Облыста 50-ге жуық қазақы тазы бар көрінеді. Көрмеге өңірден олардың 20-сы қатысты. Шымкенттік кинолог Нина Ясизова ақтөбелік тазыларды жарыстырып көрді.
Дене бітімін, аяқ сүйектерін, тісін, тырнағын байқап, қандарының тазалығына назар аударды. Барлық талапқа сай келген Талғат Ермағанбетовтің 3 жасар Лашыны көрме жеңімпазы атанды. Бұл тазы осыған дейін де екі мәрте облыстық жарыста жүлдегер болған екен. Екінші, үшінші орындарды Құмай және Ақтабан бөлісті. Көрмені ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, Ақтөбенің қаны таза 15 иті Қазақстан кинологтар одағының тіркеуіне алынған. Бұл бірлестіктің алдағы мақсаты – тазы санын көбейту және тұқымын асылдандыру, бүкіләлемдік кинологтар одағына кіру. «Қансонарда» қоғамдық бірлестігі күзге салым тағы да тазы өсірушілердің көрмесін өткізбекші.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.