• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өндіріс 15 Қараша, 2024

Ірі тұтынушылар отандық өнімге назар аударса игі

72 рет
көрсетілді

«Polytech Astana» полиэтилен шығарып, осы тауарға деген сұранысты өтеп отыр. ЖШС басшысының айтуынша, 2004 жылы құрылған кәсіпорынға 2013 жылы №1 Индустриялық паркінен жер бөлініп, толық негізде түрлі өлшемдегі құбыр шығару жолға қойылды. Өндіріске 4,15 млрд теңге инвестиция салынған.

«Қазір зауытта әртүрлі өлшемдегі плас­тикалық құбырлар жеті өндіріс желісі­нен шығып жатыр. Германия, Финлян­дия, Қытай елдерінен әкелінген техно­логия уақыт талабына сай өнім жасауы­мызға мүмкіндік тудырып отыр. Зауыт­ жылына 10-15 мың тонна құбыр шығарады. Өнім сапасын тұтынушы компа­ния­лардың әлеуетіне қарап-ақ айқын­дауға болады. Тұтынушыларымыз елдің 20 өңірінің бәрінде дерлік бар», дейді кәсіпорын бас директоры Бағлан Құдияров.

Негізгі тапсырыс берушілер қатарын­да «Астана су арнасы» МКК, «Kegoc», «Қазақтелеком», «ҚазГерСтрой» ЖШС және басқа да іргелі компаниялар бар.

«Өнім мен инновацияны үнемі жетілдіре отырып, тұтынушы талабын толық орындауға мүдделіміз. Себебі кәсіпорын ұзақмерзімді дамуға бағытталған. Серіктестермен қарым-қатынасты нығайтумен қатар, жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, қажет кезінде қолдау білдіреміз», дейді бас директор.

Компания тек өндіріспен ғана шұғылданып қоймай, елдегі орта білім ошақтарымен байланыс орнатуға тырысады. Бүгінде Астанадағы екі техникалық колледжбен меморандумға отырған. Колледж студенттері зауытқа келіп іс-тәжірибеден өтеді.

«Тәжірибеден өтуге келген 30 сту­денттің он шақтысы осында тұрақты жұмысқа қалып қояды. Кәсіби маман табу қиын. Пластикалық құбырлар жасауға оқытып, үйрететін білім орындары әзірше елімізде жоқ. Зауыт алғаш ашылған кезде мамандарды Финляндияға жіберіп, оқытып алғанбыз. Зауыттың жүрегі һәм ұстыны болып отырған сол сақа мамандар келген әрбір жас түлекті осындағы кәсіпке баулиды», дейді кәсіпорынның техникалық директоры Марат Сәдуақасов.

Оның айтуынша, «Polytech Astana» кәсіпорнының газбен жабдықтауға арналған құбыр­лары жо­ғары қысымға және сыртқы әсерлер­ге төзім­ділікті қам­тамасыз ететін жоғары сапалы по­ли­эти­леннен (ПЭ) жасал­ған­дықтан, өте төзімді әрі берік. Құбыр­лар халық­ара­лық қауіп­сіздік және сапа стандарттарына сәйкес келеді. Ал су құбыры полиэтилен және поливинилхлоридтен (ПВХ, ПВХ-О) жасалған. Ол да аса берік, экологиялық тұрғыда таза әрі коррозияға төзімді.

«Қазір өнімге сұраныс бар. Әйтсе де, отандық үлкен компаниялар қажет құбырын Қытай немесе Ресейден алдырады. Әйтпесе біз шығаратын өнім сапасы сырттан келетін тауардан бір мысқал кем емес. Тіпті артық деуге болады. Сондықтан Үкімет қолдауы тағы ұлғайып, іргелі компаниялардың тек отандық өнімдерді сатып алуы қажеттігі белгілі бір келісімшартта анық көрініс тапса деген тілек бар», деді М.Сәдуақасов.

Тәулігіне 24 сағат тегершігі айналған зауытта жұмысшылар 4 ауысыммен еңбек етеді. 100-ден аса адам жұмыс істейді. Басым көпшілігі – техника­лық, механикалық мамандық иелері. Жұмысшыларды үй мен зауыт арасына тасымалдайтын арнайы автобус бар. Бір мезгіл тегін ас беріледі. Еңбекақы көлемі 200 мың теңгеден басталып, еңбегі мен лауазымына қарай еселенеді екен.