• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Үкімет 19 Қараша, 2024

Егінді сақтау мен өткізу жайы талқыланды

65 рет
көрсетілді

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен биылғы егінді сақтау және өткізу мәселелері туралы кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин және жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Серік Егізбаев өткен аптада ауыл шаруа­шылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жаһандық және ішкі сын-қатерлер тұрғысынан саланы дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша ауқымды мін­деттер қойғанын еске салды. Сондай-ақ депутат агроөнеркәсіп кеше­нінің мәселелері фермерлермен тұрақты түрде комитет отырысында талқыланып, 13 қарашада өткен жалпы отырыста Үкіметке тиісті депутаттық сауал жолданғанын айтты. Онда шұғыл шешімді қажет ететін бірқатар мәселе қамтылған.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Айдарбек Сапаров өз сөзін тақырып аясындағы сауал­­дарға жауап беруден баста­ды. Ол өткен жұмадағы ауыл шаруа­шылығы қызметкерлері фору­­мында Мемлекет басшысы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін фермер­лерден астық сатып алуды ұйым­дастыруды тапсырғанын айтты.

– Осы тапсырманы орындау мақсатымен бүгін Азық-түлік корпорациясы сатып алу бағасын жариялайды. Үкімет резервінен 10 млрд теңге бөлініп, алғашқы 155 мың тонна астықты сатып алу жос­парланып отыр. Сонымен қатар корпорация астық бағасының күрт төмендеуіне жол бермеу үшін фер­мерлерді ірі келісімшарттар жа­сау­ға жұмылдырып жатыр. Қазір­­гі таңда консолидация нәти­жес­ін­де 20 млн долларға бес экс­порт­­тық келісімшарт жасалды, – деді министр.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына берілген несие­нің мерзімін ұзарту мәселесіне қатысты министр бүгінгі таңда шаруалардан 5,1 млрд теңгеден аса несиеге 119 өтініш келіп түскенін айтты. Бұл ретте әр жағдай жеке-жеке қаралады, жаппай ұзарту қарастырылмаған.

Сонымен қатар А.Сапаров субсидиялар бойынша қарыздарды өтеу белгіленген кестеге сәйкес жүр­гізілетінін атап өтті. Әкімдік­тердің дерегіне сүйенсек, қосымша субсидия қажеттілігі 256 млрд теңгені құрайды. Алайда «күту тізімінде» жалпы сомасы 194 млрд теңге болатын мақұлданған өтінім тұр. Оның ішінде 56 млрд теңгесі – өсімдік шаруашылығына, 20 млрд теңгесі – мал шаруашылығына, 118 млрд теңгесі қаржы құралдарына бағытталған.

– Субсидия – өте маңызды әрі ауқым­ды мәселе. Субсидия­лар заманауи технологияларды, тыңайтқыштарды, гербицид­терді қолданатын, техника сатып алатын алдыңғы қатарлы шаруашы­лықтарға берілуі керек. Бірақ жылдар бойы мұндай шаруашы­лықтар субсидия ала алмаса, тауы шағылады. Сондықтан осы мәселені шешіп, субсидия бойынша қарызды толық өтеу маңызды деп есептеймін, – деді Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов.

Депутаттар өз тарапынан бас­қа да ұсыныстар айтып, жауап­ты мемлекеттік органдарға нақты сұрақтар қойды. Атап айтқанда, астықты сақтауды цифрландыру, тасымалдау шығындарын субсидия­лау, аймақтық логистикалық хабтар құру, қант қызылшасын өткізу, күнбағысты экспорттау және басқа да мәселелер көтерілді.

Жиын соңында Серік Егізбаев кеңейтілген отырыста фермерлерден келіп түскен мәселелер бойынша ұсынымдар Үкіметке жеткізілетінін атап өтті.

– Үкімет отырысының қоры­тындысын күтеміз. Бүгінгі талқы­лаудың негізгі тақырыбы астық болғанымен, депутаттар көтерген барлық мәселе – қант қызылшасы, күнбағыс, күрішке қатысты сұрақтар Үкіметтің шешімінде ескерілсе екен дейміз, – деп түйіндеді комитет төрағасы.