Еуразияның қақ ортасында орналасқан Қазақстанға Ресеймен өзара сенім мен достық, ынтымақтастық жағдайында байланыс орнатудың маңызы өте зор. Жер бетіндегі ең ұзақ шекараның да осы екі ел арасында жатуы қай тұрғыдан алсақ та ортақ келісімдердің, әріптестік әлеуеттің биік болуын талап етеді. Жаһандық геосаяси ахуалдың құбылмалы қазіргі кезеңінде біздің елге қай көршімен болсын тиімді серіктестік орнату үлкен жетістікке жетелейтіні анық. Сондықтан Қазақстан мен Ресей қатар мүше болып отырған түрлі халықаралық саяси, экономикалық, қауіпсіздік ұйымдар аз емес.
Ежелден қоңсы қонған қос елдің арасында достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа 1992 жылғы 25 мамырда қол қойылып, дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 22 қазанынан бастау алады. Екі елдің стратегиялық әріптестігі 2013 жылы қабылданған ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартпен нығая түсті.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан мен Ресей әскери ынтымақтастық туралы шартқа сәйкес әскери көмек тұрғысынан да бір «пәтуаға келіп», 1992 жылғы 25 мамырдағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы екіжақты шартпен және 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартпен ортақ мүддеге уағдаласқан.
Жалпы, екіжақты қарым-қатынастар мен ынтымақтастық кең көлемді құқықтық базамен реттеледі. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, осы күнге дейін 400-ден аса шарт пен келісімге қол қойылған.
Ол құжаттардың ішіндегі құндылары – Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт (1992), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт (1992), ХХІ ғасырға бағытталған Мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларация (1998), 2013 жылғы 11 қарашадағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт (2013), Еуразиялық экономикалық одақ туралы (2014) шарт. Міне, осы аталған аса маңызды шарттармен үндес 400-ге жуық құжаттарды негізге ала отырып екі ел жоғары және ең жоғары деңгейде қарқынды саяси байланыстарды жалғастырып келеді.
Жалпы, Қазақстан мен Ресей БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕЭАО және өзге де бірқатар халықаралық ұйым аясында көпжақты форматта белсенді өзара іс-қимыл жасап келеді.
Алдымен ежелден қоңсы жатқан қос мемлекетті байланыстыратын халықаралық ұйым – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы. КСРО-ның күйреуінен кейін 1991 жылдың 8 желтоқсанында құрылған ТМД – Қазақстан тәуелсіз ел ретінде мүше болған алғашқы ұйымдардың бірі. Ұйымның әу бастағы мақсаты кеңестік империяның құрамында тонның ішкі бауындай бір-бірімен тығыз байланыста болған елдердің бір-ақ сәтте азаттық алып, өз жолымен кетуі ұлттық мүдде тұрғысынан үлкен жетістік, баға жетпес бақ болғаны рас. Ал дербес мемлекет ретінде заман көшіне ілесіп, өзге елдердің қарқынына қосылып, нарықтың соқпағына төтеп беру посткеңестік елдер үшін оңайға түспейтіні әу бастан болжанғаны рас. Осы ретте кезінде алып империяның орталығы болған ресми Мәскеудің ТМД-дағы рөлінің маңыздылығын жоққа шығару қиын.
Өткен айда Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысып, жиында сөз сөйлеп, Ресейдің ТМД-ға төрағалық ету барысында нәтижелі жұмыс атқарғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 1991 жылы Алматы декларациясының негізінде құрылған ТМД-ның әлеуетін беделді халықаралық ұйым ретінде одан әрі нығайту Қазақстан үшін басты басымдықтың бірі екеніне назар аударды.
Елдерімізді байланыстыратын тағы бір маңызды халықаралық ұйым – ТМД-ның ізін ала құрылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы. Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдері құрған ҰҚШҰ ТМД-ның әскери-саяси ұйымы саналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16 мамырында Мәскеуде өткен ҰҚШҰ саммиті аясында Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесіп, екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ сауда-экономикалық саладағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын талқылаған-ды. Сол кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев «Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және саяси ықпалдастықтың қарқыны нашар деуге еш негіз жоқ. Тауар айналымы 25 млрд долларға жетті. Ресей – Қазақстан үшін сауда-экономикалық саладағы басты серіктес», деген еді.
Осы ретте биылғы шілдеде Астанада өткен ШЫҰ саммитінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесіп, Мемлекет басшысы саммитке қатысқаны үшін В.Путинге ризашылығын білдіріп, Ресейдің «Шанхай рухын» нығайту ісіне және ұйымға мүше елдермен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету – өте мәртебелі әрі жауапты миссия. ШЫҰ халықаралық аренада лайықты беделге ие болды. Әрине, Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлеуетін нығайтуға Ресейдің қосқан елеулі үлесін атап өтпеске болмайды. Осы орайда төраға құқығын пайдаланып, Сізге алғыс айтқым келеді», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің Қазақстанға былтыр қараша айында жасаған тарихи сапарынан кейін екіжақты ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын да айтып өткен-ді.
«Сіздің сапарыңыз кезінде келісілген жобалардың маңызы зор және елдеріміздің өзара ықпалдастығының стратегиялық сипатымен ұштасады. Сондықтан олардың жүзеге асатынына еш күмәнім жоқ. Өйткені бұл жобалар Қазақстан мен Ресей Федерациясының мүдделеріне сай келеді», деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді биыл күзде елімізге тағы да мемлекеттік сапармен келуге, сонымен қатар ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысуға шақырған еді.
Ал өз кезегінде В.Путин Астана саммитін шын мәнінде мазмұны жағынан халықаралық сипатқа ие болғанын айтып, жоғары бағасын берген.
«Елдеріміздің бірқатар халықаралық ұйымға төрағалық етіп отырғанын атап өткім келеді. Қазақстан ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға, ал Ресей БРИКС пен ТМД-ға төраға болып отыр. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, көмектесеміз. Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы артып, шамамен 30 млрд долларға жетті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді, – деді Ресей Президенті.
Осы кездесуде Президенттер екіжақты және көпжақты форматтағы тұрақты саяси диалогті сақтауға өзара ниетті екенін растап, қол алысты. Қазақстан тарапы тағы бір маңызды кездесуге мұрындық болып, Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы тарихының жаңа беттерін жазуға жігер танытып отыр.
– Бүгінде Ресей Федерациясының 76 субъектісі Қазақстандағы тиісті аумақтармен тікелей қарым-қатынаста. Бұны отандық компаниялар мен өнімдердің Ресей нарығындағы рөлін күшейтуге бағыттау керек. Қалыптасқан жағдай керісінше Қазақстан-Ресей әл-ауқатындағы дисбалансты реттеуге таптырмас мүмкіндік, ол үшін жоғары деңгейдегі диалог сериясын үзбеу қажет, – дейді Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы, саясаттанушы Риззат Тасым.
Оның айтуынша, Ресеймен диалогті қамтитын теңгерімді сыртқы саясат Қазақстанға өзінің дербестігін сақтап, халықаралық аренадағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.