Теңге – тек ақша емес, төл тарихымызды танытудың үлгісіне айналуы керек. Бүгінде қазақ елінің ақша жасау өндірісінде коллекциялық монеталарға басымдық берілген. Әлгіндей монеталардың бір бөлігі тарихи тұлғаларымыз бен ұлттық салт-дәстүрімізге арналып отыр.
Ақша – адамзаттың үш мың жылдан бергі ажырамас құндылығы. Оның қызметін алғашқыда бағалы өнімдер, атап айтқанда алқа, жануарлардың жүні мен терісі, бағалы металдардан жасалған бұйымдар, т.б. атқарды. Кейін олардың орнын монеталар, яғни тиын ақшалар басты. Ал қағаз ақшалар алғаш рет шамамен 1000 жыл бұрын Қытайда шығарылды. Арада бірнеше ғасыр өткенде ол Жапонияда кеңінен қолданысқа енгізіліп, Еуропаға ХVI ғасырда жетті. Испандар қоршауынан кейін Лейден қаласы қарапайым монеталардың жетіспеуінен қағаз ақшаны айналымға енгізген еді. Сөйтіп Еуропаға, одан соң бүкіл әлемге таралған.
Ғалымдар Қазақстан аумағындағы алғашқы ақшалар I-VI ғасырларда пайда болып, ақ ғұндар металл теңгелерді пайдаланған деп есептейді. Қола монеталарды құятын арнайы пештері бар кешендер болған.
Ұлттық валютамыз – теңге күніне орай Павлодардағы «Ertis» музейінде «Ұлттық валюта – теңге» атты көрме ашылды. Онда жергілікті коллекционер, нумизматик Төлеген Қалиевтің жарты ғасырдан астам уақыт жинаған ақшалары мен тиындары, түрлі коллекциялық үлгісі қойылған.
«Менің коллекциямдағы ақшалар мен монеталардың ең көнесі – араб жазуы түсірілген ежелгі тиындар. Қай жылы шығарылғанын тап басып айта алмаймын. Одан кейін мынау жатқан күміс бақырлар. Бұлар патшалық Ресейде тиынның екіден бір, төрттен бір бөлігін құрайтын ең кіші ақша жиынтығы болып есептелген. Қазақстан Ресейге қосылған уақыттан бастап ел аумағында орыс патшалығының ақшалары жүре бастағаны мәлім. Мысал үшін бір червонец (сом) едәуір байлықты білдірген. Жалпы, ертедегі орыс елімен қоса, қазақтар да пайдаланған қағаз ақшалар кеңес өкіметі орнағанша өте ірі көлемде танылған. Ақша ол кезде көзге көрінетін, байлықты білдіретін құндылық ретінде жасалған еді. Соған орай оны «портянка», қазақша айтқанда «шұлғау» деп атаған. Ал кеңес өкіметі 1961 жылы ақша саясатына реформа жасап, көлемін кішірейткен. Бұл ақшаның әмиянға сыйымдылығын арттырды әрі адамдар үшін қолайлы бола түсті», дейді Төлеген Шыңғысханұлы.
КСРО өкіметі 1991 жылдың қаңтар айында ақша саясатында тағы бір реформа жүргізіп, инфляция күшейе түскені себепті бұрынғы ақшаларды кейін қайтарып, 500, 1000, 5000 сомдықтарды айналымға шығарды. Кеңестік соңғы үлгідегі ақшалар Қазақстанның төл теңгесі шығарылғанша қолданыста жүрді.
– Жалпы, ақша тауар айырбасында қолданылатын құндылық қана емес, ол белгілі бір халықтың, ұлттың тарихы жайлы да баяндайды. Мысалы, АҚШ мемлекеті өздерінің президенттерін доллар бетіне басып жүр. Алғаш төл теңгеміз шыққанда, тарихи тұлғалар мен ұлттық қайраткерлеріміздің бейнелері ақшада бейнелене бастады. Теңгенің 1993 жылдардағы бейнесін зерделейтін болсақ, онда тұтас дәуірлердің тарихы қиюласқан. Теңгемізге қарап, өзге жұрт Әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Әбілқайыр мен Абылайды, Абай Құнанбайұлы мен қазақ зерттеушісі Шоқан Уәлиханов секілді ұлтымыздың ұлы тұлғаларын таныды. Өкінішке қарай, арада жылдар өткенде ол үрдіс үзіліп қалды да, дизайнерлеріміз сақ стиліне көшіп кетті. Бұл да дұрыс бағыт шығар. Бірақ маған алғашқы дизайны ерекше ұнайды, – деп ой бөлісті нумизматик.
Елімізде ақшаның айналымға жіберілетін және коллекцияға арналған түрлерін шығару бүгінде үлкен дәстүрге айналған. Түрлі мерейтойлық даталарға орай коллекциялық монеталар құйылады. Ақша өндірісіндегі бұл бағытта бай коллекциялық қорымыз да түзіліп қалған. Кейінгі коллекцияларда монеталар алтын мен күмістен бөлек сирек металдардан да жасала бастаған. Мәселен, ортаңғы бөлігі «танталдан» құйылып, ғарыш әлеміне арналған коллекциялар жиынтығы бар. Танталдың ерекшелігі, оны құю барысындағы температураға орай металдың түсі өзгереді екен. Байқағанымыздай, әлгі монеталардың бірінің түсі қызыл, сары болса, енді бірінікі күлгін, күміс түстес болып келеді.
Елімізде шығарылған коллекциялық монеталардың тақырыбы әр алуан. 2015 жылы онда еліміздің Қызыл кітабына енген жануарлар мен құстар әлемі еніпті. Ал кейбір жылдары ұлттық салт-дәстүріміз бен наным-сенімдерімізге негізделген құндылықтар бейнеленген. Олардың ішінде «Жеті қазына», «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» сериялары бар.
Коллекционер Төлеген Қалиев – полиция органының еңбек ардагері. Нумизматикамен 7 жасынан бастап айналысқан. Мұның бастауында жастайынан тарихымызға деген қызығушылық себеп болғанын айтады. Осы уақытқа дейін жинаған ақша құралдары мен түрлі коллекциялық үлгілері әр алуан әрі олардың көбінің тарихы бар.
«Интернет бетіне кейбір коллекциялық монеталарды саудаға шығарып, атасының құнын сұрайтындар бар. Мен әр коллекциялық монетаның құнын жақсы білемін. Жылдар бойы тірнектеп жинаған монеталарды орташа есеппен 15-20 мың теңгеге сатып алып жүрдім. Мәселен, мынау қолыма ұстап тұрған «Жеті қазына» үлгісі. Мұның бағасы ары кетсе 30 мың теңге тұрады. Ал кейбір жарнама берушілер оны бір миллион теңгеге бағалаған. Бағаны аспаннан алып қоюға болмайды, оған негіз болуы керек. Ал мен өз коллекциямды әзірше саудалап көрмедім», деп әңгімесін жалғастырды коллекционер.
Бір қызығы, Төлеген ағаның коллекциясында ұлт қайраткерлері мен мәдениет, өнерде танылған тарихи тұлғалардың мерейтойларына орай шығарылған монеталар да самсап тұр. Қазақстан жерінің тұтастығын сақтап қалуға себепші болған Жұмабек Тәшеновтің бейнесі бар монетаны мақтанышпен атады. Оның пікірінше, мұндай коллекциялар жас ұрпаққа тарихымызды тереңірек танытуға негіз болады.
«Мен өзімді елімнің патриотымын деп есептеймін. Осы монеталар арқылы адамдарға тарихтан мағлұмат берсем деп ойлаймын. Екінші тұрғыдан халқымыздың салт дәстүрін, ырым-тыйымдрын қайта жаңғыртудағы маңызы зор. Жолдасым бізді танитын отбасылардың, әсіресе туыстарымыздың сұрауымен баланы қырқынан шығару, бесікке салу рәсімдеріне жиі барады. Сәбиді шомылдыратын суға ұлт қаймақтары бейнеленген монеталарды салып, «биік тұлғалы азамат бол» деп ырымдайды. Балаға бұл жерде көп жақсы тілектер айтлады. Бұл да көпшілікке қызық» деп аяқтады әңгімесін Төлеген Қалиев.
ПАВЛОДАР