Astana IT University ғимаратында мектеп оқушылары арасындағы II «Chess Class» Олимпиадасы өтті. Турнирді Freedom Broker компаниясының қолдауымен Қазақстанның шахмат федерациясы (KazChess) және «Chess Legends LTD» ЖК өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Турнирдің ашылу салтанатында KazChess пен Astana IT University арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум нәтижесінде шахматты дамытуға және кеңінен таратуға бағытталған бірлескен іс-шаралар жүзеге асырылмақ.
Биылғы жарысқа 12 өңірден келген 35 команда, оның ішінде Астана қаласынан 19 команда, барлығы 174 ойыншы қатысты. Турнирдің жүлде қоры - 3 миллион теңге, сайыс швейцариялық жүйе бойынша 7 тур кезеңімен өтті.
Осы олимпиадада әр команда – 4 мектеп оқушысы және 1 мұғалімнен жасақталды. Жас санаты ескеріліп 17-ге, 14-ке, 12-ге дейінгілер бойынша тақталарға бөлінді, ал 4-ші тақтада қыздар ойнады. Сондай-ақ мұғалімдер 5-ші тақтада, рейтинг бойынша сайысты.
7 турдың қорытындысында Павлодар қаласындағы №29 мектептің командасы чемпион атанды. 2-орынды республикалық физика-математика мектебінің командасы олжалады. 3-орын Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің құрамасына бұйырды. 4-орынды Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы мектеп-интернат-колледжінің шахматшылары, 5-орынды Алматы облысына қарасты Талғар қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы №7 мектеп-лицейден келген команда иеленді. Жүлде алған командалар қомақты ақшалай сыйақы алды.
Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған «Chess Class» Олимпиадасы – еліміздің білім беру жүйесінде шахматты кеңінен таратудың ауқымды бағдарламасының бірі. Бүгінде федерация бейіндік ведомстволармен және серіктестермен ынтымақтаса отырып, 550 мектептің 1-сыныптарына арнап «Шахмат негіздері» бағдарламасын енгізді, 42 мектепте бағдарламаны 2-сыныптарға енгізу қолға алынды.
Айта кетсек, арнайы әзірленген бағдарлама бойынша тегін оқыған 700-ден астам мұғалімдерге онлайн курстар және біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылған.
Жоғары оқу орындарымен бірге «Шахмат педагогы» minor бағдарламасы әзірленіп, 2025-2026 оқу жылында іске қосылатыны жоспарланып жатыр.
Былтыр ел Үкіметі шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткен еді. Соған сәйкес KazChess мектептерде шахмат кабинеттері желісін кеңейтуді, студенттердің және мектеп оқушыларының шахмат лигаларын дамытуды, сондай-ақ мұғалімдерге арналған онлайн турнир өткізбек.