• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Басылым 19 Қараша, 2024

155 кітап жарық көрді

43 рет
көрсетілді

Алматыда «Абай» баспасынан биыл жарық көрген 155 кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Оның ішінде қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушыларының шығармаларынан жасақталған бірегей туындылармен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған тың шығармалар да бар.

Еске салсақ, былтыр «Абай» бас­пасынан шыққан 35 кітаптың тұсаукесері өткен кезде баспа ұжымы «Алдағы жылы қазақтың көркем әдебиет туындыларын 100 томдыққа жеткіземіз» деген уәде берген еді. Биыл баспа сол уәдесін артығымен орындап, жүз елуден астам кітап жарық көріп, оқырманға жол тартты.

Көркем әдебиеттен бөлек, баспаның қоржыны биыл құнды діни-рухани бағыт­тағы, тарих саласы бойынша қызық­ты кітаптар мен ауыз әдебиетінің жауһар­ларымен де толықты. Атап айтсақ, «Ұлы тарих және ұлы әулиелер», «Ұлы дала ақиқаты», «Тараз – өркениеттер өрімдерінің куәгері», «Қарахан баба мен Айша бибі», Алтыбармақ бабамыздың «Мұхаммедтің пайғамбарлық дәлелдері», «Тұрмыс-салт жырлары», «Батырлық жыр-дастандар», «Лиро-эпостық жырлар», «Тұрмыс-салт ертегілері», «Аңыз-әңгімелер», «Қиял-ғажайып ертегілер», «Ауыз әдебиетінің шағын түрлері», «Хайуанаттар туралы ертегілер», тағы басқалар.

«Абай» баспасынан жарық көрген көркем әдебиет кітаптарының көшін Дулат Бабатайұлы, Хакім Абай, Шәкә­рім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бас­тап, Мұхтар Әуезов, Алашорда қайрат­кер­лерінің шығармалары мен кеңес одағы заманының әйгілі қаламгерлері жал­ғас­тырады. Сонымен қатар аталған бас­­па оқырманның сөресін тәуелсіз Қазақ­стан­ның көрнекті жазушылары мен белгілі жас автор­лардың шығармаларымен толық­тырып отыр.

Жаңа кітаптар әлемдік сұранысқа сай, заманауи үлгіде, бояуы бай, біре­гей дизайнда жасақталып, өзіне тән тар­тым­ды­лығымен ерекшеленеді. Бұдан бөлек биыл­ғы тұсаукесерде «Абай» баспасы қазақ автор­лары мен отандық баспалар үшін тағы бір тосын сый жасады. Ол – электрондық және аудиокітаптар жарияланатын бірегей интернет платформа. «Bookstagram» деп аталатын мобильдік қосымша арқылы баспа енді қалың оқырманға қазақ кітап­тарын қолжетімді етіп бергісі келеді. Бұл мобиль­дік қосымшаны дамытып, елдің сүйікті онлайн кітапханасына айналдыру арқылы қазіргі таңда авторлық құқықтарды өрескел бұзып, қазақ кітаптарын түрлі әлеуметтік желі арқылы жөнсіз таратып жатқан пираттық қосымшаларға тосқауыл қоймақ.

Баспа ұжымы электронды кітаптар плат­формасын азиялық «Amazon» дең­гейіне көтереміз деп мақсат қойып отыр. Яғни ең алдымен платформада қазақ кітаптарын жариялап, тестілеуден өткізіп, алдағы жылдары «Түркістан аймағы» деп аталатын халықаралық өңірдің нарығына шығуды көздейді. Аталған платформа арқылы күллі түркітілдес автор­лардың басын біріктіріп, болашақта интер­нет кеңістікте түркітілдес әдеби, ғылы­ми кі­тап­тардың ортақ әлемін қалып­тас­тыр­мақ.

«Сүмбіле жұлдызы туғанда» деген кіта­бым шықты. Мұнда бұрынғы өлең­деріммен қатар жаңа жазылған «Жасыл түн» деген поэмам кіріп отыр. Әрине, сөзсіз қуаныштымын. Мұндай игі бастама мен үшін ғана емес, барша қаламгер үшін үлкен бір жақсылық деп ойлаймын», дейді ақын Мұрат Шаймаран.

«Ұлы ағартушылардан бастап бүкіл қазақтың ауыз әдебиеті, фольклоры бар – соның бәрін қосқан кезде қырық пайы­зын құрайды. Ал қалған қырық пайы­зы – кеңес өкіметі мен тәуелсіз заман­дағы өмір сүрген біздің классик ақын-жазушы­ларымыз. Қалған бөлігі жас авторлармен толық­тырылып отыр», дейді «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек.

Айта кетейік, «Абай» баспасы барлық кітап­ты өз қаржысына шығарып, сатып, авторларға қомақты қаламақы төлей­тін жағдайға да жетті. Биылдың өзінде 50-ден астам автор мен қайтыс болған автор­лардың мұрагерлері «Абай» баспасынан түрлі сомадағы қаламақы алды. Ал алдағы жылы кітап ассортиментін көбейтіп, қоғам­ды кітап оқуға шақыратын бірқатар қызық­ты жоба ұсынбақ.