• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Байқау 15 Қараша, 2024

«Еркін сөздің» жеңімпаздары

50 рет
көрсетілді

Алматы қаласында «Turktime: түркі елдерінің медиа және туризм бірлігі» атауымен IV халықаралық түркітілді журналистердің медиа форумы өтті. Келелі кеңеске еліміздің БАҚ өкілдерімен қатар Ұлыбритания, Германия, Түркия, Әзербайжан, Солтүстік Кипрден келген туризм және медиа саласының сарапшылары қатысты. Онда дәстүрлі журналистика мен dijital жүйе, жасанды интеллектінің жаңа үрдістері және геосаяси ахуалдың түркі елдеріндегі ақпараттық нарыққа әсері талқыланды.

Халықаралық форум түркі елдерінің медиа кеңістігіндегі салалық журналистиканың сапасын арттыруды көздейді. Көпшілік санасында журналистика кез келген саланы қамти беруге тиіс деген жалпы және жадағай түсінік бар. Алайда дүние дидарына дүрбімен үңілсек, оның күн өткен сайын күрделеніп бара жатқанын байқаймыз. Бұл үдерістің негізінде біліктілігі жоғары маманды талап ететін салалар дамып келеді. Жалпылама тақырыппен жұмыс істейтін тілшінің дағдысы енді аздық етеді. Сондықтан дүниеге салалық журналистика келгені белгілі. Олар ма­манданған саласын ауди­торияға түсінікті тілмен жеткізуге тиіс.

Ақпарат айдынындағы осындай саланың бірі – экономикалық журналистика. Алматыдағы медиа форумның басты жаңалығы – қаржы тақырыбында халықты ақпа­раттандырып жүрген журналистер арасында өткен «Еркін сөз-2024» шығар­машылық байқауы. Байқау «Түркітілдес журналистер қоры» мен «Халық банк» акционерлік қоғамның ыждағат-қол­дауымен өтті.

Сонымен медиа-бәйге қорытындысы бойынша «Үздік телесюжет» аталымы КТК арнасының тілшісі Ұлан Нұрахметке бұйырды. Ал «Сайттағы үздік мақала» ата­лымына «atrpress.kz» сайтының тіл­шісі Амандық Сағынтайұлы лайық деп танылды. «Басылым бетінде жарық көрген үздік мақала» жүлдесін әріптесіміз, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Елігімай Төңкер жеңіп алды. Журналист «Жеке тұлға банкроттығы: мәселенің мәнісі» тақырыбында зерттеу жасап, алаяқтық жолмен несие рәсімдейтін криминалды нарықтың кілтипанын анықтап, қаржылық қауіпсіздік жолдарын айқындаған.

Форумның қорытынды бөлімінде түркі елдеріне ортақ медиа платформа жасақтау қажеттігі талқыланып, та­­рап­­тар өзара тиімді жоба әзірлеуге уағда­ласты.