• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Денсаулық 15 Қараша, 2024

Ауырмаудың жолы – вакцина ектіру

109 рет
көрсетілді

Атырау облысында жыл басынан бері жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 13 107 жағдайы тіркелді. Оның ішінде тұмауға жатпайтын риновирус, аденовирус, РС вирусы, парагрип, бокавирус аурулары бар.

Облыстық санита­риялық-эпидемиоло­гиялық бақылау де­­партаменті басшысының орын­­басары Алтынгүл Аймұ­ра­тованың айтуынша, биыл жер­гілікті бюджет есебінен Ресей Федерациясында шыға­рылған «Гриппол плюс» вакци­насының 65 000 дозасы сатып алынған. Өйткені тұмауды жұқ­тырмаудың бірден-бір жолы – вакцина ектіру.

«Тұмауға қарсы маусымдық вакцинациялау 15 қыркүйекте басталды. Осы кезге дейін 59 510 адам тұмауға қарсы вакци­на ектірді. Оның ішінде 1 023 адам вакцинаны жұмыс беру­ші есебінен алған. Вакцина салдыр­ғандардың арасында 2 594 жүкті әйел, 13 134 бала бар», дейді А.Ай­мұратова.

Инфекционист-дәрігер Ай­­нұр Қазиеваның айтуына қара­­ғанда, тұмау иммунитеті әлсіре­ген адамдарға тез жұғады. Әс­і­ресе балалар мен егде жас­тағы­лар жиі шалдығады.

«Балалар мен егде жастағы адамдарда симптомдар жылдам өрбуі, тіпті зардабы ауыр болуы мүмкін. Кейбір жағдайда тұмаудың салдарынан бронхит, пневмония, гайморит сыр­қаты асқынады. Ал егде жастағы науқастарда астма, қант диабеті, жүрек ауруы секілді созылмалы аурулардың өршуіне әке­ліп соқтырады. Тұмау қоғам­дық орындарда, мектептерде, кеңселерде тез жұғады. Сол себептен, тұмауды жұқтырмаудың ең тиімді жолы – жыл сайын екпе алу», деп мәлімдеді А.Қазиева.

Сондай-ақ мұнайлы өңірде көкжөтелдің таралу дерегі көбейгені байқалады. Атырау облыстық санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау де­партаменті басшысының орынбасары А.Аймұратованың мә­ліметінше, жыл басталғалы бұл дерттің 144 жағдайы тірке­ліпті. Науқастың басым бөлігі Атырау қаласында анықталған.

«Көкжөтел – жұқпалы ин­фек­циялық дерт. Оны Bor­detella pertussis бактериясы қоз­дырады. Бұл ауру, әсіре­се, ба­лаларға қауіпті болуы мүм­кін. Өңірде көкжөтелдің көп тіркелуі аталған инфекцияның таралу қар­қыны жоғары екенін көр­сетеді. Тұрғындар көкжөтел­ден қорғанудың ең тиімді әдіс­терінің бірі вакцина салдыру екенін ескермейді. Вакцинаны тұрақты алған адамда жұқпалы аурулардың жұғу қаупі төмен болады. Қоғамдық орындарда жеке гигиена шараларын сақтауға мән беру қажет. Бұл да аурудың таралуын төмендетуге ықпал етеді», дейді А.Аймұратова.

Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының статистика жүргізетін дәрігері Алмас Құмаровтың дерегіне қа­рағанда, биыл 9 айда 231 адам туберкулез дертіне шалдыққан. Күрк-күрк жөтеліп, қан түкіретін науқастар саны өт­кен жылғы көрсеткіштен 15 адамға ғана азайған. Дегенмен туберкулездің таралу көрсеткіші 7,6 пайызды құраған.

«Былтырғы 9 айда туберкулезбен ауырған 246 адам анық­талған еді. Ал биыл осы дертті жұқтырған науқастар азайды. Өлім көрсеткіші де өткен жылмен салыстырғанда 18,6 пайызға төмендеді. Жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында 4 679 адам диаскинтестіден өткізілді. Оның ішінде 2 256 бала мен 310 жасөспірім бар. Ересектер саны – 2113», деп хабарлады А.Құ­маров.

Дәрігердің мәліметінше, ауырып жүрген науқастармен қарым-қатынаста болған 1 430 адам тексерілген. Өкпесінде дерті бар науқастармен байланыс орнатқандардың арасында 73 бала, 650 жасөспірім, 707 ересек адам болған. Сондай-ақ қауіп-қатер тобына жататын 3 мыңға жуық адам бақылауға алынған.

 

Атырау облысы