• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2015

Далада қалмайды

356 рет
көрсетілді

Өрт – тіл-құлағы жоқ тілсіз жау. Таңғы сағат төрттің шамасында басталған өрт Кентаудағы Алтынсарин көшесіндегі №1 үй иелерінің әптер-тәптерін шығарды. Үш пәтер түгелдей жанып кетті. Құдай сақтап осында тұрып жатқан адамдардың денсаулығына ауыр зардап әкелген жоқ. – Бізге 21 адам келіп көрінді, – дейді Кентау қалалық аурухана бөлімінің дәрі­гер­­лері.  – Солардың 17-сіне дереу жедел көмек беріп үйлеріне қайтардық. Өрт бол­ған­нан кейін зардабы болмай қоймай­ды. Төрт адам ауруханаға түссе, екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Екеуі хирургия бөлімін­де. Уланып қалғандар бар. Оларды сауық­тырудың бар шарасы қолға алынып жатыр. Тұрғындар төтенше жағдай жөнін­дегі бөлімнің қызметкерлеріне алғыс айтады. Олар дер кезінде келіп, тұр­ғын­дарды қауіпсіз аймаққа көшіруді ұйым­дастырған. Куәлердің мәліметінше үшін­ші қабатта тұтанған өрт ауа тарт­қыш құбыры арқылы жоғары өрлеген. Тілсіз жау бір сәтте уайымсыз отырған үш пәтердегі отбасыларды естен тандырар күйге жеткізді. Оқиға орнына жеткен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалыбеков: «Мүмкіндігінше өрт шалған пәтер иелерін уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етіп жатырмыз. Біразы осындағы ағайындарының үйлеріне барып жайғасты. Қала әкімдігі ыстық тамақпен қамтамасыз етудің жағдайын шешті. Тұрғындарды далада қалдырмаймыз. Өрт шалған пәтерлерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», деді. Шетелдерде тосын жағдайда адамдарды құтқарып алғаны болмаса Үкімет баспана салып беруді немесе күрделі жөндеуден өткізуді мойнына алмайды. Ал Қазақстанда азаматтарын көшеде өз мұңымен арпалысуына жол бермейді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов осы жағын нықтап жатыр. Құдай қос көрсе, пәтерлерінің астан-кестеңі шы­ғып абдырап қалған отбасылар демеу­­шілер көмегімен жөндеуден өткен сайлы пәтерлеріне қайта оралады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.