• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Айбын 13 Қараша, 2024

Қорғаныс саласындағы цифрлық трансформация

87 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруды ел экономикасы дамуының негізгі тетіктерінің бірі ретінде айтып келеді. Бұл қоғамның барлық саласына кеңінен дендеп енуге тиіс. Бұдан әскери сала да тыс емес.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің қатысуымен өткен брифингте әскери саладағы цифрлық транс­­формация мәселесі талқыланды. Спикер қо­ғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкіл­­дерін армияны цифрландыру үдерістері, аяқ­тал­­ған жобалар, әзірленіп жатқан және енгізілу са­­ты­сында тұрған бағдарламалар туралы хабардар етті.

Оның айтуынша, қарулы күштердің қауіпсіздік жүйесіне жасанды интеллектпен жабдықталған бейне сараптау жүйесі енгізілмек. Ол әскери нысан аумағына заңсыз кіруге тырысатын бөгде адамдарды анықтауға, адамның келбетін, автокөлік нөмірлерін тануға, адамдардың жиналуын және үй-жайлардан шыққан түтінді де анықтауға қабілетті. Бұған қоса бұл жүйе камералардың істен шыққанын да анықтайды, басқарушылық және тағы басқа шешімдер қабылдау үшін деректерді талдайды, әскери қызметтің қауіпсіздігін арттырады. Қазір аталған жүйе Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдерінде қанатқақты жоба ретінде тестілеуден өтіп жатыр. Сынақтан кейін бейне сараптау жүйесі Қарулы күштердің барлық әскери бөліміне енгізіледі.

Ең маңызды жобалардың бірі – әскери міндеттілердің тіршілік циклінің барлық үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік беретін «Цифрлық әскери комиссариат».

– Қорғаныс министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, цифрлық трансформация бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Ол біртіндеп өмірдің барлық саласына енгізіліп келеді және уақыт өте келе жұмыстар барынша айқын әрі нақты бола түседі. Қазірдің өзінде, мысалы, жергілікті әскери басқару органдарында кейінге қалдыру немесе есепке қою, есептен шығару сияқты қызметтер әскери комиссариатқа азаматтың өзінің баруынсыз шешіледі. Бұл қызметтердің барлығын E-gov-тағы азаматтың жеке кабинетінен алуға болады. 2024 жылы 29 648 азамат әскерге шақыруды автоматты түрде кейінге қалдырды, – деп атап өтті Д.Ахмедиев.

Цифрлық трансформация әскери білім беру жүйесіне де әсер етті. Барлық әскери оқу орнын біріктіретін көпфункционалды білім беру платформасы құрылды. Бұл жүйе еңбек функцияларын орындайтын жеке модульдерді қамтиды. Оған жоғары оқу орындары аралық электронды кітапхана, оқу үдерісін жоспарлау құжаттары, электронды журналдар және цифрлық білім беру ресурстары кіреді.

Министрдің орынбасары қызметтік құжат айналымы едәуір қысқарғаны туралы да айтты. Қорғаныс министрлігінде «Әскери қызметшінің кабинеті» сервисі іске қосылған. Онда барлық бая­натты, анықтамаларды және басқа да қызметтік құ­жат­тарды бірнеше минут ішінде беруге және алуға болады.

Бұған қоса қызметтік тұрғын үйге кезекке қою, Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналының тұрғын үй-жайды жалдау шартын жасасу және ұзарту мемлекеттік қызметтері электрондық форматқа ауыстырылды. Енді бұл қызметтер E-gov және e-Gov mobile қосымшалары арқылы көрсетіледі.