Кезінде төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыз бүгін ұрпағының атажұртқа оралғанын қалайды. Олардың мақсатын жүзеге асыратын жолдың бірі – білім көші-қоны. Шетелдегі қазақ жастарының атажұртында білім алуы, кейін тұрақтап қалуы – елдің демографиялық ахуалын жақсартатын өзекті мәселе.
Игі бастама
Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сүйенсек, жыл сайын шетелдіктерді, оның ішінде қандастарды, елімізде тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарды жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде оқытуға 1 500-ден аса грант бөлінеді. Биыл осы грант саны 1 750-ді құрап отыр. Осы дайындық бөлімдеріне Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінен мемлекеттік стипендиямен, жатақханамен қамтамасыз етілген мыңнан аса қандас қабылданады. Тыңдаушылар қазақ тілін, жалпы пәндерді оқып, Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындық курсынан өтеді. Қазір бірқатар жоғары оқу орны дайындық бөлімінде тыңдаушыларды оқытып жатыр, атап айтқанда: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті; Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті; Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетi; Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті; Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті; М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті; М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті; С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетi; А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті; Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті; Д.Серiкбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті; Шәкәрім атындағы Семей университеті; Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті; С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетi; Павлодар педагогикалық университеті.
Қолданыстағы «Білім туралы» заңға сәйкес отандық жоғары оқу орындарында шетелдіктерді, оның ішінде қандастарды оқыту мақсатында стипендиялық бағдарлама қарастырылған. Бағдарлама аясында қандастар бакалавриатта ғана емес, сонымен қатар магистратурада, докторантурада оқи алады. Аталған бағдарламаға сай жыл сайын республикалық бюджет есебінен 550 білім гранты, тарқата кетсек: бакалавриатқа 490; магистратураға 50; докторантураға 10 орын көзделген. 2023–2024 оқу жылына осы бағдарламаға бөлінген 550 гранттың 201-і немесе 37%-ы қандастарға берілген. Бағдарламаға үміткерлерді қабылдау әңгімелесу қорытындысы арқылы жүзеге асады. Стипендиялық бағдарламамен түскендер тегін оқиды әрі ай сайын стипендия алады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің бізге берген мәліметінде: «2017 жылдан бастап қазақ диаспора өкілдеріне арналған жыл сайынғы квота мемлекеттік білім тапсырысының жалпы көлемінен 2%-дан 4%-ға дейін ұлғайтылды. ҰБТ нәтижесі негізінде қандастарымыз ел азаматтарымен тең дәрежеде білім гранттары конкурсына қатысып, қалаған мамандығы бойынша республикадағы кез келген жоғары оқу орнында білім алуға құқығы бар. Аталған квота шеңберінде 2012 жылдан 2024 жылға дейін 10 000-ға жуық, соның ішінде биыл 1 916 қандас оқуға қабылданды. Осы квота бойынша үміткерлердің басым көпшілігі Орта Азия мемлекеттерінен (оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан), сондай-ақ Қытай, Моңғолия және Ресейден келетінін атап өткен жөн», делінген.
«Отандастар» ғана мүдделі ме?
Университеттердің дайындық бөлімінде оқытуға 1 500-ден аса грант бөлінеді, ал қазақ диаспора өкілдеріне арналған 4 пайыздық квота бойынша бөлінген грант саны (бакалавриатқа биыл бөлінген 79 мың гранттың 4 пайызы) 3 160-ты құрайды. Дайындық бөліміне бөлінген грантпен 1 500 бала оқыса, бакалавриатқа қалайша одан екі есе көп талапкер түсе алады? 4 пайыздық квотамен оқуға түсетіндер – негізінен сол дайындық бөлімін бітіргендер. Дайындық бөліміне түсіп, тәмамдаған 1 500 адам квотаға бөлінген 3 мыңнан аса грантқа қалай таласады? Грантта бір орынға кемі екі адам, ең болмағанда бір адам үміткер болуы керек емес пе? Демек квотаға үміткерлер саны аз дегенде 6 мыңнан асуы қажет. Қалай көбейтуге болады? Төте жолы – квотаға бірден-бір үмітті болатын дайындық бөлімі тыңдаушыларына грант мөлшерін арттыру. Грант санын көбейту туралы айтайық десек, бұл көбіне игерілмейді. Оны министрліктің дерегі де растайды: дайындық бөлімінде оқуға жыл сайын 1 500 грант бөлінеді, бірақ мыңнан аса адам ғана қабылданады. Осыдан барып шетелдегі қандастардың атамекенінде жоғары білім алудың мүмкіндігі жөнінде ақпарат жеткіліксіз екені байқалады.
Қандастардың атажұртына келуді дәріптеп отырған бірден-бір ұйым – Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы. Аталған қор президентінің кеңесшісі Дидар Болат ақпараттандыру мәселесіне қатысты: «Отандастар қоры» биылдан бастап шетелде тұратын қандас оқушыларға ҰБТ-дағы пәндерге мектептен бастап дайындалуына, қазақ тілін үйренуіне қолдау көрсету мақсатында отандық «BilimLand», «Оnlinemektep» секілді білім платформаларын тегін ұсынып отыр. Осы арқылы ҰБТ-ны сәтті тапсыратын қандас талапкерлердің санын арттырамыз деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар аталған қор оқуға келген қандастарымызға ақпараттық-консультациялық қолдауды да ұсынады. Олар «Отандастар қорының» байланыс орталығына хабарласып, көші-қон, білім, мәдениет, құжат мәселелері және басқа да мазалаған сұрақтарына мамандардан жауап ала алады», деп пікір білдірді.
Шетелдегі қазақ жастарын оқу бағытымен атажұртқа шақыру, сол арқылы елдің адам капиталын дамыту «Отандастар қорының» ғана шаруасы ма? Грант бөліп отырған Ғылым және жоғары білім министрлігінің де мүддесі емес пе? Ал мүдделі тарап шетелдердегі қандастарды жар салып оқуға шақырмаушы ма еді? Министрлік «Дайындық бөлімдеріне грантқа және бакалавриатқа квотамен тусу туралы толық ақпаратты қандастар қайдан алады?» деген сұрағымызға «Дайындық бөлімдеріне қабылдау барысы және арнайы квота бойынша қандастарды қабылдау туралы ақпарат министрлігінің, Ұлттық тестілеу орталығының және ЖОО-ның интернет-ресурстарында жарияланған әрі жыл сайын өзектендіру жұмысы жүргізіледі. Наурыз-шілде айларында жоғары оқу орындары тарапынан аталған бағдарлама бойынша қандастарға ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізу үшін шетелдерге мобильді қабылдау комиссиялары жіберіледі», деп жауап берді. Десе де нәтиже көңіл көншітпейді, өйткені мемлекеттік білім тапсырысы жылда игерілмейді, үміткер аз, грант көп. Түптеп келгенде, дайындық бөлімін ашу бір бөлек, оған тыңдаушыны тарту – мүлдем басқа шаруа. Жүйелілік жоқ деген сөз. Грант бөлу, квота қарастыру маңызды болса, оған талапкерлерді тарту – одан да маңызды іс.
Статистикаға сүйенсек, кейінгі жылдары грант иеленген қандастардың үлесі азайып кеткен. Мысалы, 2019 жылы грант игеру көрсеткіші 40,12 пайыз болса, 2022 жылғы көрсеткіш небәрі 22,4 пайызды құраған. Дегенмен жоғарыда аталған қор өкілі биыл оқуға түскен қандастардың көбейгенін жеткізді.
«Осы уақытқа дейін 4% квотамен оқуға түсетін қандастар саны 600-800 аралығында болды. Бөлінген гранттардың толық игерілмеуіне – қандас талапкерлердің мектепті елімізде оқыған басқа үміткерлермен бірдей ҰБТ тапсыруы, сондай-ақ әр пәннен шекті балдың белгіленгені болды. Биыл «Отандастар қоры» бастамасымен Ғылым және жоғары білім министрлігі қандас талапкерге міндеттелген шекті балды алып тастады, енді олар тек 3 пәннен (оқу сауаттылығы және таңдаған бағыт бойынша екі бейінді пән) тест тапсыратын болды. Нәтижесінде, 2024 жылы оқуға түскен қандастар саны 2 есе артып, 1 604-ке жетті. Келер жылы бұл сан 2 мыңнан асатынына сенеміз», дейді Д.Болат.
Білім сапасы һәм қаржы қайтарымы
Грант игеру мәселесінде дайындық бөлімінің оқыту сапасына қатысты мәселе де алға шығады. Бір тыңдаушыны дайындық бөлімінде оқытуға мемлекеттен 345 мың теңгеге жуық қаржы қарастырылады. Бірақ олардың бәрі бірдей және бірден оқуға түсіп кете алмайды. Жылда 1 500 тыңдаушының мыңы университетке түсті делік. Сонда түсе алмай қалған дайындық бөлімін бітіруші 500 адамға бөлінген 170 млн теңге шамасындағы бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалғаны ма? Себебі неде? Мұндай сұрақтың тууы заңды, өйткені елімізде оқып жатқан қандастар арасында дайындық бөлімін бітіре сала грант иеленбегендерді жиі жолықтырамыз. Соның бірі – Еркежан Тілеухан.
«Мен үш жыл дегенде оқуға түстім. Шындығында, дайындық бөлімін бітіре сала грант иелену – қиындау. Себебі Моңғолиядағы мектептерде Қазақстан тарихы оқытылмайды. Ал ҰБТ-да тарихтан тест тапсырасыз. Қытайдан төте жазумен оқып келгендер тіпті кириллицаны танымайды. Олар қазақ тілінде оқу мен жазуды 1-сыныптың баласы секілді басынан, яғни әліппеден бастауына тура келеді. Мұны дайындық бөлімінде меңгеріп шығу оңай емес. Оқыту сапасы әр қалада әртүрлі. Меніңше, көп адам оқыған жерде сапа нашар. Өйткені барлық студентке бірдей көңіл бөліп, түсіндіруге уақыт жетіспейді. Топта аз тыңдаушы болатын Семей, Өскемен секілді өңірлік университеттерде дайындықтан өткендердің барлығы дерлік жоғары оқу орындарына түседі екен. Астана, Алматы сияқты ірі қалалардағы оқу орындарының дайындық бөлімдерінде студент көп, сол себепті бәрі бірдей бағдарламаны игере алмайды», дейді Е.Тілеухан.
Студенттің сөзінен түйгеніміз, Қытайдан келген қандастарымыз секілді әліпбиден бастап үйренетіндерге дайындық бөлімінің оқыту уақытын я пәннің сағат санын көбейтуді қарастырған жөн. Ал дайындық бөлімінде оқыту сапасын арттыруға бір топтағы студент санына белгілі бір деңгейде белгілеу керек сияқты. Себебі Е.Тілеухан тыңдаушылары ең аз деген өңірлік университеттердің өзінде 20-25 адам оқитынын айтты. Сонда ірі қалалардағы жоғары оқу орындарында одан да көп деген сөз. Осы ретте университеттерден дайындық бөлімінен сапаға басымдық беруді талап ету маңызды болып тұр. Әлде жоғары оқу орындары бір тыңдаушыны тоғыз ай оқытуға қарастырылатын 344,8 мың теңгені місе тұтпай ма? Сондықтан да сапа төмен бе? Бұлай дейін десек, барлық тыңдаушысы дерлік грантқа түсіп жатқан университеттер де бар.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Foundation» бөлімінің жетекшісі Әсел Серікқызы кейінгі жылдары дайындық бөлімін бітірушілердің қатары айтарлықтай көбейгенін айтады.
«Оқуға түсуші талапкерлер саны Ғылым және жоғары білім министрлігінің университеттердегі дайындық бөлімдерінде тыңдаушыларды оқытуға бөлетін мемлекеттік тапсырыс санына байланысты. Біздің «Foundation» бөлімінде мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылар саны 2021–2022 оқу жылында 180, 2022–2023 жылдары 400, 2023–2024 академиялық жылда 400 адамды құрады. Еліміздің жоғары оқу орындарында жаңа дайындық бөлімдерінің ашылуына байланысты биыл (2024–2025 оқу жылы) университетіміздің «Foundation» бөліміне 330 орын бөлінді. Жыл сайын бұл бөлімнің түлектері ҰБТ-ны сәтті тапсырып, қандастарға арналған квота бойынша білім гранттарының иегерлері атанады. Жоғары оқу орындарына қабылданушыларға жасалған талдау қорытындысы грант иегерлерінің артқанын көрсетіп отыр. Мәселен, 2022 жылы 24, 2023 жылы 143, 2024 жылы 236 тыңдаушы грантқа ие болды», дейді Ә.Серікқызы.
Сарапшының сөзіне сүйеніп, бір университеттегі деректі сараласақ, 2022 жылы дайындық бөліміне қабылданған 180 адамның 24-і, яғни оқығандардың 13 пайызы ғана грантқа түссе, биыл бітірген 400 тыңдаушының 236-сы, яғни 59 пайызы тегін оқуға жолдама алған. Расымен де, нәтиже жақсарғаны көрініп тұр. Бірақ бұл көрсеткіш те соншалықты жоғары емес, өйткені дайындық бөлімін тәмамдағандардың тең жартысынан сәл көбі ғана қажет нәтижеге қол жеткізіп отыр. Осының өзі дайындық бөлімдері жұмысын жетілдірудің, жүйелеудің, ондағы оқыту сапасын арттырудың әлі де күн тәртібінен түспей тұрғанын көрсетеді.