Бүгін Мәжілісте инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасы таныстырылды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың жетекшілігімен өткен отырысқа депутаттар, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, Астана, Алматы қалаларының мәслихат депутаттары мен Парламентаризм институты, «Атамекен» ҰКП және «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі мен «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қорын біріктіруді заңнамалық тұрғыдан реттеу ұсынылып отырғанын атап өтті.
«Бұл шаралардың негізгі мақсаты – инновациялық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың экожүйесін дамыту үшін синергияны күшейту. Осы блок шеңберінде «Инновациялық технологиялар паркі» бірыңғай дербес кластерлік қорында өкілеттіктерді біріктіру, функцияларды нақтылау, негізгі ұғымдарды түзету және басқаруды оңтайландыру көзделген. Барлық өзгеріс заңнаманы жаңа құрылымның қажеттіліктеріне сәйкес келтіруге бағытталған. Осы блокты іске асыру қолдау құралдарын шоғырландыруды, қайталанатын функцияларды жоюды, 2025 жылға қарай тиімділіктің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді және ақпараттық технологиялар саласындағы «Astana Hub» табысты тәжірибелерінің шеңберін басқа инновациялық бағыттарға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді», деді Қ Төлеушин.
Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік тапсырманы орындау үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражат пен Технопарк қатысушыларынан түскен алымдар «Astana Hub»-ты қаржыландырудың негізгі көздері болып саналады. Қор коммерциялық емес ұйым болғандықтан, заң жобасы «алымдар мен төлемдер» терминін олардың нақты мақсатын көрсететін «мүшелік жарналарға» ауыстыруды ұсынады. Бұл өзгерістер елдің мемлекеттік тапсырмаға арналған шығыстарын қысқартуға және «Astana Hub»-тың өзін-өзі ақтауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл қатысушыларға тұрақты қолдау көрсетуге және елдің экожүйесін дамытуға жол ашады.
Заң жобасының тағы бір бөлігі ақпаратқа және қолдау шараларына орталықтандырылған қолжетімділікті қамтамасыз етуге, ғалымдар, инноваторлар, мемлекеттік органдар, бизнес, жер қойнауын пайдаланушылар және халықаралық серіктестер арасындағы өзара іс-әрекетті күшейтуге бағытталған.
Отырыста венчурлық капитал нарығын одан әрі дамытуға қатысты заңнамалық бастамалар да қарастырылды. Венчурлық қорларды бірлесіп қаржыландыру тиімділігін олардың активтерінің табыстылығына, яғни жобалар портфеліне негізделген бағалау маңызды норма ретінде енгізілмек. Бұл отандық инновациялық саясатты дамыған экономикалардың тәжірибелерімен салыстыруға, оның күшті және әлсіз жақтарын анықтауға, стартаптар мен инновацияларды қолдауды күшейтуге және жоғары технологиялық салаларға қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Талқылау барысында депутаттар отандық және халықаралық IT-компаниялар үшін «Astana Hub» резиденттеріне арналған салық жеңілдіктері, венчурлық қорларды дамыту, технопарктің тиімділігі және басқа да мәселелерге назар аударды.
Отырыс барысында «Astana Hub» технопаркі қызметінің ашықтығына қатысты бірқатар ескерту айтылды. Депутат Анас Баққожаевтың айтуынша, технопарк шамамен 10 жыл бұрын құрылғанымен, осы уақыт ішінде қойылған міндеттер орындалмаған. Бұл сұраққа жауап берген Қаныш Төлеушин қазіргі уақытта «Astana Hub»-та 1,5 мың резидент жұмыс істейтінін, оның 400-і шетелдік компаниялар екеніне тоқталды. Технопаркті қолдауға жыл сайын шамамен 4 миллиард теңге бөлінеді, оның жартысы жалға алу ақысын өтеуге жұмсалады.
«Егер біз жұмыс орындарын құру, әлеуметтік салықтарды төлеу, IT салаға инвестициялар тарту, экспорт сияқты қызмет нәтижелеріне қарасақ, Қазақстан оң нәтиже көрсетіп отыр», деді Қ. Төлеушин.
Жиын барысында айтылған ұсыныстар депутат Айтуар Қошмамбетов жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралады.