• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Фармацевтика 13 Қараша, 2024

Дәрі-дәрмек тапшылығы реттеледі

47 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселесі қаралды. Сондай-ақ отырыста халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары да күн тәртібіне шығарылды.

Өрт қаупіне қарсы қағида қатаяды

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өрт қаупінің алдын алу жұмыстары туралы баяндап, өзекті мәселелерді шешу жолындағы іс-шараларды таныстырды. Қазан айының басынан бері тұрғын үй секторында 650-ден астам өрт тіркеліпті. Негізгі себептердің бірі – жылу жүйелері мен электр құрылғыларын пайдалану ережелерінің бұзылуы. Өңірлер арасында Қостанай, Қызылорда мен Абай облыстарында өрт жағдайы көбейіп тұр.

Үкімет басшысы профилактикалық жұмысты күшейту мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау қажет екеніне назар аударды.

«Жылу беру кезеңінде өрттің 50%-ға жуығы пеш пен мұржадағы ақау ке­сірінен шығады. Алайда өрттің негізгі шығу себебі жылыту пештері мен қазандықтарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу болып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі осыған баса назар аударып, мұндай бұзушылықтарға бей-жай қарамауға тиіс. Тек ұсыным берумен ғана шектелуге болмайды. Ол үшін газ-техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейту керек», деген О.Бектенов әкімдіктерге ТЖМ-мен бірлесіп бар­лық жерде өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілді.

Сонымен қатар Премьер-министр халықтың әлеуметтік осал топтарын тегін газ датчиктерімен қамтамасыз ету міндетін қойды. Мұндай үйлер есепке алынып, олар ерекше бақылау аймағында болуға тиіс. Әсіресе Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласы әкімдіктерінің бұл бағыттағы жұмыстары мардымсыз жүр­гізіліп жатыр. Бар-жоғы 2%-дан 14%-ға дейін ғана қамтылған. Осыны ескерген Үкімет басшысы бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Жарамсыз тұрмыстық баллондарды қолданыстан шығару мен утилдеу мәселесін шешу қажет екеніне де айрықша тоқталды. О.Бектенов әкімдіктерге жүктелген газ жабдық­тарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау тиісті деңгейде жүзеге асырылмайтынына назар аударды. Газ толтыру пункттерінің меншік иелері тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Сонымен қатар Премьер-министр Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бір­лесіп, баллон өндірісін ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Ол халық арасында қауіпсіздік мәде­ниетін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызды екенін де атап өтті. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар мен Ішкі істер министрлігі және әкімдіктер бірлесіп, жеке тұрғын үйлерге рейд жүргізуді жандандыруы қажет. Мәдениет және ақпарат министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен тізе қосып бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде профилактикалық материалдар тарату мәселелерін пысықтауды жүктеді. Төтенше жағдайлар министрлігі алдына жылу беру кезеңінде өрттің алдын алу мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету міндеті қойылды.

 

Медицина сұранымы қанағаттандырылады

Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, «СҚ-Фарма­ция» ЖШС басқарма төрағасы Еркен Жақатаев, сондай-ақ бейнеконференция байланысы арқылы ірі отандық фармацевтика компанияларының басшылары – «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» атқарушы директоры Светлана Киль, «Химфарм» компаниясының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі директоры Айгүл Исенова баяндама жасады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 1 588 түрі сатып алынған. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 251 млрд теңге бөлінген. Бұл 120 нозология бойынша қамтуды 3,5 млн науқасқа дейін арттыруға мүмкіндік берді. А.Әлназарова бүгінгі таңда 241 млрд теңгеге 1 213 стационар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Үкімет басшысы дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етудің, сондай-ақ медициналық мекемелер үшін 2025 жылға арналған дәрі-дәрмектер сатып алу және жеткізу рәсімдерін уақ­тылы аяқтаудың маңызды екеніне назар аударды.

«Президент ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды іске асыруды тапсырды. Бұл орайда халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – аса маңызды мәселе. Мемлекет медициналық көмек көрсету кезінде және есепте тұрғандарға дәрілік заттарды тегін береді. Бұл мақсатқа биылдың өзінде бюджеттен шамамен 500 млрд теңге бөлінді. Дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету және оларды алдын ала сатып алу – ең басты міндеттердің бірі. Аурухана мен емханалар үшін 2025 жылға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алу мен жеткізу рәсімдерінің барлығын жыл соңына дейін аяқтау қажет. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмек тапшылығы деген мүлдем болмауы керек», деп баса айтқан О.Бектенов Денсаулық сақтау министрі мен «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының дербес жауапкершілігін атап өтті.

Жалпы, дәрі-дәрмек нарығын жекеменшік өндірушілер, жеткізушілер және дәріхана желілері қалыптастырады. Премьер-министр бұл бизнесті мемлекет тарапынан препараттардың қауіпсіздігі, сапасы және оларды тіркеу тұрғысынан ғана реттелетініне назар аударды. Мәселен, биыл дәрі-дәрмек­тің өндірушіден емделушіге дейінгі қозғалысын қадағалап отыруға мүмкіндік беретін дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау енгізілді. Сонымен қатар тегін препараттардың заңсыз айналымына жол бермеу үшін аурухана мен емханаларда бақылау тетігі қарастырылған.

Отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Үкімет жергілікті дәрі-дәрмек өндірушілерді қолдау шараларын іске асырып отыр. Бұл дәрілік заттар импортын азайтуға және нарықтағы бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беріп тұр. Премьер-министр отандық зауыттардың өндірістік қуатын ескеріп, оларда өнім шығару көлемін ұлғайту, ірі халықаралық фармацевтикалық компаниялар мен ғылыми ұйымдар арасында ынтымақтастық қажет екенін баса айтты. Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің алдына фармацевтикалық жаңа өндірістер ашуға және жоғары технологиялық шешімдерді енгізу үшін қолайлы жағдай жасау міндетін қойды.

Мемлекет басшысының сирек кездесетін аурулары бар науқастарды қымбат препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігіне «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, орфандық препараттарды сатып алуды қаржыландыру тізбесі мен көздерін айқындап алуды тапсырды. Сөйтіп, ешкім де көмексіз қалмауға тиіс екенін баса айтты. Бұл бағыттағы жұмысты үйлестіруді жақсарту мақсатында республикалық орфандық аурулар орталығы құрылды. Пациенттерге дәрі-дәрмек беру үдерісін жеңілдету үшін «әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы дәрілік заттарға электронды ваучерлер алу тетігін іске асыруды жеделдету қажеттігі жеке атап өтілді. Орайлы міндет Денсаулық сақтау министрлігіне жүктелді. Оған қоса дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша ақпараттық жұмысты күшейту тапсырылды.

«Жұртшылық кімге және қандай дәрі-дәрмектер тегін берілетінін нақты білуге тиіс. Мемлекет өз міндеттемелерін орындап отыр», деді О.Бектенов.