• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Маусым, 2010

ПОРТУГАЛИЯ ЕЛШІСІМЕН ӘҢГІМЕ

444 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Португалияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі (қоса атқарушы) Педру Нуно Бартоломен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Қ.Тоқаев П.Бартолоны рес­ми қызметке кірісуі мен Сенім грамотасын тапсыруына байла­ныс­ты құттықтап, оның Порту­га­лияның  Қазақстандағы дип­ло­матиялық миссиясының бас­шысы ретіндегі қызметі екі ел­дің саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығын одан әрі дамытуға тың серпін бе­ретініне сенім білдірді. Сенат бас­шысы, сонымен қатар, Аста­на Лиссабонмен барлық салалар мен дең­гейлердегі үнқатысуды ілгері­ле­туге мүдделі екендігін айтты. “Біздің іскерлік әріптес­ті­гі­міздің тиімді бағыттары отын-энергетикалық, аграрлық, азық-түлік, фармацевтика, құрылыс секторлары мен жеңіл өнеркәсіп саласы болып табылады”, – деді Қ.Тоқаев. Жоғарғы палата басшысы пар­ламентаралық ынтымақ­тас­тық­ты одан әрі дамыту мен ны­ғайту мәселелеріне тоқталып, Португалия Ассамблеясы Төр­аға­сын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қазақстан Сенатының бас­шы­сы П.Бартолоны Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ Төрағасы ретіндегі қызметі, сондай-ақ, өткізілген Трансазиялық парламенттік форум жұмысы мен Қырғыз­стандағы ахуалды экономикалық және саяси тұрақтандыру шара­ла­ры туралы хабардар етті. П.Бартоло өз кезегінде Қа­зақ­станның экономикалық және сыртқы саясаттағы жетістіктерін жоғары бағалады. Ол Порту­галия ЕҚЫҰ саммитін шақыру жөнін­дегі, Қырғызстанды эко­но­микалық өрлету бағдар­ла­ма­сын жасақтауға қатысты қа­зақ­стандық бастамаларды толық қолдайты­нын мәлімдеп, еліміз­дің ЕҚЫҰ төрағалығын жоғары деңгейде атқаратынына сенім білдірді.