• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сұхбат 14 Қараша, 2024

«Агрофорум ауыл шаруашылығына жаңа леп әкеледі»

363 рет
көрсетілді

Алдағы маңызды іс-шаралардың санатында Ауыл шаруашылығы форумы да бар. Айтулы жиынға отандық аграрияның екі мыңнан аса өкілі қатысады деп күтіліп отыр. Осы орайда «Ауыл» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Серік Рахметоллаұлы ауқымды форумның басты мақсаты туралы айт­саңыз?

– Мемлекет басшысы ауыл шаруа­шылығына айрықша назар аударып келеді. Үнемі қолдап отырады. Сон­дық­тан форумға артар үміт орасан. Сала­ға деген елдік көзқарас бізді де жігер­лендіреді. Басқаны айтпағанда, тек көктемгі егін мен күзгі жиын-терім жұмысын қаржыландырудың үш есе – 140 млрд-тан 570 млрд теңгеге дейін артуы соның айғағы. Десек те, шешімі кезек күттірмейтін күрмеулі мәселелер әлі де жоқ емес. Мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия бойынша 250 млрд теңгеден астам қарыз. Өнімдерді экспорттау мәселесі де бар. Форумның басты мақсаты – саладағы қордаланған түйткілдердің шешімін табу. Қарапайым ауыл шаруасының күткен жаңалығы да осы деп ойлаймын.

– Президент VIII сайланған Пар­ламенттің бірінші сессиясының ашы­луында «Ауыл шаруашылығы саласындағы рефор­маларға сапалы заңдар қажет. Бұл жұмысқа Мәжілістен орын алған «Ауыл» партиясы өз үлесін қосады деп сенемін» деген еді. Партия сол үдеден шыға алды ма?

– Әрине, ол үдеден шыға алдық. Партия саладағы бірқатар іргелі бастаманы алға шығарып, көп мәселенің тиімді шешім табуына мұрындық болып жүр. Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары жүйелі шаралар қабылдау үшін «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне дақылдардың өнімділігін арттыру және әртараптандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне топырақ құнарлылығын сақ­тау және жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «ҚР-ның кейбір заңнама­лық актілеріне ауыл шаруашылығы жер­ле­рін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірлеп жатыр. Бұдан бөлек, «Агробанк» құру, «Азық-түлік қауіп­сіздігі» туралы заң жобасын әзірлеп, жауапты мекемелерге тапсырдық. Үне­мі ауыл шаруашылығы мәселелері бо­йынша депутаттық сауалдар жолдап отырамыз.

– Қазір аграрлық салада шешімін таппай жүрген қандай елдік мәселе бар?

– Аграрлық салада шешімін таппай тұр­ған елдік мәселе көп. Оның біршама­сы қаржыландыру мәселесі дұрыс жолға қойылғанда ғана шешіледі. Отандық ауыл шаруашылығы тауар өндіруші­лері үшін ең өзекті мәселе – жеңілдетіл­ген қаржыландыру мен субсидияға қол жеткізу. Шағын шаруашылықтар несие үлестіретін ұйымдардың қызметіне жиі шағым айтады. «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы», тағы сол сияқты квазимемлекеттік қаржы инс­титуттары арқылы берілетін кредиттің үстемеақысы жоғары. Олар толыққанды банк болмағандықтан, қосымша кіріс көзін аша алмайды. Сондықтан шығынын шаруаға берген кредиттің үстемеақысына қосады. Ал жеке банктер аграрлық саланы қаржыландырғысы келмейді. Себебі аграрлық салаға қаржы құюдың тәуекелі тым жоғары деп санайды. Бірақ аудандарда филиалын ашып, фермерлердің есепшотын жүргізіп, комиссиялық пайда табудан, депозит жинаудан қашпайды.

Мамандардың айтуынша, қазір фермерлер несие алу үшін қыруар құ­жат жинауға мәжбүр. Осы ретте «Ауыл» партиясы шаруалардың қаржылық проб­лемасын бір орталықта шешетін «Агробанк» құруды ұсынды. Аталған банк құрылса, ауыл кәсіпкерлерінің бәрі сол жерде есепшотын ашып, жұмыс істейді. Сол шоттардағы ақша айналымын көріп отырған банк оларға сеніммен қарап, кепілдік бойынша талаптарын жеңілдетіп, несие бере алады.

Халықаралық тəжірибеге зер салсақ, Беларусьте «Белагропромбанк», Қытайда «Agrocultura Bank of China», Өзбекстанда «Агробанк», Ресейде «Россельхозбанк», Францияда «Credit Agricoi», басқа елдерде де аграрлық банктер бар. Еліміз аграрлық державаға айналуы үшін ең алдымен өзінің дербес аграрлық банкін құруға тиіс. Біз мәселені шешу жолын осылай қарастырып отырмыз. Әзірге «Агробанк» тақырыбы әртүрлі деңгейде талқыланып жатыр. Бұл мәселеде партия өз ұстанымына сенімді.

– Билік партияның ауыл шаруа­шылығы саласына қатысты ұсыныс-пікірлерін ескеріп жүр ме?

– Әрине, Үкімет Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының ұсыныс-пікір­лерін үнемі ескереді. Бүгінде Парламент пен Үкімет арасындағы қарым-қатынас ұлғайған. Бірлесіп жұмыс істейміз деуге болады. Мысалы, биыл еліміз рекордтық көлемде астық жинады. Енді соны экспорттау мәселесі тұр. Біздің фракция алдағы аптада осы мәселе бойынша Үкіметке ұсыныстар енгізіп, шешу жолдарын талқылайды.

– Президент тапсырмасына қарай Үкімет бірер жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жет­кізуге тиіс. Бұл талаптың орындалуына қаншалықты илануға болады?

– Мәселе күрделі. Отандық тауар өн­дірушілерінің сөзінше, көрші Ресей елінің өндірушілері, әсіресе сүт, астық, құс өнімдері нарығында демпинг жасап жатыр. Оған басқа да жақын және алыс шетелдерден импортталатын азық-түлік өнімдерін қосыңыз. Яғни өзіміз­ді агроөнеркәсіптегі өңделген өніммен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Оны дүкен сөрелерінен кө­руге болады. Бұл жоғарыда айтылған қаржылан­дыру мәселесіне байланысты. Агроөнеркәсіп­тегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу үшін «Ауыл аманаты» тәрізді мемлекет­тік бағдарламалар ар­қылы бәріміз атсалы­суымыз керек.

– Биыл астық тәуір жиналды. Соны ұзақ мерзімге сақтай алатын қоймалар бар ма? Өнімді қайта өңдеу мен экспорттау жұмысы қалай жүріп жатыр? Біздегі өнім сапасы қаншалықты халықаралық талаптарға сай және бәсекеге қабілетті?

– Статистика бойынша, 30 млн тонна астық сыятын қойма бар. Бірақ ол қағаз жүзінде ғана сияқты. Себебі биыл жиналған астықтың бір бөлігі әлі далада жатыр. Еліміз астық пен ұн сатудан әлемдік ондыққа кіреді. Астық өте сапалы. Бәсекеге қабілеті де жоғары. Дегенмен аграрлық салада мемлекет көмегімен шешілуі керек көп мәселе бар. Мысалы, жаңа жабдықтар қымбат. Қолданыстағы құрылғылардың басым бөлігі, атап айтқанда, элеваторлардың 50%-дан астамы тозған. КСРО кезінен қалған элеваторлар әлі де пайдаланылып жүр. Сондықтан астықты өңдей алмаймыз. Сөйтіп, бидайды өңделмеген күйінде сатуға мәжбүрміз. Егер өңдеуден өткізсек, бағасы жоғарылап, жақсы табыс табуға болар еді. Бұл астық немесе ұн сатудан 5-6 есе тиімді. Партияның Мәжілістегі фракциясы осы жағдай туралы дабыл қағып, бірнеше рет депутаттық сауал жолдады.

Мемлекеттің маңызды міндетінің бірі – терең өңдеу стратегиясын ілгерілету, дамыту, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдейтін комбинаттың жұмыс істеуі үшін мүмкіндік жасау. Тағы бір күрделі мәселе – геосаяси шиеленістің бізге тиіп отырған салқыны. Соның салдарынан астық экспорттауда бұрын-соңды болмаған күрделі кедергілерге тап болдық. Мұны шұғыл шешуіміз керек.

– Ауқымды форум қандай мәсе­ле­лер­ді тиянақтап, оны шешу жолдарын қалай көрсетіп бере алады деп ойлайсыз?

– Бұл жолғы ауыл шаруашылығы форумында аграрлық салаға қатысты бұған дейін айтылған мәселелердің орындалу барысына барлау жасалып, бүгінгі жағ­дайға қарай тағы бір пысықталады деп ойлаймын. Мемлекет басшысының 2021 жылдың 18 тамызындағы Жарлы­ғымен елімізде жер­гілікті өзін-өзі басқаруды дамыту­дың 2025 жылға де­йінгі тұжырымда­масы бекі­тілген болатын. 2022 жылғы Жол­дауын­да «Билікті орталықсыздандыру, жер­гі­лік­ті өзін-өзі басқару жүйесінің нығая түсуі – өңірлерді дамыту, масылдық көңіл күйді төмендету, еліміздегі демо­кратиялық өзгерістерді орнықтыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», деп жергілікті әкімдіктерге сенім біл­дірді. Енді жергілікті атқарушы билік өзі басқаратын өңірдегі ауыл ша­руашылығына қатысты күрмеуі қиын мәселе бойынша батыл қадам жасап, тыңнан түрен салуға тиіс. Өйткені сала­дағы қызметкерлер мәселесінің шешілуі, олардың еңбегінің лайықты бағалануы – үлкен мәселе.

Жалпы, менің пайымдауымша, өт­келі тұрған агрофорумның басты ұстаны­­мы – Президент сеніміне селкеу түсір­меу, ел үмітін ақтау, сапа мен бәсекені жаңашылдықпен дамыту. Біз соңғы ке­зеңде еңбек адамын естен де, есептен де шы­ғарып тастағандай болдық. Мемлекет бас­шысы сол кеткен кемшіліктің орнын толтырып, еңбек адамы мәртебесіне ерекше мән беріп жүр. Мәселен, биыл 27 млн тонна астық жиналды. Рекордтық көрсеткіштің артында қырдағы қарапа­йым шаруа мен саладағы барлық қызмет­кер­дің маң­дай тері, табан ақысы тұр. Келер жылды «Жұмысшы мамандықтары­ның жылы» деп жариялауы соның дәлелі болса керек. Таңның атысы, күннің батысы, шілденің шіліңгір ыстығы мен ақ­пан­ның ақырған аязына қарамастан сайын дала төсінде егіншілікпен айналысып, төскейде төрт түлігін өргізіп жүрген ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері қандай марапатқа да лайық деп білеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»