• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қараша, 2024

Еліміздегі ең үлкен ауыл Бейнеудегі берекелі істер

105 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданының орталығы Бейнеу ауылы еліміздегі ең үлкен ауыл болып саналады. 57 мың тұрғыны бар ауылдың жалпы аумағы 51 мың га. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың ауданға іссапары барысында өңір өміріне қатысты жаңалықтар жария етілді.

Бейнеуде тұңғыш рет заман талабына сай аудандық кітапхана мен жаңа кинотеатр ашылады. Қазір соңғы дайын­дық жұмыстары жүріп жатқан кинотеатр жақын күн­дері салтанатты жағдайда тұр­­ғын­дар игілігіне ұсынылады. Аумағы 400 шаршы метр болатын кинотеатр ғимараты 180 орынға арналған. Мәдениет ошағына мансап орталығы ар­қы­лы жұмыссыздық кезегінде тұрған 10 адам жұмысқа алынады.

Тағы бір жарқын жаңалық – аудандағы алғашқы заманауи кітапхананың құрылысы. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың кітапқа деген қызы­ғу­шылығын арттыру жөнін­дегі тапсырмасы аясында жүзеге асып жатыр. Көлемі 825 шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат бір мезетте 62 адамды қабылдай алады. Ғимаратта оқушы балаларға, ересектерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 5 оқу залы, кітап сақтау қоймасы мен интернет желісімен жабдықталған арнайы кабинеттер бар. Жаңа кітапхана ғимараты іске қосы­латын уақыт та алыс емес, 2025 жылдың бірінші жарты­жыл­дығына белгіленген.

Бұл игі шара 218 123 дана кітап қорын қамтитын, 62 қыз­меткер жұмыс істейтін Бей­неудің қазіргі кітапханасына зор қолдау. Биылғы жылдың он айында кітапханаға 89 мың адам келіп, олардың 26 765-і тұрақты оқырман ретінде тіркелген.

Үлкен ауылдағы 154 көшенің 66-сына асфальт төселген. Қазіргі таңда тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 127 көше жарықтандырылып, тозы­ғы жеткен 553 дана электр бағанасы ауыстырылып жатыр. 108 млн теңгені құрайтын жоба аясында ауыл көшелеріне 589 дана жарық шам орнатылды. Алдағы уақытта Бейнеу ауда­нына қарасты басқа да елді ме­кен­дердегі көше шамдарын кезең-кезеңімен жаңалау жос­парланып отыр.

Биыл ауылда 18 жаңа қо­ғамдық көлік пайдалануға берілді. Жолаушылар автобус­тары қозғалыс кезінде тұрғын­дар­дың қауіпсіздігі мен жай­лылығын толық қамта­масыз ететін заманауи құрал-жаб­дық­тармен жабдықталған әрі халықаралық экологиялық стан­дарттарға сай жасалған, қор­ша­ған ортаға зиянын тигіз­бей­ді, электронды жол ақысын төлеу жүйесі де бар.

Бейнеуде әлеуметтік аз қам­тылған отбасыларға арнал­ған жаңа үйлер салынып жатыр. Республикалық бюджеттен бөлінген 284 млн теңгеге жыл соңына дейін 20 үйдің құрылысы аяқталып, тұрғын үй алу кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарға беріледі. Ел аузында «берекелі Бейнеу» атанған өңірде қолға алын­ған игілікті жұмыс жүйелі жалғаса береді.

 

Маңғыстау облысы