Ақтөбе топырағында халқының аяулы қарылғашы, Шығыстың қос шынарының бірі, қан майданда ерлермен бірге ерліктің асқан үлгісін көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 90 жылдық мерейтойы басталып та кетті. Алдымен облыс орталығындағы батыр қыздың мемориалдық кешеніне соғыс және еңбек ардагерлері, Әлияның туыстары, «Әлия гүлі» достарын шақырады» VІ халықаралық балалар шығармашылығы фестиваліне қатысушылар және ақтөбеліктер гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты шарада сөз алған қала әкімінің орынбасары А.Арынғазиева жиналғандарды мерейтоймен құттықтап, «Біз Әлия ерлігіне бас иеміз» деді.
Әлияның нағашы інісі Сапар Молдағұлов батыр қызына құрмет көрсетіп жатқан халыққа ризашылығын білдірді. Мұның өзі Әлия апайының рухының алдындағы ұрпақ парызы екенін тілге тиек етті.
Салтанатты сәтті ««Әлия гүлі» достарын шақырады» VІ халықаралық балалар шығармашылығы фестиваліне қатысушылар мың бұралған бимен бедерледі.
Одан кейін мерейтой қонағы әскери ғылымдар докторы Ким Серікбев Әлияның ерлігі арқылы тек ақтөбеліктер ғана емес, барша қазақстандықтар мақтанатынын жеткізіп Әлия мен Мәншүктің өмірі мен ерлігі туралы ой толғады. «Қос Шынар» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе қалалық қайырымдылық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес Әлия апамыз жайлы мазмұнды сөз айтты.
Ақын Амантай Өтегенов Әлия туралы жырдан шашу шашты.
Шара барысында «Әлия гүлі» халықтық би ансамблі, облыстық филармония әртістері өз өнерлерін көрсетіп, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің доценті, әуесқой суретші А.Корваттың сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.