббат аңызына еліткен, өткен жылдары өртке оранған – Нотр-Дам... Қайсысын айтып, қайсысын жазарыңды білмейтін осынау қасиетті де қастерлі рухани мекенге табанымыз тимей жатып, әңгімені ағылшын жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Эрнест Хемингуэйден бастауымыздың себебі не? Неге біз адамзат баласын өзіне ынтық еткен Эйфель мұнарасын көргісі келмей аласұрған француз жазушысы Ги де Мопассанның хикаясын аттап өтіп, ағылшын Хемингуэйге арқа сүйеп отырмыз?
Оның мәні мынада... Ең алғаш көшелеріне шам қойып, жұмыр жер бетіндегі тұңғыш «Жарық қала» атанған Париж («La Ville Lumière») шәрі хақында Хемингуэйдің «Өзіңмен бірге мәңгі жасайтын мереке» атты туындысы бар. Сол шығармада айтылған өмір бойы ұмыта алмайтын «мәңгілік мерекеміздің» басталып кеткеніне сене алар емеспіз. Хемингуэй: «Мен көрген шаһарлардың ішіндегі ең әдеби қала – Париж. Француз жазушылары ғана емес, әлем қаламгерлері осы қалада болған оқиғаларды өзек етіп, көркем шығарма жазғысы келеді», деп тебірене айтқан сөзі де әлсін-әлсін еске түседі.
Қолға қалам алғалы Парижді бір көруді арман еттік. Содан болар, Париж туралы бірер сөз жазу журналист-қаламгер ретінде біздің де мақсатымызға айналып еді. Сағым желдей сол қиял бүгін шындыққа айналды. Оны шындыққа айналдырған Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы.
Көк төлқұжатқа деген құрмет
Ыстанбұл әуежайының бақылау аймағында кезек күтіп тұрмыз. Алдымда екі шетелдік. Бірі – азиат, қытай ма, кәріс пе, жапон ба, ажырата алмадым. Екіншісі – еуропалық. Құжат тексеріп тұрған кеден қызметкері оларды ұзақтау «тергеді». Қай ел болсын, шекарадан өтерде «терезе сындырып қойып, қобалжып жүретін баладай» жүрегің өрекпіп тұрады ғой. Түркі тілдерінің ұқсастығына қызығып, ертеректе үйренген «нан сұрап жерлік» түрікше тілді еске түсіре бастадық.
Кедендегі түрік жігіт: «Қазақ түріксің бе?» деді жылы жымиып. «Атажұрттан келген қазақпын», деп күле тіл қаттым. «Бұйрун, кече билерсиниз» (Жарайды, өте беріңіз), деді бірден. Баяғыдан таныс, туысын көріп тұрғандай жылы қабақ танытқанына еркінсіп, мені алдымдағы екі азамат секілді неге «тергемегенін» сұрадым. «Ағасы, сіз өз еліңізге келдіңіз. Қазақ деген біздің бауырымыз», деді ол, менің бейнемді суретке түсіріп жатып.
Бізбен бірге Бердібектің шығармаларын жата-жастана оқып жүріп балалық шағында Қожа мен Жанарға, есейген соң Еркін мен Ғалияға айналып кеткенін білмей қалған отызға жуық делегат Парижге бет алғанын айтқым келіп, іркіліп қалдым. Бұл жігіт Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты ЮНЕСКО дәргейінде түркі жұрты әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы тойланып жатқаны хақында білмесе де, көк төлқұжатқа құрмет көрсеткені жүрекке жылылық сыйлады. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени қатынастардың қарқынды жүруі екі ұлтты қалай бауырластырып жібергенін көзбен көріп, Францияға келе жатқан сапардың тарихи һәм рухани мәнін де жете түсінгендей болдым.
Ресми жиын һәм тілектер
ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған конференция мен француз тілінде жарық көрген «Менің атым – Қожа» кітабының тұсаукесері басталды. Іс-шараның тізгінін елші, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов қолға алды.
Ресми жиында Қазақстан тарапынан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хаттары оқылып, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев сынды азаматтар Бердібек Соқпақбаевтың әдеби мұрасының әлем әдебиетіне әсері туралы ойларын ортаға салды. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі ақын Жанарбек Әшімжан баяндама жасап, жазушының соңғы түскен суретін ЮНЕСКО ұйымына сыйға тартты. Жазушының қызы Самал Соқпақбаева әкесінің 100 жылдығының халықаралық деңгейде өтуіне атсалысқан азаматтардың бәріне ризашылығын білдірді.
Жиынды тізгіндеген елші, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Сауытбекұлы – ұзақ жыл ел газеті «Егемен Қазақстанға» басшылық еткен тұлға Сауытбек Абдрахмановтың перзенті.
Халықаралық ауқымда қазақтың қамымен қызмет етіп, алқалы жиынды қазақ, француз, ағылшын тілдерінде мүдірмей жүргізген бауырымызды көргенде бәріміз дипломатиялық, қайраткерлік болашағының баянды болуын тіледік.
Аңыз бен ақиқаттың арасы...
Аңсарымыз ауып, асыға жеткен Парижде біз күтпеген екі жаңалық болды. Біріншісі, академик Рымғали Нұрғалидың «Таудан түскен адам» атты эссесінде айтылған «Менің атым – Қожа» кітабының ертеректе француз тіліне аударылғаны туралы аңыздың ақиқатын ЮНЕСКО-дағы өкілдер анықтай алмапты. Бұрынғы аударма табылмаған. Екіншісі, осы хикаят желісімен түсірілген Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым – Қожа» фильмінің де Канн фестивалінің арнайы жүлдесін ұтып алғаны туралы архив деректері қолға түспеген.
«Таудан түскен адамда» жазылған Бердібектің: «Қолыма ұстап отырған дүниенің авторы өзім екеніне көзім сенсе де, көңілім сенбей, сәбиін еркелеткен ана іспеттес пейілде кітаптың аппақ сүттей қағазға басылған беттерін парақтап, мұқабасын сипалап, суретші келістіре салған Алатау тарабына, Қожа, Сұлтандар бейнелерін қарап отырыңқырап қалған күйімді аңғарған Димекең: – Өй, Бердібек, жоғалтқан ботасын қайтадан тауып алған інгендей еміреніп отырсың ғой. Бұл кітапты бұрын көрмеп пе едің? – деді», дейтін жолдарға қарасаңыз, «Менің атым – Қожаның» бұрын француз тіліне аударылмағанына сену қиын.
Оқырман ретінде ел аузындағы аңыздың ақиқат болмай шығуы мүмкін екенін ойлау да ауыр. Сондықтан бұл жайтты әлі де індете зерттеу қажет екенін бұқараға ескерте кеткеніміз жөн.
Оттоненің отты сөзі хақында
Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына арналған іс-шарада ЮНЕСКО бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттоне: «Біз Соқпақбаевты қазақ әдебиетінің ең ірі өкілі ретінде танимыз. Бердібек шығармалары шиеленіскен халықаралық қарым-қатынастарды жақындатып, ұлттар арасына достықтың көпірін салуға септесер құдіретке ие екенін айтқым келеді. ЮНЕСКО қазіргі геосаясаттағы салқындықты да Соқпақбаев секілді қаламгерлердің туындыларын насихаттау арқылы жойып, ортақ диалогке келуді мақсат етеді», деді.
ЮНЕСКО Екінші дүниежүзілік соғыстың қан қасабы ұмтыла қоймаған, бұқараның жүрегі әбден тітіркеніп, жан-дүниесін үрей билеген 1945 жылы құрылды. «Ұлттар мен ұлыстар, империялар мен мемлекеттер арасында тағы да соғыс өрті тұтанбас үшін не істемек керек?» деген ұлы сауал көптің көмейіне кептеліп, оған лайық жауап таба алмай қиналған сәттегі сол қадамның дұрыстығын уақыт дәлелдеді.
Содан бері 79 жыл өтіпті. ЮНЕСКО әлемдегі қаншама ұлы тұлғаның ғаламға танылуына жол ашты. Тәуелсіздік алғалы бұл ұйым қазақтың бас ақыны Абайға, жыр алыбы Жамбылға, өр рухты Махамбетке, Алаш көсемі Әлиханға, ұлт ұстазы Ахметке, кең тынысты Мұхтарға, т.б жиырмаға толмайтын тұлғамызға ғана қайырылды. Енді ол тізімде қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың бар екені көңіл қуантады.
Оттоненің осы бір отты сөзі Ыстанбұл кеденіндегі жігітті қайта есіме салды. Қазақстан мен Түркия мемлекеттерін бауыр еткен мәдени байланыстар екенін кеденші жігіттің «көк төлқұжатқа» деген құрметінен байқадық қой. Ендеше, ЮНЕСКО ауқымында 100 жылдығы аталып өткен Бердібек Соқпақбаевтың артында қалған мұра халықтарды достастыруға қалай еңбек сіңіріп жатқанын өзіңіз бағамдай беріңіз.
Пафосқа толы сөз емес бұл! Біздің қоғам бұған дейін ЮНЕСКО-ның қандай дәрежедегі ұйым екенін, әлемдік рухани һәм мәдени саясатта ол құрылымның қауқар, қабілеті қалай бағаланатынын терең түсіне қойған жоқ. Содан болар, ЮНЕСКО біздің мәдени мұрамыз бен әдебиетімізге назар салса болды, көбіне «тілде бар да, ділде жоқ» құр мақтаннан әріге аса алмай жүрміз. Сол олқылықтың үңірейген орын бітеу үшін де мәдени байланыстарға қатысты насихат жұмыстарын кеңейте түсу керектігі байқалды.
Еуропадағы «бердібектану» пікірталасы
Француз тілінде жарық көрген «Менің атым – Қожа» хикаятының аудармашысы, жазушы Ив Готьенің пікірі көпті елең еткізді. «Мен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасын» аударып отырып, француз әдебиетінің классигі Антуан де Экзюперидің «Кішкентай ханзадасын» ойлаумен болдым. Бұл шығарманы біреулер «бұдан 70 жыл бұрын жазылған» деуі мүмкін. Әрине, аудармашыға өткен заман туралы туындыны аудару да оңай емес. Бірақ ол қиындықты оңай еңсердім. Автор мені сол заманның тарихына сүңгітіп әкетті. Бұл романның (өз сөзі) әлі өз қуатын сақтап тұрғанына таңғалдым. Меніңше, бұл балаларға ғана арналған туынды емес. Автор балалардың көзқарасымен өзі өмір сүрген дәуірдегі әділетсіздіктерді әңгімелеп бергісі келетіндей», деді.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының басшысы Сұлтан Раев іс-шарада бейне-таспа арқылы пікір білдіріп: «Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінің әлемге шығар есігін ашты» деген пікір айтқан еді. Оған француз қаламгері Альберт Фишлер былай жауап қатты: «Қазақ әдебиеті әлемге енді ғана танылып жатыр деуге болмас. Мәселен, біз, француздар, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов секілді қаламгерлердің шығармашылығымен бұрыннан таныспыз», деді.
Тас түскен жеріне ауыр
Қазақта «тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар. ЮНЕСКО дәргейінде тойланып жатқан Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына қатысты халықаралық деңгейдегі іс-шараларды атқаруда Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы облысы әкімдігінің талмай қызмет еткенін айтпай кету – арға сын. 2024 жылдың қаңтарында Қонаев қаласында Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойының ашылу салтанатынан бастап, Анкара қаласындағы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлескен конференцияның өтуі, «Өлгендер қайтып келмейді» романының түрік тіліне аударылып, кітап болып басылуы, 2 мектеп, 2 саябақ,1 кітапхана және Қонаев қаласының 1 көшесіне жазушының есімі берілуі, қаламгердің толық шығармалар жинағы, әзербайжан, орыс тілдеріне аударылған «Менің атым – Қожа» кітабының жарық көруі, туған жерінде еңселі ескерткіші қойылып, дүбірлі тойының өтуі, т.б істер қалың бұқараны риза етері сөзсіз.
Өзі жетпеген жерге сөзі жетті
Париждегі «мейрамға толы үш күн» көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Париж – Ыстанбұл бағытындағы әуе кемесімен алқара көк аспанды қақ тіліп, жүзіп келеміз. Санада жарқ-жұрқ еткен Эйфель мұнарасы. Париждің қай жағында жүрсек те, көзімізді сол мұнараға сатамыз. Қанша қарасаң да, жанар шөлі қанбайды. Осы бір темір мұнараны көргісі келмей, оның ішіндегі мейрамханада кофе ішіп отыратын Ги де Мопассанның мінезін түсіне алмай дал боласың!
Жиырмасыншы ғасырдың басында әлемнің классик қаламгерлерін Парижге ынтық еткен осы мұнара секілді көріне береді.
Мәселен, біз жоғарыда айтқан Хемингуэйден бастап, оның жан досы болған «Ұлы Гэтсби» романының авторы, америкалық Скотт Фицджеральд, Хемингуэй мен Фицджеральдты рухани һәм қаржылай қолдаған әдебиет меценаты һәм жазушы Гертруда Стайн, әйгілі «Улисс» романын жазған ирланд қаламгері Джеймс Джойс, қай-қайсын алсаңыз да, сөз өнерінің ордасы саналатын Парижден шығармашылықтың бал дәмін татыпты. Парижді көркем туындысының арқауы еткен ақын-жазушылардың ұзын-сонар тізімін Генри Миллер, Сэмюэл Беккет, Владимир Набоков, Чарльз Боковски, Оскар Уайльд, Жан-Поль Сартр және Симона де Бовуар деп жалғастыра беруге болар еді. Оған уақыт тапшы болып тұр.
Кеңестік тоталитарлық жүйенің соцреализм атты шеңгелді шекпенін шешкісі келіп жанталасқан Бердібек Соқпақбаев өмірінде бір рет болсын жоғарыдағы классиктер секілді әдебиеттің астанасы саналатын Париж қаласына иммиграцияға кетуді ойлаған шығар. Олай болмағанның өзінде Бердібектей классиктің тым құрығанда талықсып аққан Сена өзенін бір мәрте көргісі келмеуі әсте мүмкін емес. Соқпақбаев та қолындағы қаламына тізгін салмайтын қиялдағы мекенде жаны қалаған туындысын жазып, Хемингуэйше «мерекеге толы» күндерін өткізгісі келгеніне шүбә келтіре алмаймыз!
Бердібек Соқпақбаевтың өзі жетпеген сол бір әдебиеттің ордасына сөзі жетті. Оның сөздері, әне, француздардың жеңімпаз қолбасшылары секілді Триумф қақпасынан әрі өтіп бара жатыр. Бәріне де тәубе делік...
АСТАНА – Алматы – Ыстанбұл – Париж – Ыстанбұл – Алматы – АСТАНА