• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Қараша, 2024

Қазақстан – Ресей: Серіктестік қадамдары

127 рет
көрсетілді

Еуразияның қақ ортасында орналасқан Қазақстанға Ресеймен өзара сенім мен достық, ынтымақтас­тық жағдайында байланыс орнатудың маңызы өте зор. Жер бетіндегі ең ұзақ шекараның да осы екі ел арасында жатуы қай тұрғыдан алсақ та ортақ келісімдердің, әріптестік әлеуеттің биік болуын талап етеді. Жаһандық геосаяси ахуалдың құбылмалы қазіргі кезеңінде біздің елге қай көршімен болсын тиімді серіктестік орнату үлкен жетістікке жетелейтіні анық. Сондықтан Қазақстан мен Ресей қатар мүше болып отырған түрлі халықаралық саяси, экономикалық, қауіпсіздік ұйымдар аз емес.

Ежелден қоңсы қонған қос елдің арасында достық, ынтымақтас­тық және өзара көмек туралы шартқа 1992 жылғы 25 мамырда қол қойылып, дипломатия­лық қатынастар 1992 жыл­­дың 22 қазанынан бастау ала­­ды. Екі елдің стратегиялық әріптес­тігі 2013 жылы қабылданған ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартпен нығая түсті.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан мен Ресей әскери ынтымақтастық туралы шартқа сәйкес әскери көмек тұрғысы­нан да бір «пәтуаға келіп», 1992 жылғы 25 мамырдағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы екіжақты шартпен және 1992 жылғы 15 мамыр­дағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартпен ортақ мүддеге уағдаласқан.

Жалпы, екіжақты қарым-қатынастар мен ынтымақтастық кең көлемді құқықтық базамен реттеледі. Ашық ақпа­рат көз­деріне сүйенсек, осы күн­ге дейін 400-ден аса шарт пен келі­сімге қол қойыл­ған.

Ол құжат­­тардың ішін­дегі құн­ды­лары – Достық, ынтымақтас­тық және өзара көмек туралы шарт (1992), Ұжымдық қауіп­­сіздік туралы шарт (1992), ХХІ ғасырға бағытталған Мәң­гілік достық пен одақтастық тура­лы дек­ларация (1998), 2013 жыл­ғы 11 қарашадағы ХХІ ға­сыр­дағы тату көршілік және одақ­тастық туралы шарт (2013), Еуразиялық эконо­мика­лық одақ туралы (2014) шарт. Міне, осы аталған аса маңыз­ды шарттармен үндес 400-ге жуық құжаттарды негізге ала оты­рып екі ел жоғары және ең жоға­ры деңгейде қарқынды саяси бай­ла­ныстарды жалғас­тырып келеді.

Жалпы, Қазақстан мен Ресей БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕЭАО және өзге де бірқатар халықаралық ұйым аясында көпжақты форматта белсенді өзара іс-қимыл жасап келеді.

Алдымен ежелден қоңсы жатқан қос мемлекетті байланыстыратын халықаралық ұйым – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы. КСРО-ның күй­реуінен кейін 1991 жылдың 8 желтоқсанында құрылған ТМД – Қазақстан тәуелсіз ел ретінде мүше болған алғашқы ұйымдардың бірі. Ұйымның әу бастағы мақсаты кеңестік империяның құрамында тонның ішкі бауындай бір-бірімен тығыз байланыста болған елдердің бір-ақ сәтте азаттық алып, өз жолымен кетуі ұлттық мүдде тұрғысынан үлкен жетістік, баға жетпес бақ болғаны рас. Ал дербес мемлекет ретінде заман көшіне ілесіп, өзге елдердің қарқынына қосылып, нарықтың соқпағына төтеп беру посткеңестік елдер үшін оңайға түспейтіні әу бастан болжанғаны рас. Осы ретте кезінде алып империяның орталығы болған ресми Мәскеудің ТМД-дағы рөлінің маңыздылығын жоққа шығару қиын.

Өткен айда Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемле­кеттер Достастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысып, жиында сөз сөйлеп, Ресейдің ТМД-ға төрағалық ету барысында нәтижелі жұмыс атқарғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 1991 жылы Алматы декларациясының негізінде құрылған ТМД-ның әлеуетін беделді халықаралық ұйым ретінде одан әрі нығайту Қазақ­стан үшін басты басымдықтың бірі екеніне назар аударды.

Елдерімізді байланыстыра­тын тағы бір маңызды халықара­лық ұйым – ТМД-ның ізін ала құрылған Ұжымдық қауіпсіз­дік туралы шарт ұйымы. Арме­ния, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз­стан, Ресей, Тәжікстан елдері құрған ҰҚШҰ ТМД-ның әскери-саяси ұйымы саналады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16 мамырында Мәскеуде өткен ҰҚШҰ саммиті аясында Ресей Президенті Влади­мир Путинмен кездесіп, екіжақты күн тәртібін­дегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ сауда-экономикалық сала­дағы Қазақстан-Ресей ынтымақ­тас­тығын талқылаған-ды. Сол кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев «Шын мәнінде, елдері­міз арасындағы сауда-экономи­калық және саяси ықпалдас­тықтың қарқыны нашар деуге еш негіз жоқ. Тауар айналымы 25 млрд долларға жетті. Ресей – Қазақстан үшін сауда-экономикалық саладағы басты серіктес», деген еді.

Осы ретте биылғы шілдеде Астанада өткен ШЫҰ сам­митінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федера­циясының Президенті Владимир Путинмен кездесіп, Мемлекет басшысы саммитке қатысқаны үшін В.Путинге ризашылығын білдіріп, Ресейдің «Шанхай рухын» нығайту ісіне және ұйымға мүше елдермен көпжақты ын­ты­мақ­тастықты дамытуға айтар­лықтай үлес қосқанын атап өтті.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету – өте мәртебелі әрі жауапты миссия. ШЫҰ халықаралық аренада лайықты беделге ие болды. Әрине, Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлеуетін нығайтуға Ресейдің қосқан елеулі үлесін атап өтпеске болмайды. Осы орайда төраға құқығын пайдаланып, Сізге алғыс айтқым келеді», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің Қазақ­станға былтыр қараша айында жаса­ған тарихи сапары­нан кейін екіжақты ынты­мақ­тастық қарқынды дамып ке­ле жатқанын да айтып өткен-ді.

«Сіздің сапарыңыз кезінде келісілген жобалардың маңызы зор және елдеріміздің өзара ық­палдастығының стра­тегия­лық сипатымен ұштасады. Сондық­тан олардың жүзеге асатынына еш күмәнім жоқ. Өйткені бұл жобалар Қазақстан мен Ресей Федерациясының мүдделеріне сай келеді», деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді биыл күзде елімізге тағы да мемлекеттік сапармен келуге, сонымен қатар ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі­нің отырысына қатысуға шақыр­ған еді.

Ал өз кезегінде В.Путин Астана саммитін шын мәнінде мазмұны жағынан халықаралық сипатқа ие болғанын айтып, жоғары бағасын берген.

«Елдеріміздің бірқатар халық­аралық ұйымға төр­ағалық етіп отырғанын атап өткім келеді. Қазақстан ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға, ал Ресей БРИКС пен ТМД-ға төраға болып отыр. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, көмектесеміз. Қазақстанға мем­ле­кеттік сапармен келуге шақыр­ғаныңыз үшін алғыс айтамын. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы артып, шамамен 30 млрд долларға жетті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді, – деді Ресей Президенті.

Осы кездесуде Президент­тер екіжақты және көпжақты форматтағы тұрақты саяси диа­логті сақтауға өзара ниет­ті екенін растап, қол алысты. Қазақ­стан тарапы тағы бір маңыз­ды кездесуге мұрындық болып, Қазақстан-Ресей қарым-қаты­насы тарихының жаңа беттерін жазуға жігер танытып отыр.

– Бүгінде Ресей Федерация­сының 76 субъектісі Қазақстан­дағы тиісті аумақтармен тіке­лей қарым-қатынаста. Бұны отандық компания­лар мен өнімдердің Ресей нарығындағы рөлін күшейтуге бағыттау керек. Қалыптасқан жағдай керісінше Қазақстан-Ресей әл-ауқатындағы дисбалансты реттеуге таптырмас мүмкіндік, ол үшін жоғары деңгейдегі диалог сериясын үзбеу қажет, – дейді Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы, саясаттанушы Риззат Тасым.

Оның айтуынша, Ресеймен диалогті қамтитын теңге­рім­ді сыртқы саясат Қазақстан­ға өзінің дербестігін сақтап, халық­аралық аренадағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.