Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық технопарк «Astana Hub» алты жыл бойы өңірде IT-индустрия мен инновацияларды дамытуға серпін беріп келеді. 2018 жылдың 6 қарашасында ресми түрде іске қосылған сәттен бастап технопарк экожүйені дамытып, стартаптарды қолдауға белсене кірісті. Мақсат – экономикалық өсім мен елдің технологиялық дамуына жағдай жасау.
1571 компания тіркелген
«Astana Hub» кейінгі алты жыл ішінде еліміздің цифрлық экономикасын өркендетуде маңызды рөл атқарды. 2018 жылы мемлекет қолдауымен құрылған технопарк өңірдегі стартап-экожүйенің негізін қалап, IT-индустрияның белсенді дамуына айтарлықтай серпін берді. Жұмысын бастаған кезден бері елдегі және шетелдегі технологиялық компаниялар үшін тартымды платформаға айналды. Технопарк жұмысының алғашқы жылында небәрі 185 компания тіркелген болса, бүгінгі күні олардың саны 1 571-ге жетті. Бұл компаниялардың 430-дан астамы шетелдермен серіктестік орнатып, елдің технологиялық әлеуетін әлемдік нарыққа шығару бағытында айтарлықтай үлес қосып отыр.
Технопарк өз қатысушыларына салықтық жеңілдіктер, арнайы визалық және еңбек режімдері, кеңсе мен баспана ұсыну сияқты кешенді қолдау шараларын қамтамасыз ете отырып, 28 мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Қазіргі кезде технопарк инфрақұрылым базасында «Playrix», «TikTok», «inDrive», «EPAM», «Glovo», «Damumed», «Presight.ai» және басқа да ірі халықаралық компаниялардың кеңселері орналасқан.
IT-инвестиция
«Astana Hub» іске қосылған уақыттан бері оның резиденттері 1,9 млрд доллар табыс тапты. 2019 жылы бұл көрсеткіш 35 млн долларды құраса, былтыр 875 млн долларға жетті, ал биыл табыс мөлшері 1,147 млн долларды құрайды деген болжам бар. Сонымен қатар IT-қызметтердің экспорты жыл сайын қарқын алып келеді. Кейінгі төрт жылда экспорттық табыс 630 млн долларды құраған болса, биылды есептегенде бұл көрсеткіш 1 млрд доллардан асып, отандық IT-сектордың халықаралық деңгейдегі табыстылығын дәлелдеді. Astana Hub стартаптардың халықаралық нарықтарға шығуына барынша қолдау көрсетіп, алты жыл ішінде 665,5 млн доллар көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік жасады. Бұл стартаптардың ішінде ерекше қарқынмен дамып келе жатқандар қатарында «CerebraAI», «Parqour», «ApartX», «Kwaka», «Zypl.ai», «Alaqan», «Arlan Biotech» сияқты жобалар бар. Олардың кейбірі тек жергілікті нарықта ғана емес, шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырып, әлемдік деңгейде мойындалған. Мысалы, «CITIX» стартапы аясында әлемге танымал венчурлық инвестор Тим Дрейпер 1 млн доллар көлемінде қаржы құйды. Мұндай жетістіктер отандық стартаптарды жаңа биіктерге шығаруға мүмкіндік беріп, «Astana Hub»-тың халықаралық технологиялық экожүйедегі рөлін нығайтатып отыр.
IT-білім
Технопарк тек инвестиция тартумен, инфрақұрылымдық қолдаумен шектелмей, кадрлық әлеуетті дамытуға да ерекше назар аударады. IT-білім беру бағытындағы «Tech Orda» бағдарламасы 9 мыңнан астам отандасымызға тегін білім алуға мүмкіндік берді. Жоба авторлары 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 20 мың адамға жеткізуді жоспарлап отыр. Әр студентке мемлекет тарапынан 600 мың теңгеге дейін ваучер бөлінуі IT-мамандарды даярлаудағы маңызды қадам. Сонымен қатар «Alem School», «Startup School», «Beta Career» сияқты жобалар жас мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етіп жатыр. 2024 жылы еліміздің 180 мектебінде бағдарламалаудың негізгі білімдерін үйретуге арналған онлайн-платформа іске қосылып, 19 мыңнан астам жоғары сынып оқушысын «No Code, Low Code», «Startup Academy» бағдарламалары бойынша оқыту басталды.
Жасанды интеллект
«Astana Hub» жасанды интеллект технологияларын дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр. «AI Movement» бағдарламасы аясында елдегі алғашқы жасанды интеллект мектебі – «Tomorrow School» ашылды. Сондай-ақ «Decentrathon» хакатоны, «AI People Bootcamp», «ЖИ негіздері: ChatGPT» онлайн курстары мен аймақтарда ұйымдастырылған «Roadshow» сияқты бастамалар еліміздегі жасанды интеллект саласының дамуына жаңа серпін берді. Мұндай жобалар 2025 жылы ашылатын Ұлттық жасанды интеллект орталығының негізін қалап, еліміздің технологиялық әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Бүгінгі таңда еліміздің 17 өңірінде IT-хабтар жұмыс істеп, жергілікті қауымдастықтарды дамытуға және жаңа таланттарды анықтауға да мүмкіндік беріп отыр. Бұл хабтарда 1600-ден астам іс-шара өткізіліп, жобаға 48 мыңнан астам адам тартылып, 440 жаңа стартап құрылды. Мұның барлығы өңірлік IT-қауымдастықтардың нығаюына және цифрлық әлеуеттің артуына ықпал етті. «Astana Hub» 2027 жылға қарай IT-қызметтердің жылдық экспортын 1 млрд долларға жеткізіп, отандық юникорнды қалыптастыруды мақсат етіп отыр.