• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Дін 13 Қараша, 2024

Дін тақырыбына дегдарлық керек

59 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Munara» республикалық рухани-танымдық газетінің 5 жылдығына арналған «Діни журналистика және қазіргі қоғам» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Рухани басқосуға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы бастаған зиялы қауым өкілдері мен танымал теле-радио, баспасөз журналистері, Діни басқарманың бөлім басшылары мен «Munara»  газетінің ұжымы қатысты.

Құран аяттарын оқумен басталған дөңгелек үстелде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы уақыт бөліп арнайы келген зиялы қауым өкілдеріне алғыс айтып, Діни басқарманың төл басылымын жарыққа шығарып отырған «Munara» газетінің ұжымын құттықтады. Сондай-ақ ол бұқаралық ақпарат құралдарында дін тақырыбын қозғауда байыптылық керек екенін алға тартты.

«Өздеріңізге жақсы таныс, дін мәсе­лесі – күрделі де нәзік тақырып. Сон­­дықтан бұл тақырыпты қаламына арқау еткен журналист байсалды да байыпты, сауатты да тәжірибелі болуға тиіс. Әйтпесе қате діни ақпарат немесе қате пікір қоғамды дүрбелеңге салуы мүмкін. Оған біз куә болып жүрміз. Құран Кәрімнің «Кәһф» сүресінің 17-аятында «Аузынан бір сөз шықса болды, алдында бақылаушысы дайын» делінген. Сондықтан адам баласы, соның ішінде халыққа ақпарат тарататын журналистер қауымы сөйлеген сөзіне, жеткізген ақпаратына байыппен қарауы керек деп ойлаймын. Себебі бірауыз сөзбен елдің ықыласына бөленуге болады. Немесе керісінше, бірауыз сөзімен сүрініп кетуі де ғажап емес. Мұны айтудағы себебіміз – сөз ұстаған, қаламның қасиетін ұғынған жандар дін тақырыбын қозғарда аса сақ болуға тиіс. Өйткені адамның сенімі – оған қайрат беретін күш әрі пенденің ең әлсіз тұсы. Ал біреудің сенімін қор­лаудан артық қиянат жоқ. Сол секілді бір адамның жеке басына тиісу, діни сені­мін мансұқтау, абыройын төгу секілді мәселелер ешкімге абырой әпермейді. Әрине, ақпарат алаңында түрлі кереғар пікірлердің, пікірталастардың болғаны дұрыс. Алайда пікірталастың өзі байыппен, өз әдебіне сай болғаны абзал», деді ҚМДБ төрағасы.

Дөңгелек үстел барысында зия­лы қауым өкіл­дері мен баспасөз сала­сының майталмандары отандық журна­лис­ти­кадағы дін тақырыбының маңызына тоқталып, халыққа дұрыс ақпарат беру­дегі бұқаралық ақпарат құрал­дарының жауапкершілігі мен міндетіне назар аудар­ды.

Журналистер «Munara» газетінің бас редакторы Серікбол Хасанның шығар­­­ма­шылық ізденісі мен тәжірибесін де ерекше бағалады.

Сондай-ақ жиында ардагер журналист Жанболат Аупбаевтың «Біз де өлең жазғанбыз» жинағының тұсаукесері өтіп, көпшілікке таныстырылды. Мұнда «Munara» газетінің «Біз де өлең жазған­быз...» айдарымен жарық көрген жазушы-журналистердің ақындық қол­таңбасын танытатын өлеңдері топтас­ты­рылған.