• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Президент 16 Қараша, 2024

Агроөнеркәсіп кешені экономиканың қозғаушы күшіне айналуға тиіс

214 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өтті. Осынау іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан аса адам жиналды. Форумға агрохолдингтердің өкілдері, фермерлер, шаруа қожалықтарының жұмысшылары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен инвесторлар қатысты.

Он жылдағы рекордтық көрсеткіш

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басында жиынға қатысушыларды Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнер­кәсібі қызметкерлері күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы форумның елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, тың игеру науқанының түрлі салдары болғаны­на қарамастан, ауыл шаруашылығында көптеген оң өзгеріс жасалды. Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі астықты елдердің біріне айналды. Бұл ретте ол алғашқы тың­гер­лердің және олардың ізін басқан диқандарымыздың еңбегін ерекше бағалады.

– Қазақстан егіс алқабы және жайылым­дық жер көлемі жағынан әлемде 6-орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекет­тің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бо­йынша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терімде 26,7 млн тонна дақыл жиналды. Бұл – кейінгі он жыл­дағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде, диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! – деді Президент.

Президент жүйелі жұмыстардың нәтиже­сін­де инфляция деңгейі төмендегенін, ал ұлттық экономиканың өсімі биылғы қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асқанын жеткізді. Оның айтуынша, мұнайдан тыс салаларды дамыту арқылы оң динамика байқалады. Бұл – маңызды үдеріс. Ішкі жалпы өнім өсімінің үштен екісінен астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығына тиесілі. Осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру керек.

– Қазақстан шетелдерден тікелей инвес­тиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Биыл жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның қазіргі несие рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде тұрғанын растады. Қыркүйекте Moody’s агенттігі Қазақстанның ұзақмерзімді рейтингін «Тұрақты» деңгейіне көтерді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтиже. Инвестиция экономиканың кен өндіруден тыс салаларына көбірек тартылды. Өңдеу секторы көлемі жағынан қазірдің өзінде кен өндіруді басып озды әрі үздіксіз өсіп келеді (өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторының үлесі 47 пайызды құрайды). Бұл салада бүгінде 630 мың азамат жемісті еңбек етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы жыл соңында жалпы құны 1,2 трлн теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырылатынын хабарлады. Атап айтқанда, катодты мыс (Қарағанды облысы), ферроқорытпа (Павлодар облысы), жүк көліктерінің бөлшектері (Қостанай облысы), цемент, бағалы металл өңдеу өндірісі (Жамбыл облысы) секілді ірі зауыттар жұмыс істей бас­тайды. Қазіргі уақытта вольфрам кенін қайта өңдеу (Алматы облысы), «Chevrolet Onix» автокөлік маркасын құрастыру (Қостанай облысы), мыс концентраты (Жамбыл облысы), жылу оқшаулағыш материалдары (Алматы облысы) және қыш тақталары (Шымкент қаласы) өндірістері пайдалануға берілді. Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыттың ашылуы мұнай-газ химиясы саласының толықтай қалыптасуына ықпал етті. Алдағы уақытта полиэтилен мен бутадиен өндіру жоспарланған. Маңғыстау облысында еуропалық консорциумның қатысуымен «жасыл» сутегі өндірісі жобасы жүзеге асырылады. Осылайша елімізде озық халықаралық стандарттарға сай және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар құрылып жатыр.

Бұдан соң Президент әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқа­нын, осы мақсатта «Отау», «Наурыз» және «Асыл мекен» жеңілдетілген ипотека­лық бағдарламалары ашылғанын, сондай-ақ көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 17 мыңнан аса отбасының баспана мәселесі шешімін тапқанын атап өтті.

– Агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Негізгі мақсаты­мыз – ауыл шаруашылығының дамуы­на серпін беру. Бүгінде еліміздің Жаһан­дық азық-түлік қауіпсіздігі индексін­дегі көрсеткіштері жақсарып келеді. 2022 жылы осы рейтингте 32-орынға шықтық. Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету тұрғысынан ма­ңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты, – деді ол.

 

Жеңілдетілген несие ертерек беріледі

Президент алдағы жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды. Оның біріншісі – агроөнеркәсіп кешенін қаржылан­дыру­ды жүйелі жүргізу. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет агроөнеркәсіп кешеніне бөлінетін қаржы көлемін айтарлықтай арттырғанын, пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі әрі көлеңкелі жүйесінен бас тартқанын айтты.

– Диқандар енді көктемгі егін егу және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Мұндай несиелеу көлемі алғаш рет жарты трлн теңгеден асты (580 млрд теңге, бұған дейін 180 млрд теңге болған), алдағы уақытта бұл көрсеткіш 1,5 трлн теңгеге дейін жеткізіледі. Дәнді дақылдар түсімі биыл гектарына 16 центнерді құрады. Бұл – көпжылдық орташа көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары. Кейбір алқаптан гектарына 40 центнерден немесе одан да көп өнім жиналды. Бидай сапасы мен балауызының деңгейі – (32 пайыз) жоғары. Бұған заманауи агротехнологияларды, жоғары сапалы тұқымды, тыңайтқыш пен пестицидтерді пайдалану, сондай-ақ ауылшаруашылық техникаларын жаңарту арқылы қол жеткіздік. Енді біздің алдымызда жиналған өнімді сақтау және оның бағасын құлдыратуға жол бермеу міндеті тұр. Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырамын. Бұл нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін керек. Астықты өңірлердегі қоймаларды босату мақсатында Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері бидайды басқа облыстарға тасымалдауды жедел қамтамасыз еткені жөн. Бұл істе облыс әкімдерінің үйлесімді жұмыс істегені маңызды. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру – мол астық жинаудың кепілі. Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бас­тан өткереді. Сондықтан менің тап­сырмам бойынша көктемгі егіс жұмыс­тарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетін болады. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады, – деді Мемлекет басшысы.

Ол халыққа арнаған Жолдауында аталған салаға жеке инвестициялар тарту керек екенін айтқанын еске салды. Бұл ретте Президент агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидия­лауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандыруды алға тартып, отандық қаржы институттары агрокәсіпорындарға ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаражат ұсынуға тиіс екенін атап өтті.

– Бүгін – Ұлттық валюта күні. Төл валютамыз – тәуелсіздіктің символы. Теңгенің тұрақтылығы Қазақстан экономикасының орнықты дамуына ықпал етеді. Мемлекеттің қаржы саясаты бірінші кезекте нақты сектордың өркендеуіне бағытталғаны дұрыс. Бұл салада мемлекеттік қолдаудың ауқым­дылығын ескере отырып, есептеу мен қадағалаудың тиімділігін жолға қою қажет. Менің тапсырмам бойынша ауыл шаруашылығындағы статистиканы бұрмалау, жалған құжат толтыру, көзбояушылық фактілерін түп-тамырымен жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осының нәтижесінде біз саланың нақты жағдайын бағамдай аламыз, экономикалық шығынға соқтыратын тиімсіз шешім қабылдамаймыз. Үкімет субсидия берудің ашықтығын толық қамтамасыз етіп, саланы нарықтық әдіс-тәсілдер арқылы нығайтуды қолға алуы қажет. Бұл салада стратегиялық тұрғыдан сенімді әрі мұқият ойластырылған мемлекеттік реттеу тетіктеріне көшу маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екінші бағыт – агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру. Бұл ретте Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында үш жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойғанын, негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Атап айтқанда, таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік беретін 116 заманауи тауарлы сүт фермасы салынады. Жалпы қуаты жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, сондай-ақ қуаты жылына 850 млн жұмыртқа өндіретін 11 құс фабрикасын пай­далануға беру көзделген. 100 мыңға жуық ірі қараға арналған 6 бордақылау ала­ңын, сондай-ақ 50 мың бас уақ малға арнал­ған бордақылау кешенін іске қосу жоспар­ланып отыр. Сонымен қатар Үкімет ал­ғашқы мамандандырылған биржа ашуды қолға алды. Бұл кешенде мал саудасының заманауи ережелері сақталып, фермерлер мен тұтынушылар арасында басы артық делдалдар болмайды.

 

Ауыл шаруашылығын өркендететін тетіктер

Үшінші – ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету. Президент атап өткен бұл бағыттың маңызы зор. Қазір жаһандық азық-түлік нарығында бәсеке күшейіп келеді. Оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беру керек. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі.

– Картоп пен қант қызылшасы бойын­ша отандық тұқымның үлесі 10 па­йызға да жетпейді. Осындай мәселе­лерді шұғыл шешу қажет. Биыл Дәнді дақыл­дар селекциясы мен тұқым шаруашы­лы­ғын дамыту туралы кешенді жоспар қабыл­данды. Нақты міндеттер қойылды. Үкімет­ке диқандарды елімізде өндірілген тұқым­мен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл көр­сеткішті 2028 жылы 80 пайызға жет­кізу қажет. Ал жоғары сапалы (яғни элита­лық) тұқымның үлесі кемінде 15 пайыз болуы керек. Ол үшін шетелдің озық тәжі­ри­бесін зерттеген жөн. Мен жақында фран­цуз кәсіпкерлерін осы саладағы инвес­ти­циялық жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырдым, – деді Мемлекет басшысы.

 

Жылқы шаруашылығы институты құрылады

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жылқы тұқымын сақтау, санымен қатар сапасын да арттыру мәселелерін қозғады. Осы орайда ол жуырда Моңғолияға жаса­ған мемлекеттік сапарында сол елдің басшысымен екі көшпенді халықтың ұр­­пағы ретін­де жылқы туралы әңгімелес­кенін, моң­ғол жыл­қылары аласа болғанымен, өте тө­зім­ді әрі ұзаққа шабатынын айта кетті.

– Біз – «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп, арғымақты айрықша қадір­ле­ге­н ел­міз. Тұтас тарихымыз тұлпар­дың тұя­ғымен жазылған. Жалпы, қазақтың мінер көлігі де, ішер асы да жылқымен тығыз байланысты. Саумал мен қымыздың сан түрлі дертке шипа екені баршаға мәлім. Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 млн жылқының 40 мыңы ғана – асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн. Қазақстанда жылқы­ның бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақ­пен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр (небәрі 280 бас қалды). Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет. Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашы­лығы институтын құруды тапсырамын. Білік­ті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішін­де осы мәселені пысықтап, қаржы көз­дерін нақтылауы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы мән берген төртінші бағыт – ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу. Осы орайда ол алдымен минералды тыңайтқыштар мәселесіне тоқталды. Бұл – отандық агросектордағы өзекті мәселе. Биыл егіс алқаптарына бұрынғыдан екі есе көп тыңайтқыш себілді. Бұл – ғылыми тұрғыдан қажет тыңайтқыштың 41 пайызы деген сөз. Жалпы жұмыс қарқыны жаман емес. Бірақ біз агротехнологиясы дамыған озық елдердің деңгейіне ұмты­луымыз қажет. Сондықтан импорт­қа тәуел­ді болуды азайту керек. Өзімізде шы­ғары­­латын тыңайтқыштар ауыл ша­руа­шы­лығын толық қамтамасыз етпейді, сұраныстың жартысын ғана өтейді.

Қазір елімізде құны 4 млрд доллар болатын ауқымды инвестициялық жоба­лар жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында 7 млн тонна минерал­ды тыңайтқыш өндірілмек. Осылайша ішкі нарықты толық қамтамасыз ете­міз, ал артығын экспортқа шығару­ға мүмкіндік туады. Бұған қоса органика­лық тыңайтқыш өндірісін дамыту маңыз­ды. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, қойдың жүнін суармалы жерге тыңайт­қыш ретінде тиімді пайдалануға болады.

– Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі цифрландыру мен автоматтандыру мәселесі ұдайы назарда болуға тиіс. Бұл бағытта қазірдің өзінде жақсы нәтижелер бар. Кейінгі бес жылда еліміздегі цифр­лы фермерлік шаруашылықтар саны алты есеге жуық өсіп, бүгінде 200-ден асты. Бұл – шын мәніндегі болашақтың кәсіпорындары. Онда озық технологиялар жаппай енгізіледі. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Аталған саладағы қызметтер мен үдерістерді толығымен электронды форматқа көшіруді жеделдету қажет. Субсидия алу мен жеңілдіктер­ді пайдалану алгоритмдері фермерлерге барынша қарапайым және түсінікті болуы керек. Бұл туралы ақпараттардың фор­малары мен мазмұны барынша қол­жетімді болғаны жөн. Жасанды интеллект пен «үлкен деректерді» пайдалану арқылы ғана өндірістің барлық кезеңінде дәл есептеу, бақылау мен болжау мүмкін болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бесінші – ауыл шаруашылығы техника­сы­ның қолжетімділігі маңызды. Бұл бағытта Президент ауыл шаруашы­лығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу жөнінде міндет қойғанын, осы мақсатқа 120 млрд теңге бөлініп, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жылына 5 пайызбен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы басталғанын атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстанда 8 ірі бірлескен кәсіпорын, соның ішінде «Клаас» неміс концерні мен ресейлік «Ростсельмаш» компаниясы табысты жұмыс жасап жатыр. Биыл шамамен 160 млрд теңгеге жуық қаржыға 4,5 мыңнан аса трактор мен астық жинайтын 815 комбайн (оның 107-сі «Клаас» компания­сына тиесілі) шығарылды. Үкімет еңбек өнімділігін арттыруға, импортталатын қосалқы бөлшектерді локализациялап, ұсақ бөлшектерден құрастырылатын өндірісті қолдауға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса мән беруі керек.

Алтыншы бағыт – ауыл шаруашы­лығының экспорттық әлеуетін күшейту. Осы орайда Мемлекет басшысы көлік-логистика мүмкіндіктерінің шектеулі болуы кедергі келтіретінін айтты. Мысалы, еліміздегі логистика мен сақтау жүйе­лерінің жеткілікті болмауынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер зор шығынға ұшырап отыр. Сондықтан сақтау инфрақұрылымын, соның ішінде элеваторлар, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймаларын дамыту маңызды бағыт болуға тиіс. Сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары қабылданды. Бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстау керек. Еліміз дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтап қана қоймай, түрлі елдердің талаптарына бейімделген икемді жеткізу жүйесін құра отырып, экспортты әртараптандыруы тиіс.

– Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікмен­стан, Қырғызстан және Ауғанстан­ға жос­парлы түрде астық тасымалдау жұмы­сы басталды. Иран нарығына кіруге рұқ­сат алып, 250 мың тонна арпа жөнелт­­тік. Сондай-ақ Қытайға, Еуропа одағы ел­деріне және Солтүстік Африкаға астық жеткізіледі. Теңізбен тасымалдауды арттыру үшін Құрық портында жаңа астық терминалы іске қосылды. Жаңа нарықтар­дың азық-түлікке сұраныс көлемі ұлғайып келе жатқанын ескерсек, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий бағыты сияқты халықаралық дәліздердің рөлі арта түседі. Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-логистикалық орталығы ретінде құру жөніндегі стратегиялық міндет – менің кейінгі жылдардағы халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан келіссөздерімнің басты тақырыбына айналды. Бұл мәселеде аталған дәліздерге ыңғайлы жол табу және ішкі логистиканы жақсарту өте маңызды. Сондықтан алдағы алты жылда (2030 жылға дейін) біз теміржол желісін ауқымды түрде жаңғыртуды көздеп отырмыз. Он бір мың шақырым темір жолды жөндеп, бес мың шақырымнан астам жаңа теміржол салу жоспарлануда. Қазірдің өзінде «Дарбаза – Мақтаарал», «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз» және «Алматы қаласының айналма жолы» сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл Орталық Азия мен Қытай бағытындағы жүк тасымалының артуына жол ашады. Автокөлік жолдарының желісін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жыл соңына дейін «Астана – Балқаш – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» автомобиль жолдарының құрылысы аяқталады, – деді Президент.

Жалпы, биыл Қазақстанның экспорт­қа 12 млн тонна астық шығаруға мүм­кіндігі бар. Бұл – өте көп өнім және зор жауап­кершілік. Диқандардың өнімін сырт­қы нарыққа шығаруға жан-жақты қолдау көрсету – Үкіметтің басты міндеті. Экспорттық әлеуетімізді арттыра түсу үшін әлемдік нарықта сұранысқа ие бағалы дақылдарды көбірек өсіру қажет.

Сонымен қатар ішкі нарыққа өткізу­дің ұтымды жолдарын барынша пайда­лану керек. Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен іргелес аймақтардағы диқандардың мол мүмкіндігі бар. Осы орайда Ақмола облысын үлгі ретінде айтуға болады. Бұл аймақ елорданың «азық-түлік белдеуі» деген атқа лайық екенін дәлелдеді. Биыл облыстың ауыл шаруа­шылығындағы жалпы өнімі екі есе өскен. Бұл – өте жақсы нәтиже. Сондық­тан ауқымды ішкі нарығы бар қала­лармен шектесетін басқа да аймақтар осы бағытта белсенді жұмыс істеуі керек.

Қазақстанда сан түрлі азық-түлік өнімі шығарылады. Жұрт өз өнімдерімізді көбірек сатып алу үшін оны елге танытып, кеңінен насихаттау керек.

 

Қазақты сақтау үшін ауылды сақтауымыз керек

– Халқымыздың 40 пайызы ауылда тұратынын білесіздер. Агроөнеркәсіп кешені бүкіл елдің, әсіресе ауыл тұрғын­дарының тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сол себепті мен ауылды өркендету ісіне айрықша мән беремін. Бұған сайлау алдындағы тұғырнамада ерекше назар аудардым. Президент сайлауынан кейін алғашқы Жарлығым ауылды дамытуға арналды. Менің тапсырмам­мен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырым­дама қабылдады. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынды. Бүгінге дейін 140-тан аса нысан салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Кейінгі бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді. Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент бұрын жабылып қалған кейбір аудандар былтыр өз тапсырмасымен қайта құрылғанын, бұл, әсіресе шеткері орналасқан елді мекендерге серпін беретін қадам, «Қуатты аймақтар – қуатты ел» деген сөз екенін айтып, баршаға үндеу тастады.

– Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыз­дың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Мен табысқа жеткен әр адам туған жеріне қамқор болуы қажет деп үнемі айтып жүрмін. Бүгін ортамызда «Қазақстанның Еңбек Ері» Иван Адамович Сауэр отыр. Ол жетекшілік ететін «Родина» агрофирмасы ауыл шаруа­шылығында бизнесті оңтайлы жүр­гізу­дің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бұл – Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етуге және облыс экономикасының дамуына зор үлес қосып қана қоймай, өзінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының қамын ойлайтын озық кәсіпорын. Сыр бойындағы Нағи Ілиясов және Таң, Арқадағы Шахтерское, Қызылжар өңіріндегі Новоникольское ауылдары да көпке үлгі. Әр аймақта осындай гүлденген елді мекендер бар. Бірақ ауылдан шыққан мықты кәсіпкерлер одан әлдеқайда көп. Мен іскер азаматтарды ауыл-аймақ­ты көркейтуге шақырамын. Адал еңбек­пен табысқа жеткен азамат ауылын дамытуғ­а үлес қосқаны жөн деп ойлаймын. Бұл біз үнемі айтатын отаншылдық, елге жа­нашырлық қасиеттердің нақты көрінісі болары сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы да осындай құндылықтарға негізделген. Жоба аясында елді мекендеріміз тазарып, жаңаша келбетке ие бола бас­тады. Қоршаған ортаға қамқорлық қоғамдық мәдениеттің арқауына айналды. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. Президент тапсырмасымен Үкімет арнайы тұжырымдама қабылдады. Басты мақсат – халықтың экологиялық мәде­ние­тін одан әрі арттыру.

– Еңбекқорлық пен жауапкершілік ұлтымыздың бірегей болмысына айналуға тиіс. Бүгінде әлеуметтік желілерде әдемі өмір сүру мен оңай олжа табу туралы жарнамалар көбейіп кетті. Бұл халықтың санасына барлық жетістікке қиналмай қол жеткізуге болады деген бос қиялды сіңіреді. Жастардың белгілі бір бөлігі соған сеніп, алтын уақыттарын босқа сарп етуде. Кез келген жетістікке тынымсыз еңбек қана жеткізетіні даусыз. Бұрынғылар «Еңбек бәрін жеңбек» деп бекер айтпаған. Еліміздегі әр азаматтың адал әрі жауапты еңбек арқылы табысқа жеткенін қалаймын. Бұл – азаматтарымыздың өмірлік мақсатына айналуға тиіс. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасының мәні де осында жатыр. Мен жастарға сенетінімді үнемі айтып келемін. Ауыл шаруашылығы жастардың өзін танытуына мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ауылға маман тартудың қаншалықты қиын екенін жақсы білетін шаруашылық басшылары бұл іске ерекше мүдделі. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлауға үлкен көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Оның төртеуі агроном, мелиоратор, биотехнолог және эколог сияқты ауыл шаруашылығы саласында сұранысқа ие мамандарды халықаралық бағдарламалар бойынша даярлайды. Жалпы, мемлекет пен бизнес ауылдағы барлық мәселені бірлесіп шешуі керек. Агроөнеркәсіппен айналысу үшін ауылға келген жас кәсіпкерлерді бағалаймын. Мемлекет те сіздердің еңбектеріңізді ұмыт қалдырмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз Жолдауында Үкімет пен барлық мемлекеттік органдар отандық бизнеске, шетелдік инвесторларға жол ашуы керек екенін тапсырғанын, ауыл тұрғындарына қолұшын созып, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға атсалысатын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары мемлекеттің көмегіне жүгіне алатынын атап өтті.

Оның айтуынша, Үкімет пен әкімдер жерді табыс көзіне айналдырып, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атүсті қарайтындарға тосқауыл қоюға тиіс. Жауапкершілігі мол кәсіпкерлер мен инвесторлар ғана елдегі оң өзгерістердің нағыз көшбасшысы бола алады. Осы орайда Мемлекет басшысы мемлекет пен агробизнес арасындағы байланысты жақсарту үшін бұл форумды жыл сайын өткізуді ұсынды.

 

Күн тәртібіндегі мәселелер кешіктірілмей шешілуі қажет

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты ойын жеткізді. Бұл қатарда мектеп асханаларындағы тамақ сапасы, Маңғыстау облысында балалардың астан уланғаны сияқты жағдайлардың қайталануына жол бермеу, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қатаң бақылау мәселесі сөз болды. Мұның шешімі ретінде балаларды тамақтандырудың халықаралық стандарттарына ұмтылу, мектептерде дұрыс тамақтандыру мәдениетін қалыптастыру үшін агроөнеркәсіп кешенін білім беру орындарының серіктесіне айналдыру қадамдары айтылды.

– Жылыту маусымын мінсіз өткізу – өзекті мәселелердің бірі. Бұл менің ерекше бақылауымда. Саран қаласы ауа райының суытуына дайын болмай шықты. Мұндағы үйлер жақында ғана жылу жүйесіне қосылған еді. Кемшілікке жол берген жауапты тұлғалар тиісті жазасын алды. Бұл барлық әкімге сабақ болуы керек. Жылыту маусымына да­йын болмау басшылардың өз қызметіне сай келмейтінін көрсетеді. Дегенмен биыл ел аумағында энергия көздері мен жылумен жабдықтау желілерін жөндеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіл­ді. Қоймалардағы отын қоры жеткі­лік­ті. Бірақ қамсыз отыруға болмайды. Жағдайды ұдайы бақылауда ұстау керек. Мемлекеттік басқару жүйесінің алдында қазір нақты міндеттер мен едәуір сын-қатер тұр. Оқыс оқиғаларға дер кезінде үн қату, жағдайды ушықтырмау, дәл болжам жасау, қоғамның талап-тілегіне құлақ асу маңызды. Барлық мемлекеттік орган, коммуналдық және басқа да қыз­меттер үйлесімді әрекет етуі керек. Алай­да күнделікті шаруамен айналысып жүріп, стратегиялық мақсаттарды ұмыт қалдырмау қажет. Алға қарай ұмтылып, кең ауқымды перспективаны бағыт еткеніміз жөн. Проблеманың уақытша шешімін іздемей, оның түпкі себептерін жоюымыз қажет, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бюджет саясатында прагматизм қағидаты басты орында болуы керек екенін, бірақ әлеуметтік шығындардан, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысынан, зейнетақы мен жәрдемақыдан үнемдеуге болмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі басым міндетті ұдайы назарда ұстаған дұрыс. Зейнетақы жүйесінің әлеуетін арттырудың, оны жетілдірудің тәсілдерін табу керек. Дені сау, қажыр-қайраты мол зейнеткерлердің ел дамуына қосып жүрген үлесін ынталандыру маңызды. Орташа өмір сүру жасын біртіндеп ұлғайту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты жетістіктерінің бірі. Бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 75 жастан асты.

Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салынатыны туралы мәселенің қызу талқыланғанына мән берді.

– Қаржы министрлігі оған тыйым салуға негіз жоқ екенін түсіндіріп берді. Мемлекеттік қызметшілер – елдегі жүйелі өзгерістердің басты жолбасшылары. Олардың табысы айтарлықтай көп емес. Кей кездері түнімен жұмыста отырады. Мемлекеттік қызметшілердің де отбасы мен міндеті, қала берді қарапайым адам ретіндегі қалауы мен жоспары бар. Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін қатардағы қызметкерлердің еңбекақысы бәсекеге қабілетті болуы керек деп ойлаймын. Сыйақы аталған мәселені шешуге мүмкіндік береді. Басқа жолмен мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартып, кадр тұрақсыздығы проблемасын шешу қиын, – деді ол.

Президент өз сөзінде Үкімет азамат­тар­ға әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауы керек екенін айтты. Мем­лекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтар алуға тиіс. Алайда кейбір ауылдық жерде бір отбасыдан бірнеше адам атаулы әлеуметтік көмек алатын жағдайлар жиі кездеседі. Өкінішке қарай, ондай азаматтарымыз жұмыс істеп, еңбек етуге де құлықсыз. Себебі мемлекеттен түсетін жәрдемге сенеді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Түптеп келгенде, мұндай әрекет әлеуметтік масылдықты туғызып отыр.

– Біз Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасап жатырмыз. Барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор. Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан аса адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызмет­шілер, квазимемлекеттік сектор­дағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар. Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жос­парланып отыр. Алайда бір мәселе­ні ескеру қажет. Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұ­рын қабылданған. Содан бері елімізде цифр­ландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мем­лекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек, осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент реформалар тоқтап қалмайтынын нақты айтып, соған сай жаңа бастамалар жүзеге асатынын, мұны келесі жылы халыққа ұсынатынын, кейбір бастаманы әдеттегідей Ұлттық құрылтайда жариялайтынын атап өтті. Осы орайда Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы Бурабайда өтетіні хабарланды.

 

Маңдай тер мен қажырлы қызметтің жемісі

– Мен Жолдауда жұмысшы мамандық иелеріне, өнертапқыштар мен ғалымдарға құрметті атақ беруді ұсындым. Мемлекеттік марапаттар жүйесін 9 құрметті атақпен толықтыру жоспарланып отыр. Соның ішінде «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы бар. Бұл – елімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне шынайы құрметтің белгісі. Қазір депутаттар тиісті заңдарға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Келесі жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы. Жыл бойы біз нағыз еңбек адамдарын жоғары деңгейде ұлықтаймыз. Бұл қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби құндылықтарды дәріптеу жылы болмақ. Жақында мен Ақордада өткен мемлекеттік марапаттар тапсыру рәсіміне түрлі еңбек әулеттерінің өкілдерін шақырдым. Білім мен тәжірибенің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатыны жайында көптеп мысал келтіруге болады. Мұндай сабақтастық шын мәнінде өз ісіне берілген кәсіби мамандарды қалыптастырады. Ауыл шаруашылығы саласында да үлгі тұтатын еңбек әулеттері жетерлік. Несібесін қара жерден айырып отырған ауыл тұрғындары отбасы құндылықтарын ерекше сақтайды. Үлкендердің айтқанына құлақ асып, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарайды. Мықты фермерлік шаруашылық, әдетте бірнеше ұрпақтың еңбегі арқылы құрылады. Бұл салада табысқа тез жету қиын. Бірақ шаруалар қажырлы еңбек пен төзімнің қайтарымы болатынын жақсы біледі. Оның жарқын мысалы – Зенченко әулеті.

Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Иванович Зенченко өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Новоникольское ауылындағы фермерлік шаруашылықты сақтап, тіршілігіне қан жүгіртті. Бүгінде бұл – 20 кәсіпорыннан тұратын әрі мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын ірі компания.

Ел арасында Зенченко десе, еңбекқор­лық пен сапалы өнім еске түседі. Ком­пания әлеуметтік жобаларды қаржыландырып, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай жасап отыр. Жауапкершілігі мол бизнес дегеніміз – осы.

Геннадий Ивановичтің ісін ұрпағы абыроймен жалғастырып келеді. Мен осы еңбек династиясының ұзақ жылғы еңбегін ескеріп, компания директоры Геннадий Геннадьевич Зенченконы жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттау туралы шешім қабылдадым.

Сондай-ақ бүгін Жамбыл облысын­дағы шаруа қожалығының сауыншысы Бақтыгүл Дүйсебекова және Абай облысындағы серіктестіктің шопаны Рымхан Сыдықов үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен наградталады. Атырау облысы Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативтің түйешісі Берік Салауов та осы марапатқа лайық деп танылды. Қостанайлық мал дәрігері Валерий Козлович «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Мемлекеттік награда алған азаматтардың қатарында зоотехник, шопан, технолог, комбайншы сияқты мамандар бар. Жалпы, Қазақстан бойынша 100-ден аса адам марапатталатын болды. Міне, осындай нағыз еңбек адамдары жастарға үлгі-өнеге болуы керек, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аталған форумда Президент Жарлы­ғымен Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауылшаруашылық инфрақұрылымның дамуына қосқан үлесі үшін бір топ сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыс­талды. Атап айтқанда, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Отан» ордені «Зенченко және К» серіктестігінің бас директоры Геннадий Геннадьевич Зенченкоға берілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының бір топ еңбеккері ІІ және ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

 

Сала мүмкіндігі – сарапшылар көзімен

Сонымен қатар іс-шарада Ауыл шаруа­шылығы министрі Айдарбек Сапаров, «Қайып ата» ЖШС директоры Сырым Ертаев, «Зенченко және К» КС директоры Геннадий Зенченко, Alarko Holding бас директоры Үміт Нури Йылдыз, «Aitas KZ компаниялар тобы» АҚ вице-президенті Рабиға Тоқсейітова сөз сөйледі.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров форумда егіс науқанының қорытындысына тоқталды.

«Көрсетілген қолдау арқылы, биыл еліміз рекордтық 26,7 млн тонна астық жинады. 560 мың тоннадан аса күріш, 290 мың тоннадан астам мақта, 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 3,2 млн тонна майлы дақыл жиналды. Бұл – ішкі нарық қажеттілігін жабу­ға және экспорттық әлеуетті көтеруге мүмкіндік береді», деді министр.

Оның айтуынша, саладағы орташа дақыл өнімділігінің жоғары болуы мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысының арқасында жүзеге асты.

«Агротехнология сақтаған шаруашы­лықтарда өнімділік гектарына 20 центнерден 40 центнерге дейін жетті. Ал агротехнологияларды ұстанбаған көрші шаруашылықтарда бұл көрсеткіш гектарына 6 центнерден аспады. Бұл айырмашылық агросекторды одан әрі жаңғыртудың және бүкіл ел бойынша өндіріс жағдайларын теңестірудің маңыздылығын көрсетеді», деді ол.

Сондай-ақ А.Сапаров агро­өнеркәсіп кешеніндегі несие саясаты­ның қай бағытта өзгеріп жатқанын айтты.

«Жылдар бойы салада жаңа технологияларды кеңінен енгізуге жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерінің аздығы кедергі болды. Арзан несие қаражаты­ның тапшылығы ауыл шаруашылығы өнім­дерінің қымбаттауына алып кел­ді. Шектеулі бюджеттік қаржылан­дыру әрқашан фермерлердің аяғына тұсау болды. Биыл саланы қар­жы­ландыру тәсілдері толығымен қай­та қаралды. Коммерциялық және бюджет қаражатын біріктіру есебінен егіс жұ­мыстарын қаржыландыру көлемі 3 есе­ден астам ұлғайтылды. Сон­дай-ақ Үкімет қолдауымен несиелеу арна­ларын кеңейтуге жол ашылды. Кепіл­ге қоятын активі жоқ шаруаларға мемлекет есебінен қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдік енгізілді. Қаражат 5 пайыздық таза мөлшерлемемен беріліп жатқанын атап өту керек. Осылайша, біз агробизнес субсидияларына өтінім берудің ауыртпалығын жойдық. Өйткені арзандатылған несиеге жол ашылып отыр. Осының арқасында жеңілдетілген қарыз қаражатының 89 пайызы шағын және орта агробизнеске бағытталды», деді сала басшысы.

Оның айтуынша, бірқатар шетелге ауыл шаруашылығы өнімін экспорттық тасымалдауға субсидиялар беру қағидасы енгізіледі. Техниканы жаңарту қарқынын жылына 8-10 пайызға дейін арттыру бо­йынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл фермерлер 22 мың техника сатып алған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға көп.

«Кредиторлардың тікелей субсидия­лауынан басқа, өзге субсидияларға қатыс­ты да осындай шаралар қабылданды. Қара­жат бірден лизинг операторларына, тыңайтқыш өндіруші зауыттарға, суды жеткізушілерге беріледі. Фермерлер тауар мен қызметтерді арзан бағамен алады. Мұндай шаралар субсидиялаудың ашықтығын арттырады және сыбайлас жемқорлықты азайтады. Бәсекелестік жоғары болып тұрған қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тиімді әрекет жасау керек. Бірінші кезекте, біз фермерлерден өнімнің өзіндік құнын төмендетуді, сондай-ақ егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі жұмысты күшейтуді күтеміз. Бүгінгі нарықтық жағдайды ескере отырып, биылғы рекордтық өнімімізді өткізуіміз – басты міндет. Ол үшін бәсекеге қабілетті баға белгілеу маңызды. Қазіргі жағдайда Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Ирак, Солтүстік Африка және ЕО елдері бағыттары бойынша экспортқа ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға субсидиялар беру қағидалары мемле­кеттік органдармен келісіліп жатыр», деді А.Сапаров.

«Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаевтың айтуынша, ел тарихында алғаш рет өткен агрофорумға Президент­тің қатысуы ауыл шаруашылығы саласына Мемлекет басшысының қаншалықты мән беретінінің айғағы.

«Саланың жыл қорытындысындағы көрсеткіші айтарлықтай. Күзгі жиын-терімде 26,7 млн астық жиналды. Егіс пен егін жинау жұмысына бөлінетін қаржы 3 есе артып, 580 млрд теңгені құраса, келер жылы бұл көлемді 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. Енді мемлекет фермерлерге ауыл шаруашылығы циклінің барлық кезеңінде – дайындықтан бастап егін жинауға дейін қолдау көрсетеді. Бөлінген көлемнің алғашқы 100 млрд теңгесі осы жылдың желтоқсан айында фермерлерге қолжетімді болады. Аталған шешімді фермерлер қауымы зор ризашылықпен қабылдады. Шаруалар үшін және бір жағымды жаңалық – келесі жылдан бастап көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына екінші деңгейлі банк несиелерінің сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудан бас тарту жоспарланып жатыр. Әрі қарай жеңілдікті несиелеуге көшу арқылы инвестициялық мақсаттарға пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудың қолданыстағы тетігінен кезең-кезеңімен бас тарту жоспарда бар. Бұл жыл сайынғы субсидия тапшылығы мәселесін шешеді. Жиынға қатысқан 2 мыңнан аса делегаттың ішінде ірі шаруадан бастап қарапайым механизаторға дейін бар. Олардың әрқайсысы Президенттің тікелей тапсырмаларын тыңдап, саладағы мемлекеттік саясаттың бағытын бағамдап, ауыл-аймақтарына қанаттанып қайтары анық. Мақсат айқын, бағдар белгілі. Ендігі кезекте билік, қоғам, бизнес, шаруалар қауымы үйлесімді жұмыс атқара білсе игі», деді партия төрағасы.

Қазақстан фермерлер қауымдас­тығы­ның төрағасы, Парламент Мәжілісі­нің депутаты Жигули Дайрабаев­тың сөзін­ше, саладағы түйткілді мәсе­лелердің көбі қаржыландыруға тіреліп тұр.

«Фермерлер үшін ең өзекті мәселе – жеңілдетілген қаржыландыру мен субси­дияға қол жеткізу. Бұл ретте несие беретін ұйымдардың жұмысына наразылық көп, қаржы институттары арқылы берілетін несиенің пайызы өте жоғары. Талдау бойынша, қазір фермерлер несие алу үшін қыруар құжат жинауға мәжбүр. Осы ретте Қазақ­стан фермерлер қауымдастығы фермер­лерді қаржыландыру мәселесін шешетін «Агробанк» құруды ұсынды. Ондай банк құрылса, фермерлердің бәрі сол жерде есепшот ашып, сол банк арқылы жұмыс істер еді. Сол шоттардағы ақша айналымы есебінен банк кепілдік талаптарын жеңілдетіп, фермерлерге несие бере алады. Сонымен қатар қайта өңдеу, оның ішінде терең өңдеу саласын дамыту, осы бағытта жұмыс істеймін деушілерге жағдай жасау қажет. Сондай-ақ геосаяси шиеленіс салдарынан болып отырған астық экспорттаудағы кедергілерді шұғыл шешу керек», деді депутат.

Форум аясында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру­ші­лердің көрмесін тамашалады. Көрме­де терең өңделген өнімдер, заманауи агро­тех­но­логиялар, инвестициялық, соның ішін­­де шетелдік инвесторлардың қаты­суы­­мен жүзеге асырылып жатқан жоба­лар ұсы­нылған. Президентке егін жә­не мал шаруашылықтарындағы, басқа да маңызды бағыттардағы иннова­ция­лық ше­шім­дер мен жетістіктер таныстырылды.