Мемлекеттік кеңесші мектептердегі тәрбие жұмыстарының жаңа бағдарламасы жөнінде жиын өткізді.
Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен мектептердегі тәрбие жұмысы жөнінде кеңес өтті. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері мен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын әзірлеген жұмыс тобының мүшелері қатысты.
Аталған құжат Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес дайындалды. Бұл бағдарлама білім беру ұйымдарына биылғы 1 қыркүйектен енгізіле бастады.
Мемлекеттік кеңесші тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру мектеп пен ата-аналардан күш жұмылдыруды талап ететін күрделі үдеріс екенін атап өтті. Бағдарлама отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық, ынтымақтастық, жасампаздық пен жаңашылдық секілді іргелі құндылықтарды кеңінен дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруді көздейді.
Жиын соңында Ерлан Қарин барлық білім беру мекемесінде тәрбие жұмысының жаңа бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға әрі оны одан әрі ілгерілетуге қатысты нақты тапсырмалар берді.