• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым 19 Қараша, 2024

«Мен келдім кербез Көкше бауырынан»

60 рет
көрсетілді

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында­ киелі Көкше то­­­пы­­ра­ғында туған таланттардың бірі Мұса Асайыновтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Асқақ әнші, ақтаңгер ақын» атты рухани-таным­дық­ кеш өтті.

Жалпақ жұртты әдемі әсерге бөлеген бұл кеш әйгілі Үкілі Ыбырайдың неме­ресі, арқа­лы ақын, асқақ әнші Мұса Асайы­нов­тың шығар­машылығын көз алдымызға елес­­тетті. Әуелі Қазақстанның халық ақы­ны, өнер­дегі ағасы Көкен Шәкеевтің Мұса­ға ар­науымен басталды. Өнер кеші бел­гілі әнші әрі өнертанушы Сәрсенбай Хасе­нов­­тің авторлық жобасы аясында ұйым­дас­­ты­рылды.

«Өнердің өркен жайған сүйрігі еді,

Айтыста жүлде бермес жүйрігі еді»,­ – деген ақындар жыры Мұсаның қабі­лет-қарымын аңғартып тұрғандай. Айтыс пен ән өнерін шырқау биікке көтерген Мұса Мырзағұлұлы Асайынов Солтүстік Қазақстан облысы Айыр­­тау ауданы Өскен ауылында дүние­ге келген. Қазақ КСР-інің еңбек сіңір­ген мәдениет қызметкері. Бар ғұмы­ры Көкшетауда өткен. Облыс орта­лығындағы «Көкшетау» мәдениет са­райының салынуына да ықпалын тигізіп, өнер ордасында көркемдік жетекші болып қызмет атқар­ған. 1943–1964 жылдары облыстық, респуб­ли­ка­лық ақындар айтысында топ жарған. Сол тұстағы:

«Көз тартар Көкшегүлдің қылтаңымен,

Кім десең, атым Мұса, тұлпар тұяқ,

Үкілі Ыбырайдың ұрпағымын.

Қанатын шаршы топта самғап қаққан,

Жүлде алып, сан бәйгеде талмай шапқан,

Сом дене Айыртаудың жүйрігімін,

Жыр құсы кеудесінде сайрап жатқан», – деп келетін төкпе жырының өзі-ақ көп жайды аңғартқандай. Көрнекті ақын жерлесіміз туралы Кәкімбек Салықов еске алу жырында:

«Ақиық еді, қаймықпай кірер дауылға,

Құлагер еді, жаралған оза шабуға.

Айыртауда жоқ дейді ақын бауырым,

Ауыл жаққа бата алмай жүрмін баруға», – деп те­біренсе, ол да жайдан-жай емесі анық.­

Ағаның есіміне қанық едік. Көзін көр­месек те даңқын көп естідік. Арғы атасы Сәбден Абылай ханның батыры әрі кеңесшісі болған. Аймаққа аты шыққан зергерлік өнері де бар екен. Сәбденнен Деріпсал, Деріпсалдан үш ұл – Әбіле, Маңдай, Сандыбай тарайды. Сандыбайдан 1932 жылы жазықсыз «халық жауы» атанып, айдалып кеткен Үкілі Ыбырай. Ал Маңдайдан Асайын, Асайыннан Мырзағұл, Мырзағұлдан Мұса туады. Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкшенің көнекөз қариялары Мұса мектепте оқып жүргенде-ақ құйқылжыта домбыра тартып, ән салғанын айтады. Анасы Бағи Айыртау атырабына аты шыққан әнші болса керек. Нағашысы белгілі әнші Тырбидың Молдахметі ән өнеріне баулыған. Бұл кісінің Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардың көзін көріп, жанында жүріп, әнін үйренген талантты жан болғандығын Айыртаудағы құймақұлақтардың бәрі біледі.

«Мен келдім кербез Көкше бауырынан,

Сал-сері, ақындардың ауылынан.

Шабытым найзағайды жұлып алар,

Көктемнің от жасынды жауынынан», – деп жыр алыбы Жамбылдың 125 жылдық тойында атақты Сәбит Мұқанов бастаған қазылар алқасын мойындатқан деседі. Осы жолы республикалық ақындар айтысының жеңімпазы атанады. Тума талантты қапысыз таныған Алаш жұрты ардақ тұтады. Небәрі 16 жасында Сол­түстік Қазақстан облыстық филармония­сына әнші болып жұмысқа орнала­са­ды. Жиырма жасында Көкше­тауға ауы­са­ды. «Көкшетау» ән-би ансам­блімен елі­міз­­дің түкпір-түкпірін аралап, бірнеше мәр­­те шетелдерге де гастроль­дік сапармен шы­ғады. Қазақстанның ең­­бек сіңір­ген әртісі Қапаш Құлышева Мұса аға­­сын ұстаз тұтып, құрметтеумен келеді.

Жоғарыда облыс орталығында «Көк­ше­тау» мәдениет сарайының салынуы­на үлес қосқанын айттық. Сөйтсе, сол замандағы облыс басшысы Еркін Әуелбеков әншінің өнерін ерекше бағалаған екен. Ұлт мұраты ескерілмей жатқан заманда халыққа рухани нәр беретін бір ортаның керегін айтып, әнші басшыға ой салса керек. Сол жерде халық театры үлгісімен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» тәрізді пьесаларды сахналап, қойылымның режиссері де, актері де болған екен.

Көзі тірісінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов тәрізді қаламгерлермен бай­ланысын үзбеген. Сәбит Мұқанов­тың «Мұса Асайынов – Үкілі Ыбырай­дың шығармашылығын жалғастырып келе жат­­қан оның үні мен көзі» деген бағасы да бар. 1969 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклорлық материалдар жинауға құқық беретін тілші-жинаушы куәлігін табыстапты. Онда басшы органдарға қолдан келер көмектерін көрсетуге өтініш жасалған. 34 жылдық шығармашылығында халық ауыз әде­биетінің насихаттаушысы ретінде арғы замандағы өнер жұлдыздарының, сондай-ақ өз атасы Үкілі Ыбырайдың уақыт шымылдығы көлегейлеген көп­теген әнін тауып, халықтың игілігіне жаратқан тұлға. Бұл жөнінде Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабында да айтылады.

 

Көкшетау