• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Байқау 19 Қараша, 2024

Бард әндер шырқалды

838 рет
көрсетілді

Өмірден өткенімен, көңілден өшпейтін таланттың бірі Табылды Досымовты ұмытуға бола ма? Өйткені арамызда өзі болмаса да, бардтық стильдегі қайталанбас әндері қалды.

Мұнайлы өңір жұрт­шылығы Табылды До­сымовтың шығарма­шылығына арналған «Самала саздар сағымы» атты ән байқауына куә болды. Бұл байқауға Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облысынан 19 өнерпаз қатысты. Төрт өңірден жиналған өнерпаздар байқау шартына сәйкес гитарамен ән шырқады. Байқаудың қорытынды концерті Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтті. Театр залы көрерменге лық толды.

«Елінің, ұлтының шынайы патриоты екенін ісімен де, әнде­рі­мен де дәлелдеген Табылды До­сымовтың артына қалдырған мол мұрасы – поэ­зиясы мен әндері. Оның әндерін на­сихаттайтын із­басарлары аз емес. Болашақта шы­ғармаларын шырқайтын жас өнер­паздар көбейе түс­теніне сене­мін. Өйткені оның ән­дерінің астарында өмірлік мақсат, фило­со­фиялық ой бар», деді облыс әкімінің орынбасары Дарын Ша­мұ­ратов.

Қазылар алқасының ұйға­руымен байқаудың бірінші жүлдесіне атыраулық өнерпаз Ізбасар Самиғоллаев ие болды. Ал екінші орынға Батыс Қазақстан облысының өкілі Зибатолла Еш­қаев пен жергілікті әнші Орын­басар Жұмаханов лайық деп танылды. Үшінші жүлдені Ақтөбеден қатысқан Батырбек Аманқұлов пен маңғыстаулық Серікбол Жетібаев, атыраулық Азамат Жұмағалиев иеленді.

Байқаудың қорытынды концер­тінде ұлы Абыл Аяш, Ұлттық ұлан ансамблінің әншісі Асхат Әмірғалиев, байқау жүлдегерлері мен өзге де өнерпаздар ән шырқады. Сондай-ақ Табылды Досымовтың өнері мен шығармашылығы арқау етілген «Самала саздар сағымы» кітабы таныстырылды.

 

Атырау облысы